Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢ СӘНДІ КИІМ – ҰЛТТЫҚ КИІМ

ЕҢ СӘНДІ КИІМ – ҰЛТТЫҚ КИІМ

Ұлттық киімдер жайлы айтыла қалса, «ау, ағайын, үстімізге шапан, басымызға сәукеле киейік» деп мысқылдайтындар көп.
Бірақ біле білсек, көнеден бүгінге жеткен сол киімдеріміз өзінің әсем әрі ыңғайлы пішінімен әлі де сұранысқа ие. Себебі қазақтың ұлттық киімдерінде өзге халықтарға ұқсамайтын ерекшелігі көп. Бір ғана ою-өрнектің өзінен қазақтың арғы-бергі тарихынан сыр шертер қаншама көріністі байқауға болады.
Біздің айтпағымыз, ұлттық нақышта тігілген заманауи әрі күнделікті өмірге ыңғайлы киімдер жайында. Ал мұндай киімдер бар ма? Өкінішке қарай, жоқтың қасы. Әрине, осы саланың басы-қасында жүргендер ұлттық нақышта безендірілген киімдердің көптеп тігіліп жатқанын алға тартуы мүмкін. Сөз жоқ, тігіліп-ақ жатыр. Бірақ олар әлемдік деңгейдегі көрмелерге немесе түрлі сән байқауларына арналған киімдер ғана дер едік. Ал қарапайым халыққа күнделікті киіп жүретін қарапайым киім қажет. Қазір базарға барсаңыз да, сау­да орталықтарындағы қымбат бутиктерді араласаңыз да, қазақы өрнекті қарапайым киім табуыңыз неғайбыл. Демек, мұндай киімдерге сұраныс жоқ деген сөз. Сұраныс болмаған жерде, әрине, сауда да жоқ.
Қазір әлемде сән үлгілерінің қарқынды дамып жатқанын байқауға болады. Бірақ, соған қарамастан төл киімдерін үстерінен тастамай жүрген ұлттар көп. Мәселен, қырғыз ағайындар қалада жүрсе де, далада жүрсе де айыр қалпақтарын бас­тарынан тастамайды. Іргеміздегі өзбек көршіміз қайда жүрсе де ала шапандарын жамылып жүреді. Бастарында ала топысы. Жапондар болса, кимоноларын бүкіл әлемге жарнамалап болды. Қайбір жылы Түркіменстанның ғылым академиясы ғалым әйелдерді үстіне ұлттық нақыштағы көйлек, бастарына орамал тартып жүруге міндеттеді. Ал Моңғолия мектеп мұғалімдеріне ұлттық нақыштағы киім киюді міндеттеп, үзілісте соғылатын қоңыраудың өзін моңғол ұлтының рухын көтеретін музыкамен алмастырған. Ал біз ше? Осы уақытқа дейін ою-өрнегі бар киімдерді сол сахнаның маңайындағы әртістерден, теледидардағы «жұлдыздардың» үстінен ғана көруге көзіміз үйреніп кетті. Десе де соңғы жылдары киімінің бір бұрышына ою жабыстырып, не костюмінің арқасына қазақша көйлек киген қыздың суретін салдырып алу сәнге айналып келеді. Тіпті көздің жауын алар ұлттық нақыштағы қол сөмкелер де сәнқойлардың иығынан түспейтін болған. Бірақ әлде де ұлттық киімге деген құрметімізді одан әрі арттыра түсуіміз қажет.
Қазір тойларда қазақтың бәрі бір-біріне шапан жабады. Осы шапандарды тым құрығанда неге жылына бір рет кимес­ке?! Күнделікті өмірде басымызға заманауи үлгіде тігілген бөрік киіп, иығымызға оқалы шапан іліп жүрсек, бізге біреу қой дей ме?! Әрине, ешкім қой демес, бірақ соған ұлттық намысымыз жетіңкіремейтін сияқты. Әйтпесе, сыртқы болмысымызды айқындап, өзгелерге рухымызды паш етіп тұратын ең үлкен құндылықтарымыздың бірі осы ұлттық киімдеріміз емес пе?! Сондықтан ұлттық киімдерімізді дәріптейміз десек, мұны әркім өзінен бастағаны жөн. Себебі қазақтың ұлттық киімі тек қазаққа ғана жарасады.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
01 тамыз 2022 ж. 1 460 0