Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіптің көзін тапқан

Кәсіптің көзін тапқан

Еңбегімен елге сыйлы болып жүрген жандарды оқырман қауымға үлгі етуден жалыққан емеспіз. Жуырда Жансейіт ауылына жол түсіп, өңірдің өркендеуіне үлес қосып отырған «Атамұра» шағын шаруа қожалығымен таныстық.
Әне-міне дегенше, Жансейіт ауылын артқа тастап, егін шаруашылығының басына да кеп жеттік. Көліктен түсе сала, көзімізге оттай басылғаны, табиғат ананың әсем көрінісі болды. Шаруа қожалыққа келген кезде-ақ әр атызда жайқалып өсіп тұрған бидай көзге шалынды. Бізді көрген Шопанбек ақсақал күлімдеп қарсы алып, амандық сұрасып, қарапайымдылық үлгісін көрсеткені, кең даланың дарқандығын сездіргендей әсерге бөледі. Кейіпкеріміз ­Шопанбек Сәрекеев 1957 жылы 10 қаңтарда Ташкент облысы, Бөке ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін шекара асып Тәжікстан Республикасы, Лелинабад облысы, Бостандық ауданындағы Ауыл шаруашылығы техникумының «Есепші аграном» мамандығын тәмамдаған. 1976 жылы әскер қатарына алынып Целиноград облысында борышын өтеп, 1978 жылы запастағы офицер болып елге оралады. Еңбек жолын әскерден келгеннен кейін құрылысшы болып бастаған. Мұнан соң 1978-1981 жылдар аралығында Көкарал совхозының төртінші бөлімшесінде «Бөлімше аграномы» болып жұмыс жасайды. 1981 жылы бордақылау бірлестігіне қазіргі Жансейіт елді мекеніне көшіп келген. Осы елді мекенде әртүрлі қызметтер атқарып, абыройға бөленіп жүр. 1986 жылы аталған бірлестік тарап Ы.Жақаев колхозына қосылады. Одан 1987 жылы елді мекен «Жансейіт» болып өзгертілген. Бүгінде 421-ге жуық тұрғыны бар ауыл тату-тәтті өмір сүріп, тыныс-тіршілігі, қам қарекетімен көз қуантуда. Ең бас­тысы, ауыл жастары жаппай егін шаруашылығына бет алған. Бос жүрген жастарды көрмейсің. Алақандай ауылдың ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқаны байқалып тұр. Біртіндеп кем-кетігі бүтінделіп, табысы еселеніп, еңсесін көтерген мекеннің тұрмысы тұрақталып келеді.
«Еңбектің наны тәтті» деген халық даналығын қожалық жетекшісі Ш.Сәрекеев жете түсінген. Оның әңгімесінен өз ісіне мейлінше машықтанғанын ұғыну қиынға соқпады. Ауылда жүріп-ақ абыройға бөленген азаматтың әрбір сөзінен туған жеріне деген перзенттік пейілді аңғардық. Мұндағы ой-қыр, сай-саланың барлығын өз атымен, ерекшелігімен тізбектеп айтқан басшыдан бір сәт серіктестік тарихы туралы сұрадық.
– Өткен ғасырдың соңғы ширегінде Одақ ыдырап, қоғам нарықтық өзгеріске ілесе алмай жатқан тұста халықтың күнкөрісі оңай болмағаны баршаға белгілі. Осы қиын-қыстау кезеңде қысылтаяңнан алып шығуға ата кәсіп – егіншілік көп көмегін тигізгеніне уақыт куә. Мемлекет меншігіне өтіп кеткен жерді қайтарып 2014 жылы «Атамұра» шаруа қожалығын құрдым. Бүгінде мал өсірумен ғана емес, егін егуді де қолға алдым дейді сөз арасында.
Жыл сайын жаздық бидай егіп, қамбасын астыққа толтыратын шаруашылық биыл да бітік егін өсіріп, сейсенбіде алғашқы орақ түсірді.
– «Еңбегің қатты болса, тапқаның тәтті болады» дейді. Ал адам өмірінің алтын арқауы осы маңдай тер, табанақы, адал еңбекпен өріледі.
