Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРУЛАР КЕЛДІ ТӨРКІНДЕП...

АРУЛАР КЕЛДІ ТӨРКІНДЕП...

Бауыржан Момышұлы атамыздан бір кісі сұрапты:
– Бауке айтыңызшы өзі, жер бетінде ең батыр адам кім? – деп.
Сонда батыр атамыз ойланбастан:
– Жер бетіндегі ең батыр адам... ол – қыз, депті. Оның мәнісін сұрағандарға:
– Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді, – деген екен...

Иә, Батыр Бауыржанның бұл сөзінде терең мағына жатыр. Расында қыз бала қонақ. Жат жұрттыққа жаралған нәзікжандыларды батыр демей кім дерсіз? Ақ босағасын аттаған соң олар өзге үйдің шырағын жағып, сол әулетті бақытты етеді. Тұрмысқа шыққан соң олар туған өлкесіне, ауылына тек төркіндеп қана келе алады. Сондықтан «төркіндеу» сөзінің астарында терең мағына жатыр. Себебі, қыз баласы туған өлкеден жырақ жүрсе де, әрдайым кіндік қаны тамған жерін, ауылын, елін сағынады. Ал қазақта төркіндеп келген қыздың ата жұртына келіп тағзым етуі парыз саналады.
Тұңғыш Президент өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп атап көрсеткен болатын. Елбасының бұл сөзді құп көріп, туған елге тағзым етуден Сыр өңірінің сұлулары да шет қалған жоқ. Соның бір парасы жуырда Шиелі ауданында көрініс тапты. Яғни салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту, отбасылық құндылықтарды насихаттау, гендерлік саясатты іске асыру мақсатында облыстық және аудандық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Төркіндеу» жобасы аясында тағылымды шара өтті. Аталған ауқымды шараға Шиелі топырағынан түлеп ұшып, бүгінде еліміздің әр саласында ұзақ жылдар бойы абыроймен қызмет атқарып жүрген нәзік жандылар елге төркіндеп келіп, туған жеріне тағзым етті.
Арулар ең алдымен Оқшы ата мазарының басына барып Құран бағыштады. Одан әрі Ы.Жақаев атындағы тарихи музейдің ішін аралап, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Мұнан соң, арулар даңғайыр диқанның рухына Құран бағыштады. Сонымен қатар нәсібін ешкі бағу кәсібінен тапқан Ләззат Парманқұлованың шаруа қожалығын аралап көріп, істеп жатқан кәсібіне қызығушылық танытып, еңбек адамдарына өз лебіздерін жеткізді. Айта кетейік аузы аққа тиген бұл отбасы тұрмысы төмен, сырқат балалары бар отбасыларға тегін сүт, құрт өнімдерін таратып емдік мақсатта ешкі төлдерін де тегін үйлестіріп отырады. Қайырымдылық жасауға жаны құмар Ләззаттың бұл ісін көрші-қолаңдары ерекше ықыласпен айтып отырады. Сондай-ақ ел ішінде жұқпалы дерт тарағанда сырқаттанған жандарға да ешкі сүтін тегін таратып, ауруханаға қажетті тыныс алу аппаратына қаражат қосып, қайырлы істің басы-қасынан табылып жүргені сіз бен бізге мәлім.
Төркіндеу жобасы одан әрі жалғасын тауып нәзік жандылар аудандағы ардагер-ұстаздармен, әр салада қызмет атқарып жүрген ардақты аналармен кездесті.
Кездесу барысында аудан әкімі ­Нариман Мақұлбеков, қазіргі таңда ер азаматтармен бірге жауапты қызметте жүрген, қоғамдағы игі істердің басында болып, өздеріне жүктелген жауапкершілік жүгін көтере білген әйел азаматтарымыздың еңбегі ерекше құрметке лайық екендігін айтып, оларға зор алғысын білдірді.
– Ауданда мемлекеттік қызметте, денсаулық сақтау, білім беру саласы, құқық қорғау органдарында және басқа да салаларда қызмет етіп жатқан әйел-аналар өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Қоғам мен мемлекет дамуына белсене араласып жүрген барша әйел-аналарға зор алғысымды білдіремін. Аудандағы 84 мың халықтың 50 пайызын нәзік жандылар құрайды. Олардың арасында қоғамда белсенді, қажыр-қайраты мол заманға лайық кәсіпкерлік саласын дамытып, Шиелі өңірінің экономикалық өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүргендері де аз емес. Өңірімізде шағын бизнестің 60 проценттен астамы әйелдер арқылы жүзеге асады. күнделікті тұрмыстағы құрылғылармен байланысты қызметтермен айналысады, – деді аудан басшысы.
Әрі қарай облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Мансұрқызы іс-шараның негізгі мақсатына тоқталып, келген қонақтарды таныстырып, ұлттық құндылықтар мен отбасы тәрбиесі туралы, кәсіпкер әйелдерге көрсетілетін қолдаулар туралы сөз қозғады.
Еліміздің түкпір-түкпірінен туған өлкеге ерекше сағынышпен келген арулар әрі қарай «Арман» мәдениет үйіндегі керемет мерекелік концерттің куәсі болды. Аталған кеште ауданда төбе көрсетіп жүрген өнерпаздар төркіндеп келген қыздарға әуезді ән салып, өз өнерлерін ортаға салды. Мерекелік кеш барысында Шиеліден шыққан журналист Қаршыға Есімсейтова мен ақын Қатира Жаленова аудан халқына өз алғыстарын білдіріп, тілек-лебіздерін жеткізді. Кеш соңында аудан әкімі ­Нариман Мақұлбеков ұрпаққа үлгі, өмірі өнегеге толы ардагер аналарымызға дәстүр бойынша қамзол кигізіп, орамал тағып, сый-құрмет көрсетті.

Сымбат СҰЛТАН

06 мамыр 2022 ж. 453 0