Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Саматтың жақсылығын айт, нұры тасысын

Саматтың жақсылығын айт, нұры тасысын

Осыдан 5 жыл бұрын Америка Құрама Штаттарында тұратын ­Димаш Ниязов есімді қазақ жігітінің «Нью-Йорк қаласының үздік полицейі» атанғаны есімізде. Сол сәтте көпшілігіміз жерлесіміздің бұл жетістігіне таңдай қағып, бір шетінен еліміздегі құқық қорғау саласына қарнымыз ашқаны бар.
Міне содан бері арада 5 жыл өтті. Уақытпен бірге құқық қорғау саласы ауқымды өзгерістерге ұшырады. Көптеген полиция қызметкерлерінің штаты қысқарып, есесіне өзгелерінің жалақысы артты. Жалақымен бірге оларға деген сенім мен жауапкершілік күшейіп, бүгінде құқық қорғау органдары қарапайым халық қиналғанда арқа сүйеп, қолдау күтетін бірден-бір құзырлы органға айналды.
Мемлекет басшысының өзі де, Жолдауларының бірінде учаскелік инспекторлардың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік жасау және олардың азаматтарға қолжетімді және беделді болуы керек екеніне ерекше тоқталды. Жұмысын ашық жүргізіп, халықтың сеніміне ие болу әрбір учаскелік полиция инспекторының мақсатына айналғанда ғана жұмыс нәтижесі артып, «халыққа жақын полиция» қағидаты қоғамда көрініс табарын айтты. Айтты, көп күтпестен нәтиже де шықты.

Учаскелік инспектор ауыл-аймақтың тыныш өмірін қалайды
Енді біз қаһарман полицейді құрлық асып штаттардан емес, өз ауданымыздан, ауылымыздан да кезіктіретін болдық.
Әңгіме әрине, Ақмая ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Самат Мыңбаев жайлы болмақ. Естеріңізде болса, өткен аптаның аяғында ақмаялық тұрғынның 100 бас қойы жоғалған болатын. Сонда учаскелік инспектор жарамды атын мініп, қойларды іздеуге шығады. Сөйтіп 1 тәулік өтпестен жоғалған малды иесіне аман-есен табыстаған болатын. Ауылға осыдан 2 жыл бұрын келген инспектордың жасап жатқан жұмыстарына ауыл тұрғындары да дән риза. Айтуыларынша инспектор келгелі ауылда мал ұрлығы секілді қылмыстар азайып, тіпті биылғы жылдың 5 айында бірде-бір қылмыстық оқиғалар орын алмаған екен. Ал бұл істерін Саматтың өзі ерлік емес, қызметтік парызы санайды.
Осы орайда учаскелік инспектор жайлы толығырақ білу үшін өзімен арнайы жүздесіп, сұқбаттасқан болатынбыз. Тіпті әңгіме барысында құқық қорғау саласына қалай келгендігі, отбасы жағдайы туралы да әңгіме өрбіттік.
Саматтың айтуынша, құқық қорғау саласына ол кездейсоқ келген. Негізінде бала күнінен қазақша күреспен айналысып, бапкер болуды қалапты. Алайда түрлі жарақаттары мен ата-анасының қарсылығы себебінен кәсіби спорттан алшақтап, құқық қорғау саласында қызмет етуге тәуекел еткен. Алғашында облыстық полиция департаментінде қызмет істеген ол, ата-анасың қалауымен 2015 жылы туған еліне оралған.
– Отбасылымын, бір қызым бар. Әке-шешеммен Шиелі кентінде тұрамын. Отбасымда екі қыз, екі ұл, мен кенжесімін. 2013 жылдың наурыз айынан бас­тап Қызылорда облыстық полиция департаментіне жұмысқа қабылдандым. Әке-шешемнің қалауымен елге оралып, 2015 жылы «кәмелет жасқа толмаған істер жөнінде учаскелік инспектор», 2018-2020 патрульдік полиция қызметтерінде істедім. 2020 жылдың мамыр айынан бастап осы Ақмая ауылында учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеп келемін, – дейді Самат.

Ұрымен дос болсаң, ауылына шаппайды
Сырт көзге оңай көрінгенімен, бұл қызметтің көпке біліне бермейтін ауыртпалығы көп, жауапкершілігі мол, қиындығы жетіп артылады. Мұның сыртында күнделікті жұмысында сан қилы адаммен жолықтыратын қызметтің қауіпі мен қатері тағы бар. Сондай-ақ кез келген уақытта қызметік автокөліктің сақадай сай тұруы да маңызды. Саматтың айтуынша былтырға дейін оның астындағы қызметтік темір тұлпары ескі болған. Ал былтырғы жылы оның еңбегін ескеріліп, басшылық NIVA автокөлігін беріпті.
– Мендегі негізгі мәселе шаруа қожалықтары. Мысалы мал жоғалу деректері орын алса, ол жерлерге бару үшін жарамды автокөлік керек. Осы ауылдық округтің өзінде 11 шаруа қожалығы бар. Ал ол қожалықтарды жиі аралап, төбе көрсетіп тұрсаңыз, ұрылар да сізден сескеніп, ұрлық жасай бермейді. Негізінен ұрымен дос болсаң, ауылына шаппайды ғой. Тағы бір айта кетерлігі, бұл қызметте маманға керекті қасиеттердің бірі адамдармен қарым-қатынас оранту. Яғни әрбір ауыл тұрғындарымен сырласып, кейде дос, кейде тіпті бауырындай бола білуің қажет. Бұлай болмаған жағдайда ісің жүрмейді. Себебі бөтен адамға, оның ішінде полиция қызметкеріне кім сырын, шынын айта қояр дейсіз. Ал олармен араласып, сырласатын болсаңыз ұрлықтың да, өзге қылмыстардың да алдын алуға болады.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
23 мамыр 2022 ж. 341 0