Жұдырықтай жұмылсақ, жеңеміз

Сыбайлас жемқорлық билікке, мемлекет пен қоғамға зиян келтіреді. Сол арқылы билікті қоғамның мүддесі үшін емес, жеке тұлғалардың немесе белгілі бір адамдар тобының мүддесі үшін пайдаланады. Еліміздің осы індетке қарсы саясатын іске асырудың негізгі бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру, қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту, квазимемлекеттік секторда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік органдар қызметінде ашықтықты, транспаренттілікті және есептілікті қамтамасыз ету.
«Ұсталмаған – ұры емес» демекші, талай жемқордың әлі де аяғын алшаң басып, мұртынан күліп жүргені даусыз. Сондықтан Антикор мен өзге де құқық қорғау органдары оларды әшкерелеу қарқынын тіпті үдете түссе, құба-құп. Өйткені «Түйені – түгімен, биені бүгімен» жұтып, құнығып алғандар қатары сиреген сайын мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы жауапты лауазымдарға қолы таза, ниеті түзу жас кадрлар көбірек келмек. Осы орайда ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы сыбайлас жемқорлық салдарымен күрестен гөрі оның алғышарттарын жоюға бағытталғандығы көңілге үміт ұялатады. Әсіресе, озық шетелдік тәжірибеге сүйеніп, негізсіз баю үшін жауапкершілікті заңдастыру, Follow the money қаржылық тергеу институтын және Integrity check парасаттылықты һәм коррупциядан адалдықты тексеру тетігін тезірек әрі кеңінен енгізу жемқорлардың жегендерін желкелерінен шығаруға мүмкіндік бермек.
Айдос Әлиев,
Шиелі ауданы Қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы
Шиелі ауданы Қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы