Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бешбармақ» деу дұрыс па?

«Бешбармақ» деу дұрыс па?

Бешбармақ дейсіз бе, әлде бесбармақ па? Қызық болғанда бұл терминді шетелдіктер, одан қалды тарихи санасы бұлыңғырланған өз ағайындарымыз ұлттық құндылық ретінде қабылдайды.
Байырғы салт-дәстүрден хабары бар көзкөргендер білуі керек, «Бешбармақ» сөзі анығында, өткен ғасырларда отарлау­шылар тарапынан жұртымызды кемсіту мақсатында енгізілген жағымсыз атау. Ғылыми еңбектерде бұл термин «XІX ғасырдың соңғы ширегінде қазақтан шыққан тілмаштар, дәлірек айтқанда түземдік элита тарапынан бес саусағымен ет жейтін қазақтың тұрмыстық мәдениетін мансұқтау мақсатында енгізілген ұғым» депті.
Қарапайым логикаға салып ойланып көрсеңіз, қазақ «бармақ» деп аяқтың саусақтарын айтады. Сонда қазақ етті аяғымен жеген бе?! Қолмен ет жеуді меңзесе неге «бессаусақ» демеген? Бұл жерде сөз жоқ кемсіту жатқандай. Осы тұста әлемдік отарлау тарихын ұзақ жыл зерттеген америкалық ғалым Ева Томсонның «Сая­си жүйе өзгерсе де, отаршылдық зардабы бодан халықтың мәдени-тұрмыстық гибридизмінен байқалып тұрады, әсіресе бұл сөздік атауларда көп кездеседі» дегені ойға еріксіз оралады.
Осы күні басқасын айтпағанда, жолай кездескен ағайын-дос немесе таныстар «Үйге жүріңіз, бешбармақ асып берейін» деп қиылады. Бұл – сөзсіз қате. Айтыс­кер ақын Балғынбек Имашев айтқандай «Атаңның басы бешбармақ, Ет асу дейді қазақта». Халқымыз ұлттық асын ешқашан «бешбармақ» деп атамаған. Бұл сөзді қазақтың ежелгі жыр-дастан, ауыз әдебиеті, фольклорын жүз рет ақтарсаңыз да таппайсыз.
Қоғам белсендісі Мекеш Тәліптің, ет асудың қазақ тұрмысындағы маңызы жайлы талдамасын көзіміз шалып қалды. «Яғни келген жолаушы асығыс болса, оған жеңіл-желпі ет асқан. Оны «түстік» дейді. Қонақ асығыс болмаса, арнайы кәделі жілік қосып, ет асқан. Мұны «сыбаға» дейді. Ал қона-түнеу үшін келген қонаққа әдейі қой сойып, бас тартатын салт та бар. Оны «қонақасы» деп атаған» депті.
Алайда осындай игі салтымыз, етті қадірлеген дәстүріміз бола тұра, ұлттық тағамымызды «бешбармақ» деу әбестік болар. Қасиетті, кәделі, сыбағалы асты мейлінше дұрыс атап үйрену керек.Халқымыздың қадірлі асы, жолаушының кәделі қонақасы, сыйлы адамның сындарлы сыбағасы етімізді «бешбармақ» деу қай жағынан алып қарасақ та жараспас.

P.S.: Еліміздің түкпір-түкпірінде түрік, өзбек, донған, ұйғыр, қытай асханалары бар. Ал қазақ асханасы деген жоқ. Неге? Жауабы жоқ сұрақ. Осыған қатысты «Әзіл әлеміндегі» Тұрсынбек Қабатов қалжыңдап, тұспалдап болса да, ойлантарлық дүниені айтады. Мейлі, ұлттық тағамымызды әспеттейтін асханалар желісі болмаса да, қадірлі асымызды қатесіз айтып үйренсек етті.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
30 шілде 2022 ж. 666 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930