Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық терминнің түп атасы

Ұлттық терминнің түп атасы

Ана тілдің абыройын өсіру мен оның қолданыс аясын кеңейту – уақыт күттірмейтін маңызды мәселелердің біріне айналды. Жаһандану кезеңіне байланысты көптеген жаңа ұғым мен терминдер күнделікті тұрмыстық қолданысымызға еркін енуде.
Жасыратыны жоқ, қазақ тіліндегі терминдік жүйенің маңыздылығына тоқталғанда, дәл осы терминологияның айналасында туындаған мәселелерді айналып өте алмаймыз. Әсілінде, терминдер табиғатын ұғыну һәм оның қалыптасу кезеңіне үңілу – сол тілде сөйлеуші ұлттың таным-түсінігіне тікелей байланысты. Егер де алдымен осы алғышарттар орындалар болса, онда күн тәртібіндегі мәселелердің шешілуіне анағұрлым салмақ салмаған болар едік.
Жалпы адамзат баласының рухани толысуы, көкжиегінің кеңеюі, ең алдымен, оның ұлттық мәдениетінің көрінісі. Ал ұлттық мәдениет – ұлттық ерекшеліктердің қайнар көзі. Демек, осы ғылым тілін ұлттық ерекшеліктерімізге сай тұғырына қондыру баршамыздың абыройлы міндетіміз болмақ. Ұғынықты тілде айтқанда, «қазақыландыру» бағдарының басты ұстанымы осы болуы тиіс. Біздегі ғылым тілінің 60-70 процентін алып жатқан халықаралық нормадағы, интернационалдық қатынастағы терминдердің қазақша қалыпқа сай икемделуі мен балама мысалдарды ойлап табуға деген қадамдардың барлығын «өркениеттен алшақтау» деп түсінетін өресі төмен адамдардың шоғыры қалыптасқанын жасыра алмаймыз. Алайда олай тон пішетін заман баяғыда-ақ келмеске кеткен. Қазіргі таңда қоғам мен тіл арасындағы қатынас әлдеқашан жаңа сатыға көтерілді. Танымдық түсініктер мен негіздердің сабақтасуы – ғаламдық дамудың құбылысына айналуда. Ол құбылысқа: тілдік құралдардың атауларын ұлттық ұғымға сай атау, терминдердің тілдік төл баламаларын енгізу, ғылым тіліне қазақы реңк беру сынды үрдістерді жатқыза аламыз.
Терминдердің ұлттық таным-түсініктен алшақтамауы, ұғынықты формада берілуі мен тілдің негізгі қалпын бұзбай дамуы – оның шартты белгілерден айырмашылығын көрсетеді. Ұлт ұстазының шығармашылығындағы термин жасау ұстанымының негізгі арқауы да осыған саяды. Негізінде ұлттық термин қалыптастыруда: ұлттық, қоғамдық, әлеуметтік мүдде тұрғысынан қойылатын талаптарға сай болу сынды қағидаттар әркез бірінші орында тұрады. Жалпы термин сөздің өзі әр халықтың тіліндегі ғылыми ұғымдардың атауын береді емес пе? Енді сол салалық ғылымдарда қолданылатын терминдерді ұлттық тілімізге сай икемдесек, оның несі сөкет?
Міне осы сұрақтың жауабын Ахмет Байтұрсынұлы: «Шетелден қосылған кірме сөздерге қазақтың түлкі тымағын кигізіп, үстіне ұлтымыздың шекпенін жауып, аяғына қазақ халқының саптама етігін кигізіп, үйлесім деген тілдің ұлы заңына сәйкес қабылдау керек» деп беріп кеткен. Бір таңданарлығы, біздің бабаларымыз шетелдің қазақ тілінде баламасы жоқ сөздерінің классикалық тамаша үлгісін жасай білген. Айталық, орыстың «самовар» деген сөзін «самаурын» деп, «ведро – бедіре» деп тілге енгізген. Міне, сөзжасамның керемет көрінісі осы емес пе?
