Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәһр: Қанағатты ұмытып құрметсіз қалмайық

Мәһр: Қанағатты ұмытып құрметсіз қалмайық

Қасиетті дінімізде күйеу жігіттің жарына ақшалай немесе дүние ретінде беретін сыйлығын «мәһр» деп атайды. Шариғат бойынша онсыз неке қиылмайды. Жалпы мәһрдің көлемі қалыңдықтың қалауы бойынша шешіледі. Бүгінгінің қалыңдықтары мәһрге не сұрап жүр? Күйеу жігіттер таңдап алған жарына дін қызметкерлері мен куәгерлер алдында берген уәдесін орындай алып жүр ме? Аспандағы айды сұраудан тайынбайтын арулардың сұрағанын алып беруге мүмкіндігі жоқтар не істемекші?
Жаз – нағыз тойдың маусымы. Бесік той, тұсаукесер, мерейтой, сүндет той, ұзату, үйлену тойы. Әсіресе соңғысының бәсі басым. Некелесіп, шаңырақ көтергісі келетін жастардың көпшілігі үйленуге қолайлы мезгіл ретінде жаздың келуін асыға күтетіні әмбеге аян. Өйткені жұрттың жұмыстан қолы босайды, нарық бағасы арзандайды, ашық аспан астында жөн-жоралғы жасағанға ауа райы да ыңғайлы.
Той салтанатының алдында жас жұбайлар мешітке барып, шариғат жолымен некелерін қидырады. Жуырда сондай қос рәсімнің куәсі болдым. Куәгерлердің алдында жас жұбайлардың өз қалауларымен қосылғандарына көз жеткізген дін қызметкері қалыңдықтан мәһрге не қалайтынын, яғни күйеуінен қандай сыйлық күтетінін сұрайды. Бірі көпшіліктің алдында қосағынан сый ретінде алтын жүзік алғысы келетінін жеткізді. Имам жүзіктің бағасы қай шамада болуы керектігін нақтылауын өтінді. «50 мың теңге» деп жауап берді қалыңдық. Келесісі жолдасынан фотоаппарат алып беруін айтты. Уәде етілді. Сонымен неке қиылды, жас жұбайларға неке куәлігі тапсырылды.
Мәһр көлеміне шек қойылмаған, яғни қалыңдық күйеу жігіттен не сұраса да ерікті. Алайда шариғатта мәһрдің ең аз мөлшері белгіленген. Күйеуінің некелесіп отырған жарына беретін сыйлығының көлемі ең аз дегенде он күміс дирхам болуы керек. Бір дирхамның салмағы шамамен 3-3,5 грамм болса, мәһр ретінде берілетін күмістің мөлшері ең азы 30-35 грамм болуы қажет екен. Бірақ сыйлықтың күмістей берілуі шарт емес. Сол мөлшерге шамалас ақшалай не заттай сыйлық берілсе болғаны. Деректерде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жары Хадишаға үйленерде мәһр ретінде жиырма түйе бергені айтылған.
Мәһр неке қию барысында берілетін болса, мұны шариғатта «мәһр муғажжаль», яғни дер кезінде берілген мәһр деп атайды. Ал екеуара келісіп, мәһр беруді кейінге қалдырса, мұны «мәһр му-әжжаль», яғни уақыты созылған мәһр дейді. Ерлі-зайыптылар мәһрдің берілетін уақытын нақты белгілесе, сол келісілген күні берілуі тиіс. Кейде ерлі-зайыптылар мәһрдің нақты уақытын белгілемей, әйелі ерімен «әйтеуір бір берерсің» деп келісетін кездер де болады. Дінде оған да рұқсат берілген. Бірақ бұның уақыты, ерлі-зайыптылардың ажырасуымен немесе біреуінің дүниеден озуымен шектеулі. Яғни, ажырасқан күні, мәһрді беру еріне міндет, ал күйеуі бақилық болған жағдайда, мәһр ерінің артында қалған дүниесінен алынады. Келісілген мәһрдің мөлшерін азайту яки мәһрден түбегейлі бас тарту келіншектің өз ықтиярында. Алайда имамдардың айтуынша, соңғы кезде қыз-келіншектер неке сыйынан бас тарту былай тұрсын, мәһр көлемінен жарыс ұйымдастырғанға ұқсайды. Бірі көлік, бірі үй, бірі құндыз тон сұрайды екен. Шариғатта мәһрдің шегі жоқ делінсе де, сұрағанның жөні осы екен деп, күйеуіне шамадан тыс күш салу – өнегелі отбасынан шыққан тәрбиелі қызға жат қылық. Шариғат заңы осы екен деп айды аспаннан бір-ақ шығаратын қаракөздердің көбейгені шынында да қынжылтарлық жайт. Дүние жиюдың емес, шаңыраққа жылу кіргізудің жайын ойласа, сүйіп қосылған жұбайы жарының бар тілегін орындауға асығады емес пе?
«Нұр-Астана» мешітінің наиб имамы, дінтану ғылымдарының магистрі Берікбол Мергенбайұлы пікірінше, некеде мәһр сыйлығы міндетті болып саналады. Кейінгі уақытта мәһр мәселесі күрделеніп кетті. Ер азамат әйелге үйленгеннен кейін сол некені сақтап қалуын, тұрақтылығын ойланады. Некенің құндылығын түсінеді. Мәһрді беру ер азаматтың мүмкіншілігіне байланысты. Ингуштарда мәһр сыйлығы ретінде бір қошқар немесе оның құнын әкеліп, сүт ақысын қоса береді. Оларда аса қатты талап жоқ. Ал бүгінде біздің қоғамымызда зергерлік бұйымдарды айтып жатады. Біреу сырға, біреу алқа немесе жүзік сұрап жатады. Сонымен қатар қыздың құнын да түсіруге болмайды. Ол да бір отбасынан шыққан, ата-анасының аялап өсірген перзенті. Оны бағалылығын күйеуі және оның туыстары да жақсы түсіну керек. Мәһрды алып беруге нақты уақыт берілмейді.
Жуырда инстаграмнан актер Абай Асылханұлының шаңырақ көтергеніне бір жыл толуына орай жазылған постын көзім шалып қалды. «Шынымды айтайын, неке қиғанда аздап уайымдағаным бар, болашақ жарым мәһрге не сұрайды екен» деп. Сөйтіп имам не сұрайсыз деп сұрақ қойғанда, ­аманатым кідірместен: «Иманымды күшейтетін кітаптар сұраймын. Мен үшін ең қымбат сый сол» деген кезде көзімнен жас шықты. Менің болашақ жарымның қу дүниеге деген қызығушылық емес, одан да биік, қымбат құндылықтың қызыққанына риза болдым» деп жазған.
Иә, расында ойлантарлық дүние екен. Қанағатты ұмытып құрметсіз қалатынымызды естен шығарманымыз ләзім.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
25 шілде 2022 ж. 365 0