Тек еңбекпен ғана жеміс өнеді, тек еңбек қана бар қиындықты жеңеді. Ала жаздай аптап ыстықтың астында, егістің басында жүрудің өзі бітпейтін бейнеттің бір көрінісі емес пе? Бүгінде зейнеткермін. Алайда шаруашылықтағы тынымсыз өмірден кеткім келмейді, – дейді күлімдей сөйлеп. Осы шаруа қожалықты аяқтан тұрғызып берген Шопанбек ақсақал қожалықтың тізгінін өзінің ағасының баласы Ұлықбектің қолына ұстатқан. Ағасының адал еңбекпен тағлымды тәрбие көріп өскен Ұлықбекке егін шаруашылығы жас кезінен таныс. Құрғақ сөзден гөрі, нәтижелі іске көбірек мән беретін оның қай кезде де адами болмысы мен кісілік қасиеті жоғары. Өзі басшы болып, басқасы қосшы болып екі қолға бір шылбырды мықтап ұстаған Ұлықбектің егіс көлемі жыл сайын ұлғайып келеді.
Бір қуантарлығы, шаруа қожалықта 15 пен 30 жастағылар көп. Ұлықбек те жастарға барынша қолдау жасайды. Өйткені ауқымды жұмысты тәжірибелі мамандар қалай жүзеге асыруды білсе, жастар сол істің атқарылуына тікелей атсалысады. Сол үшін де төраға жыл сайын шаруашылықта жастар бригадасын ұйымдастырып, оларға зор сенім артады. Мәселен, механизаторлар Рахматулла ­Есенов, Темірбек, Мұратбек және ­Мырзабек Сәрекеевтер техниканың тілін мықты меңгерген. Ал ­Орынбек Сәреке, Ербай ­Есенов, Мақсат Қойшыбаев, ­Шынболат Бейсенов, ­Рамазан Әбдіғани, ­Жайдар Тыныбек, Дәулет Балтаев, Ажар ­Мырзалиева сияқты азаматтар көктемнің желі, жаздың ыстығы, шіліңгір шілденің аптабына, күздің қоңыр желіне шыдап, еңбекпен шыңдалған жандар.
Иә, айтса айтқандай, ауылда бос жүрген біреуін көрмейсің. «John Deere» комбайнын тізгіндеген Әзімхан Қуатбаев алтын дәнді жиып, жүк көлігіне толтырып берумен әлек. Ал жүк көліктері егістік пен 1000 тонналық астық сақтайтын қойма арасында жүйткіп жүр. Бірі-бірінен қалғысы жоқ. Маусымдық жұмысқа сақадай сайлап алған техникаларына тыным бермейді.
– Жастар шаруашылық жұмысына төселген. Бәрі де еңбекқор. Егін жинау науқанында тәжірибелі мамандармен қатар жүріп, күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Астықты ысырапсыз жинап алуда олардың үлес салмағы басым, – дейді Ұ.Сәрекеев
Шаруа қожалығы жетекшісінің айтуынша, биылғы жылы аталған шаруашылық жалпы 100 гектар жерге егін ексе, оның 50 гектарына жаздық бидай мен 50 гектарына мал азығы үшін жоңышқа егіліп, жақсы өнім жиналуда. Бүгінге дейін алқаптағы егіннің дені орылып, қамбаға құйылды. Егін жинау науқанына қажетті МТЗ 82, жүк артқыш машина, МТЗ 892.2 секілді үш техника мен диск тырмасы бар. Шаруашылықтың алға басуына 4 механизатор, 6 жұмысшы өз үлесін қосуда. Олардың жалақылары тұрақты, сондай-ақ жұмыс нәтижесіне сыйақы төлеу де жолға қойылған. Диқандар бидайдың әр гектарынан 15 центнерден өнім алатынын айтты.
– Механизаторларымыздың барлығы жергілікті жердің адамдары. Одан бөлек мектеп жасындағы және орта мектепті бітірген жастар да егін шаруашылығына білек сыбана кіріседі. Жинаған өнімімізді аудан нарығына шығарамыз. Бидайдың элиталық тұқымы. Келешекте егістік алқабын кеңейтіп, егіннен алынған өнімнің сапасына да мән беріп, жұмыс нәтижесін одан әрі арттыру бағыты көзделіп отыр, – дейді Ұ.Сәрекеев әңгіме барысында.
Ұжым мүшелері егін шаруашылығымен қатар төрт түлікті түлетіп келеді. Малға қажетті азықты да өздері дайындайды. Бүгінде 74 бас мүйізді ірі қара, 150 қой-ешкіні қыстату үшін қажетті жем-шөп қорын әзірлеу үстінде. Сондай-ақ мал басын асылдандыру мақсатында Ақтөбеден 4 ақбас бұқасын алдырған.
«Кәсіптің көзін тапқанды бақыттың өзі табады» дейді халық даналығы. Ауылдағы ағайынның алдындағы абыройы биік Ұлықбектің болашақта да табыс биігінен көрінеріне сенім мол.

Ш.Тілеубаев

27 маусым 2022 ж. 619 0