Қазақ тілінің абыройын арттыру үшін қоғамның барлық саласында тек қазақ сөздерін, сөз тіркестерін, терминдерін қолдану һәм пайдалану керек. Ал сырттан кіретін кірме сөздерге қазақы балама болуы керек деп санаймыз. Екіншіден, кірме сөздерді Ахаң айтқандай қабылдасақ ұлттық тілімізді байыту құралы ретінде пайдалануымызға зор мүмкіндік туады. Үшіншіден, бұл үрдіс қазақ тілінде жаңа сөз қалыптастыруға ынталандырмақ. Кірме сөзді тиімді қолдану тіліміздегі термин мәселесін шешуге оңтайлы жағдай туғызады. Сонда ғана ғылыми қатынас құралы ретінде жаңа көзқарас пен ойды жеткізетін терминдер халықтың ақыл-ойы мен адамдық рухын көтеріп қана қоймай, білім-ғылым көкжиегінде кеңейте түседі. Сонымен қатар, термин жасаушы маманның өзіне ғана таныс жасанды таңбалардан ғана термин жасамай, халықтың мәдени һәм тарихи кодын, оның салт-санасын ескергені құба-құп.
Ахаңдар өмір сүрген кезеңде терминдерді ұлттық тіл мүддесі мен таным-түсінігімізге, ана тілінің табиғатына сай жасау сынды ұмтылыстар анық байқалды. Біраз уақыт сол үрдістің үзіліп қалғаны аңғарылғандай болып еді, алайда қазіргі таңда қоғамдық сананың деңгейі өсіп, тіл мәртебесіне сәйкес ол қайта жаңғыру үстінде. Қазақтың ұлттық сөз қоры уақыт деген керуеннің тоқтаусыз алға жылжуына байланысты жаңарып-жасарып, үздіксіз дамып отырады.
Тарихқа аз-кем шегініс жасап көрелік. Сонау 1924 жылдың маусым айында Орынбор қаласында өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» терминологияны қалыптастырудың қағидаттарын белгілеу жайы көтеріледі. Сол жиында ұлтының ұжданын ұсақтатпауды құмбыл көрген зиялылардың барлығы да осы мәселе төңірегінде ой тастайды. Ахаңның үзеңгілестерінің қатарында «терминология» ғана емес, жалпы қазақ тіл білімінің көптеген мәселелерін арнайы зерттеп-зерделеген, артында мол мұра қалдырып кеткен азаматтар аз болмаған. Солардың ішінде тіл білімінің аса көрнекті маманы Елдес Омарұлы да бар. Елекеңнің терминология қағидаттары жайлы жасаған баяндамасы әлі күнге дейін өзекті болып отыр.
Айта кететін жайт, бұл терминология мәселелерін ресми түрде талқылауға ұсынған алғашқы баяндама болатын. Оған дейін де әртүрлі баспа беттерінде терминология мәселелері қозғалғанымен, дәл осы білімпаздар құрылтайындай жоғары дережеде өткен жиындар болмаған еді. Жоғары білімді мамандар мен ғылымның түрлі салаларын меңгерген ғалымдар шоғыры енді қалыптасып келе жатқан уақытта ғылыми әдебиеттер саны ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде болмады. Болған күннің өзінде жаппай таралмады әрі халықтың сауаты да қалыптаса қоймаған шақ болатын. Қалың бұқара қоғам өмірінде болып жатқан жаңалықтардан бейхабар еді. Білім-ғылым саласындағы тың ақпараттар негізінен газет-журналдар арқылы келіп отыратын. Көптеген жаңа терминдердің баспасөз беттерінде жиі қолданылуына да дәл осындай факторлар әсер етті. Терминдерді алғашқы сәттен бастап дұрыс қалыптастыру мен жұртшылықты жаңылыстырмау үшін термин қолданысына ерекше мән беру аса қажет болды.
Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған тілтанымдық мұра – қазақ тіл білімінің негізгі арқауы. «Тілтаным», «әдебиеттаным», «әдістеме», «этнография», «философия», «психология» және «педагогика» сынды әлеуметтік салаларға енгізілген ғылыми терминдер – қазіргі тіл танымының түпқазығына айналды. Ұлт ұстазының еңбектері кеңінен дәріптеліп, әрбіріміздің жадымызда жатталып, санамызда сақталуы тиіс деп санаймыз. Алаштың Ахметінің есімін ұлықтау ұлағатты ұрпақтың өміршең өнегесі, қасиетті парызы екенін естен шығармайық.

Әзірлеген
Сұлушаш МАДИЯРОВА

18 шілде 2022 ж. 489 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031