Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық кеңес – келелі кеңес ортасы

Қоғамдық кеңес – келелі кеңес ортасы

Баршамызға мағлұм «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында рес­публикада қоғамдық кеңестер құрылды. Бұл мемлекеттің халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі саясатын іске асырудың бір бағыты. Осы орайда Шиелі ауданында қоғамдық кеңестің өз жұмысын бастағанына да 5 жылдай уақыт болды. Жуырда аудандық ардагерлер үйінде қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, онда ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы М.Әшірбеков пен кент әкімі Ғ.Аманжолов атқарылған жұмыстардың есебін беріп, алдағы міндеттер жөнінде хабарлама жасады. Отырыс­ты қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Бекішов жүргізді.
Шиелі ауданындағы сан түрлі саланың жұмысын саралап, кем-кетігін назарға алып, атқарылған істің бағасын беретін аудандық қоғамдық кеңес жыл сайынғы үрдісінен жаңылған емес. Жуырда өткен қоғамдық кеңес отырысында ауылдық жерлердегі қоғамдастық төрағалары мен кездесіп, таныстыру жүргізілді.
Келесі мәселе бойынша ауыл шаруашылығын әртараптандыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өңдеу өнеркәсібін ұлғайту, көктемгі егіске дайындық барысы жайлы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбековтің баяндамасы тыңдалды.
Сала басшысы М.Әшірбековтың сөзіне сүйенсек негізгі дақыл күріштің көлемі 12 000 гектарды құраса, қалған 18 250 гектары басқа дақылдардың үлесінде. Оның ішінде: күздік бидай 1 451 га, жаздық бидай 820 га, тары 150 га, арпа 50 га, дән жүгері 110 га құрайды. Майлы дақыл мақсарыны 1 000 га, соя 150 гектарға егу жоспарлануда. Мал азығына арналған жаңа жоңышқа 3 400 га, ескі жоңышқа 5 520 га, мал жемдік асқабақ 170 га, жемдік жүгері 70 га орналастырса, картоп 1 201 га, көкөнiс 1 701 га және 2 457 гектар бақша дақылдары егіледі деп күтілуде. Сонымен бірге ерте егілетін дақылдар ағымдағы жылдың 15 сәуірінде толық егіліп аяқталған. Ал негізгі дақыл күріш егу жұмыстары сәуір айының 20-шы жұлдызынан бас­талды. Бүгінде 1936 гектары егіліп, 1064 гектары суға бастырылған. Сонымен қатар жаңа Шиелі магистральді каналын (ЖШМК) тазалау және сағасын кеңейту жұмыстарына шаруашылық басшылары өз қаражаты есебінен 4 техника бөліп, қазіргі таңда жұмыстарды толық аяқтаған. Одан бөлек РМК «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің теңгеріміндегі О-2 каналы қазылып толық біткен. Республикалық бюджеттен 6 канал қазылады деп жоспарлануда. О-1 мен Л-6, Р-8, Р-10, Жаңа Бестам каналдарын тазалау жұмыстары жүргізілген. Аталған каналдар қазылып толық аяқталып, судан тапшылық болмайтынын алға тартып отыр.
Сала басшысы 2021 жылы елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында «Облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының» қолдауымен бүгінде 4 ауылдық округке 6 дана дизельді насос қондырғысы жеткізіліп берілгенін тілге тиек етті.
Қоғамдық кеңестің мүшесі Н.Мырзабеков мақсарының көлемін ұлғайтып, алдағы уақытта күнбағыс ­майын өз жерімізде шығару керек екенін айтты. Одан соң қауымдастықтың төрағасы Қ.Бекішов дәнді дақыл өнімдерінің көлемі артып, қамбамыз астыққа толуын тіледі.
Үшінші мәселе бойынша кенттің санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстары бойынша кент әкімі Ғабит Аманжолов баяндама жасады.
Жалпы, қоғамдық кеңес мүшелерінен құрылған комиссия кенттің 2021 жылғы санитарлық тазарту, көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыру барысына бақылау жасаған болатын. Бұл турасында кент әкімі Ғ.Аманжолов ­баяндама жасады. Баяндама барысында «Алғабас», «Тағзым», «Рәміздер» алаңы, «Шиелі» паспорты, Сквер Ясауи көшесі, «Иман Жүсіп» аллеясы, №252 мектеп жаны, Сейфуллин көшесі маңына 559 ағаш отырғызылған. Дегенмен бүгінде алып тұрғаны некен саяқ. Атап атар болсақ Ясауи, Дүйсенбі Смайлов көшелері маңының қазіргі жағдайы көңіл құлазытады. Үлкен еңбекпен өсірілген ағаштардың біразы көктей солған, гүлзарлардағы гүлдер қурап, жабайы шөп басып кеткенін көруге болады. Сонымен бірге Әбдікәрімов көшесіндегі саялы ағаштар жағдайы да мәз емес. Одан соң аудандағы тазалық жұмыстары да қарқынды жүруі керек. Мәселен, Сәтбаев, Жақаев саябақтарын қоқыстан тазалау керектігі сөз болды. Аталған маңдағы қоқыстар көкке ұшып, жер жақанды ластап жатыр.
Аудандағы қараағаш пен көрік беретін түрлі ағаштар өнбей тұрып өліп қалуына не себеп екендігін Н.Мырзабеков еш бүкпесіз айтып берді. Бөлінген әр мекеменің мамандары өздеріне берілген алаңды шын мәнісінде уақытылы суармайтыны айтылды. Өсімдіктер де баладай бап тілейді. Оған әрдайым қамқорлық қажет. Сондықтан аталған мәселеге оң көзқарас туындар деген үміттеміз.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қ.Бекішов келелі кеңесте көтерілген осы сынды мәселелер кеңінен тарқатылып, алдағы уақытта олқылықтарың орнын толтыру бағытында жұмыс істеуді тапсырды. Оған қоса, Әбідкәрімов көшесінің ­бойы­на көркейту, абаттандыру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

Ш.Тілеубаев
16 мамыр 2022 ж. 482 0