ӨЛЕҢІН ӨМІРІНЕ СЕРІК ЕТКЕН
«Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордені мен «Сталинградты азат еткені үшін» медалінің иегері, соғыс және еңбек ардагері Шопанбек Нұрбайұлы хақында бір үзік сыр
...«Барбаросса» жоспары жүзеге аспағаннан кейін 1942 жылы Германия Кеңестер Одағын басып алу мақсатында жаңа жоспар қабылдады. Фашистер негізгі күшін Сталинград пен Кавказды басып алуға бағыттады. «Блау» деген атауға ие болған бұл жоспар Кеңестер Одағының Қара теңіздегі порттарын басып алып, одақтастары – Англия, АҚШ-пен байланысын үзуді көздеді. Сонымен қатар Сталинград қорғаныс өнеркәсіптері көп шоғырланған шикізат көзіне бай орталық болды. Сондықтан фашистер бұл бағыттағы соғыс қимылдарының сәтті аяқталуына үлкен мән берді.
...«Барбаросса» жоспары жүзеге аспағаннан кейін 1942 жылы Германия Кеңестер Одағын басып алу мақсатында жаңа жоспар қабылдады. Фашистер негізгі күшін Сталинград пен Кавказды басып алуға бағыттады. «Блау» деген атауға ие болған бұл жоспар Кеңестер Одағының Қара теңіздегі порттарын басып алып, одақтастары – Англия, АҚШ-пен байланысын үзуді көздеді. Сонымен қатар Сталинград қорғаныс өнеркәсіптері көп шоғырланған шикізат көзіне бай орталық болды. Сондықтан фашистер бұл бағыттағы соғыс қимылдарының сәтті аяқталуына үлкен мән берді.
Жау 1942 жылдың шілде айында Сталинград бағытына 42 дивизия, тамызда – 69, ал қыркүйекте – 81 дивизия аттандырды. Күш тең болмады. Кеңестік қолбасшылар жау шабуылын Москва бағытында күтіп, негізгі әскери күшті осы бағытқа шоғырландырған еді. Өйткені «Блау» бойынша, кеңес барлаушыларын жалған жолға түсіріп, шабуыл Москва бағытында қайта жанданады деген ақпарат таратылған болатын. Сталинград бағытындағы шайқастарға: 292-ші атқыштар дивизиясы ретінде қайта құрылған 74-ші Аралдық атқыштар бригадасы, 387-ші атқыштар дивизиясы, 27-ші атқыштар кейінгі 72 гвардиялық дивизия, 75-ші атқыштар кейінгі 3-ші гвардиялық атқыштар бригадасы қатыстырылды. 3-ші атқыштар бригадасы Сталинград түбіндегі шайқаста 5 мың фашисті жойып, 3 мың фашист офицері мен жауынгерін тұтқынға алды. Сонымен бірге, бұл шайқасқа 81-ші атты әскер дивизиясы, 152-ші атқыштар бригадасы, 129-ші миномет полкі мен 196-ші жеке көпір құрылысы батальоны қатысты.
1942 жылдың 19 желтоқсанында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе шайқасында қарағандылық ұшқыш Н.Әбдіров өзінің оқ тиіп өртенген ұшағын жау танктері шоғырланған жерге бағыттап, экипажымен бірге ерлікпен қаза тапты. Н.Әбдіров, минометші К.Сыпатаев пен Р.Рамазанов Сталинградты қорғаудағы ерліктері үшін Ұлы Отан соғысы батыры атағына ие болды. Бірнеше айға созылған Сталинград шайқасы 1943 жылдын басында жаудың жеңілуімен аяқталды. Сталинград шайқасы барысында кеңес әскері екінші дүниежүзілік соғыстағы түбегейлі бетбұрысқа шешуші үлес қосты. Сталинградта қаланы жаудан қорғауда ерлік танытқан қазақстандықтар құрметіне «Қазақстан» (Казахстанская) деп аталған көше бар. Міне, осы кескілескен қанды шайқасқа Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылының өрені Шопанбек Нұрбайұлы да қатысқан еді. Қайсар жауынгер ерен ерлігі нәтижесінде «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордені мен «Сталинградты азат еткені үшін» медалін төсіне таққан-ды.
