18 мыңға жуық бүлдіршін мектепке барады
Көзді ашып-жұмғанша үш айлық жазғы демалыстың аяқталуына аз қалды. Оқушылардың алтын ұя мектебімен қауышар күні де алыс емес. Әрбір жеткіншектің бұл күнді тағатсыздана күтіп, екінші ата-анасындай аяулы ұстазына, білім нәрімен сусындатқан білім ошағына, құлынтайдай тебісіп бірге өсіп келе жатқан сыныптастарына асығары анық.
Бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер үшін бұл күннің тіпті де орны бөлек. Ата-анасының жылы құшағынан алыстай қоймаған жеткіншектер алдынан өмірдің қандай белесі есік ашып тұрғанын аңғармастан көздері жәудіреген күйі мектеп партасына алғаш отырады. Биыл облыс бойынша жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 18 мыңға жуық бала қабылданады деп күтілуде. Ал аудан бойынша жобамен 1815 бала мектеп табалдырығын аттайды. Оның 69-ы орыс тіліндегі мектепке барады.
Бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер үшін бұл күннің тіпті де орны бөлек. Ата-анасының жылы құшағынан алыстай қоймаған жеткіншектер алдынан өмірдің қандай белесі есік ашып тұрғанын аңғармастан көздері жәудіреген күйі мектеп партасына алғаш отырады. Биыл облыс бойынша жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 18 мыңға жуық бала қабылданады деп күтілуде. Ал аудан бойынша жобамен 1815 бала мектеп табалдырығын аттайды. Оның 69-ы орыс тіліндегі мектепке барады.
Осы жеткіншектердің лайықты білім-тәрбие алуына жағдай жасайтын мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы қай-қайсымызды да толғандырары хақ. Өйткені, оқушының кең де жарық, бүгінгі заман талабына сай жабдықталған мектепте білім алуы аса маңызды. Бұл баланың оқуға ерекше ынта-жігермен кірісіп, нәтижелі білім алуына игі ықпал етеді.Соған сәйкес аймақта 4350 орынға арналған 9 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл білім ошақтары жаңа оқу жылына қарай пайдалануға берілмек ниетте. Ауданға ойыссақ, барлық білім мекемелерінде ағымдағы жөндеу, яғни әктеу, сырлау жұмыстары жалғасуда. Ал Бидайкөл ауылдық округіндегі №148 орта мектеп пен Иіркөл ауылдық округіндегі №149 орта мектептердің жылу қазандықтары газға ауыстырылуда. Жалпы аудан бойынша 7 мектеп газбен жылытылады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру ісін жаңа сапалық деңгейге көтеру міндеті бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бүгінде өңірдегі 439 жекеменшік балабақшада 29 868 бала тәрбиеленуде. Аталған ұйымдардың 52 проценті ауылдық жерде орналасса, 48 проценті қалалық және аудан орталықтарында жұмыс істеуде. Жоғарыда аталған сандық мәліметтерден-ақ облыстағы 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамтуда жекеменшік балабақшалардың үлесінің айтарлықтай екендігін көруге болады. Биыл бір балаға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі қалалық жерде 9 сағаттық топтар үшін – 47,4 мың теңге төленеді. Сонымен қатар жаңа оқу жылында облыстағы 311 мектепте 180 мыңнан астам оқушы білім алады деп жоспарлануда. Оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 4 087-ге артатынын айтты облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердаулетов.
Жаңалық пен жаңашылдыққа толы биылғы оқу жылы оқушылар үшін сәтті басталып, білім теңізіне жетелей береріне кәміл сенеміз.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