Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғат – біздің үйіміз

Табиғат – біздің үйіміз

Климаттық өзгерістердің әсері – болашақтың ісі емес, бұл біздің бүгініміз деп дабыл қағып жүрген сарапшылардың сөзінде жан бар.Түсінікті бола түсу үшін айтайықшы, күн райының өзгеруі, апатты орман өрттері, қуаңшылық, атмосфераға қауіпті қоқыстар сынды жаһандық ­проблемаларды шешу саналы қоғамның ауызбіршілігін күтеді.
Біле білсеңіз, Швецияның қоқысы ­тау­сылып, қайта өңделетін пластмассадан басқа тұрмыстық, өзге де қалдықтарды шетелдерден импорттауға дайын екені туралы хабар әлемді дүр сілкіндірді. Швецияда қағаз, шыны, картон, металл және басқа тұрмыстық қалдықтарға арналған бөлек-бөлек 6-7 қоқыс жәшіктерінен басқа, қайта өңделмейтін қалдықтарға арналған қоқыс жәшіктері бар. Стокгольмде кішкентай балалар кәмпиттерді де көше түгіл, арнаулы жәшігі болмаса, басқа жерге де тастамайды. Мұндай дағдылар балабақша мен мектепте үйретіледі. Швецияда қоқысты дұрыс емес контейнерге тастағаны үшін айыппұл салынады. Аталған ел сонау 1961 жылдан бері қалдықтарды жерасты газ құбырлары арқылы тасымалдайды. Барлық қалдықтың тек 7 проценті ғана полигонға жөнелтіледі, ал қалғаны не өртеледі, не қайта өңделеді. Стокгольм қаласы энергияның 45 процентін қоқыс-қалдықтардан шығарып алады. Қоқыс-қалдықтардың қазіргі тапшылығы шведтер үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Себебі олар жылудың және электр энергиясының көп бөлігін қалдықтардан алады. Иә, бір ғана шетелдің қоршаған ортаны қорғаудағы айла тәсілдері бұл.
Енді өз елімізге ойысақ. Жер-Анаға өндіріс ошақтарын айтпағанда, өзіміз қаншалықты зиян келтіріп жатқанымызды білсек қой. Базаршылап жүріп, азық-түлік толтырған полиэтилен пакеттер ертеңгі күні желмен ұшып, жасыл желектің бас жағынан желбірейді. Пластик бөтелкелер өзен-көлдердің жағалауында жайрап жатады. Оның зияны айтпасақ та ұғынықты.
Пластиктен құтылу – әлемді алаңдатқан мәселе. Ал бұл тығырықтан шығудың жолы – эко-дорба. Шүберектен тігілген дорбаға азық-түлікті, басқа қажетті заттарыңды салсаң да болады. Кезінде апа-әпкелеріміз сол шүберек дорбаны арқалап-ақ керек-жарағын жеткізіп алатын еді. Сол уақытта шашылып жатқан целлофан көрмейтінбіз, рас. Қазір ғой дүкеннен алған жұдырықтай затты да полиэтилен пакетке тықпыштап, қолға ұстатады. Пайдасынан гөрі, зияны бар полиэтилен пакеттің орнына қол дорба қолдануды әдетке айналдырсақ, экологияға төнетін қауіп сәлде болсын сейілер еді. Табиғатқа пайдамыз тимесе де, зиянымызды тигізбеудің жолын іздесек жақсы.
Eco-friendly – жаңа термин. Ағылшын тілінен аударғанда «қоршаған ортаға мейірімді», «экологиялық таза», «қоршаған ортаға таза» деген мағынаны білдіреді. Шыныменде, қоршаған ортаның ластануы күн тәртібінен түспей тұрған мәселе. «Табиғатымызды қалай қорғаймыз, балалар мен жасөспірімдер не істей алады?» деген сауалдар кімді де болса ойландыратыны анық. Қуантарлығы, еліміздің экология­­сын қорғау мақсатында экофрендли өмір салтын ұстанатын экоадамдар бар.
Экоадам – ең алдымен табиғатты сүйетін, оған жанашыр болатын жан. Ал ол үшін табиғат аясында көп уақыт өткізіп, серуендеу керек. Табиғаттың адамға жақындығын көріп, құстар мен жан-жануарлардың, өсімдіктердің өмірін қызықтап, ол туралы көбірек білген жанның бойында табиғатқа деген құрмет, қамқорлық сезімі оянады.
Баламен қоршаған орта жайлы әңгімелесудің де маңызы зор. Балаңызға заттарды қалай қайта қолдануға болатынын, қалдықтарды қалай сұрыптау керек екенін көрсетіңіз. Ең бастысы мұны жасаудың маңызы қандай екенін түсіндіруге тырысыңыз. Жастайынан осы нәрселерді көріп, істеп өскен бала болашақта «эко адам» болып өсері сөзсіз.
Еліміздегі эко өмір кішкентай қадамдармен болса да алға жылжуда. Әрине, бәрі бірдей жақсы болып кетті деп айтуға келмес, бірақ бірнеше жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, ілгерілеу байқалады. Бұл экология бағытындағы мемлекет қолға алып жатқан бастамаларға ғана емес, адамдардың экологиялық тәрбиесіне де қатысты. Экологиялық тәрбие келешектегі экологиялық проблемалардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Себебі экологияға ең көп зиян келтіретін – адам. Ал балалар – біздің болашағымыз. Яғни келешекте сіз бен біз табыстаған планетада өмір сүретін, сол игіліктерді тұтынатын да – балалар. Ал оларды қазірден табиғатқа қамқор болуға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үйретсек, олардың экологиялық мәдениеті де жоғары болады. Демек, адам іс-әрекетінен пайда болатын экологиялық проблемалар да азаяды. Өйткені саналы тұтынуды қолдайтын, сауатты ұрпақ қалыптасады. Уақыт ұттырмай, бұл мәселеге белсене араласатын кез келді. Жер-Анаға жанашырлық танытып, құрметпен қарамасақ болмас.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
25 шілде 2022 ж. 766 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031