Еңбек жолын 15-16 жасында атақты Шиелі каналын қазудан бастаған Шопекең 1941 жылы 17-ге толар-толмаста майданға аттанып, зұлым жаудың сазайын Сталинград майданында берді. 1943 жылы жараланып елге оралды. Контузия алғанына қарамастан еңбектен бой тасаламай, шаруашылықтың барлық жұмысына белсене араласты. Өндіріс бригадасының есепшісі, мал азығын дайындайтын бригаданың бригадирі, тағы да басқа, мал, ауыл шаруашылық жұмыстарын белсене атқарды. Оның бір ерекше қасиеті қайда жүрсе де ойында өлең өріліп, қойын дәптеріне төгіліп жүрді. Майдангердің бейбіт өмір, шадыман еңбек туралы өлеңдері Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде үнемі жарық көріп тұрды.
ДАЙЫН ОТЫР СЕБУГЕ
Оразұлы Байдүйсенім жеріне
Оразұлы Байдүйсенім жеріне
Қыстай төгіп тонналаған көңін де,
Қадағалап сапалы етіп айдатып,
Биыл да жүр жұрттың алғы шебінде.
Диқанымыз Еңбек Ері Байекең,
Еңбек десе ерінбейтін жан екен.
Қайратына таң қаласың сабаздың,
Жолына жүк тастамайтын нар екен.
Құрыш-қайрат күші қайнап тұрғанда,
Жеткізбес ол өкшелесіп қуғанға.
Табиғаттың бермегенін тартып ап,
Асып түсер табысы өткен жылдан да.
Еңбек қызды Байекеңнің жерінде,
Жер жомарт қой ерінбесең тегінде.
Жерін жыртты, тармасы да басында,
Суы келсе, дайын отыр себуге.
Бұл күріш звеносының жетекшісі Социалистік Еңбек Ері Байдүйсен Оразовтың көктемгі егіске әзірлігі жайында жазылған өлеңі.
ТӨГЕДІ НҰРЫН КҮН ЫСТЫҚ
Аралап келем даланы,
Аралап келем даланы,
Сіміріп жұпар ауаны.
Жанымды баурап ыстық леп,
Өбеді беттен самалы.
Алдымда жатыр күріштік,
Байлығы елдің – ырыс-құт.
Құмартып оған ғашықтай,
Төгеді нұрын күн ыстық.
Сары алтын басы салалы,
Көтеріп шаққа сабағы...
Тербеліп тұр маржан дән,
Теңіздей ұрған жағаны.
Жұпарын жұтып даланың,
Аймалап шуақ-самалын.
Келемін кезіп шабытпен,
Ақ күріш болып бар әнім...
Шопанбек ағамыз қара сөздің де майын тамызатын. Ел аузында жүрген әзіл әңгімелерінің бірін оқырман назарына ұсынамын.
«...ЕКІ ҚҰДАЙЫ, БІР ТОЙДАН КЕЛЕ ЖАТЫРМЫН»
Бір кезде елімізде ішкілікке тиым салынды. Ойын-тойлар арақ-шарапсыз өтетін. Шопанбек ағамызды ауылда бір күнде үш жерге тойға шақырыпты. Екі тойда шынымен-ақ арақ бермепті. Үшіншісінде шәйнекке құйып таратыпты. Көңілі көтеріліп үйіне келе жатса, қарсы жолыққан көршісі «Шопеке, қайдан қайттыңыз?» деп сұрапты. Сонда Шопекең «Мен екі құдайы, бір тойдан келе жатырмын» деген екен...
Шопанбек Нұрбайұлы сұм соғыс салған жараның зардабы мен шаруашылықтың сан түрлі ауыр жұмысының салдарынан денсаулығы сыр беріп 63 жасында өмірден өтті. Соңында жалғыз ұлынан тараған ондаған немересі мен шөбересі, қолы қалт еткенде қағазға түсіріп үлгерген өлеңдері, шешендік сөздері, әзіл әңгімелері қалды.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»