Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ӨНЕР САРАЙЫ» МЕН «НЕКЕ САРАЙЫ» БОЙ КӨТЕРЕДІ

«ӨНЕР САРАЙЫ» МЕН «НЕКЕ САРАЙЫ» БОЙ КӨТЕРЕДІ

Қызылорда облысында жыл сайын экономикалық және демографиялық өсім қарқынды дамып, еңбекке белсенді халық саны артып келеді. Бұл өз кезегінде мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыратын орындарға деген қажеттілікті ­туындатып отыр.Сондықтан аймақ басшысының тапсырмасы негізінде аймақта «Өнер сарайы» мен «Неке сарайы» бой көтермек. Қазіргі таңда «Өнер сарайына» арнайы Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан 2 гектар жер бөлінген. Бұл аумаққа алдағы уақытта 1000 орындық көпфункционалды кешен соғылатын болады. Яғни мұнда мәдениет саласының симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар да өткізіледі.
Ал екінші бір нысан жас жұбайлар үшін ең маңызды және тарихи салтанатты рәсім ұйымдастыратын кабинетімен жабдықталған «Неке сарайы» ғимараты болмақ. Аталмыш әлеуметтік нысанның бой көтеруі аймақтың құрылыс-индустриялық сәулетін арттырумен қатар отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыруға үлес қосуға талаптанған жастардың өміріндегі ең маңызды сәттерін әсерлі етуге зор мүмкіндік сыйлайды. Айта кетейік, ­заманауи үлгіде салынатын ғимараттың жалпы ауданы 2100 шаршы метрді құрайды. Бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.
Әлеуметтік нысан пайдалануға берілген соң мұнда облыс тұрғындарына АХАТ қызметімен қатар отбасы құндылықтарын дәріптейтін әлеуметтік-мәдени іс-шаралар да жүргізіледі деп күтілуде.Айта кету керек, қазіргі уақытта қос нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы демеушілер есебінен әзірленуде.

Рамазан ӘНӘПИЯ
26 шілде 2022 ж. 392 0