Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КСРО-ДА МИЛЛИОНЕРЛЕР БОЛДЫ МА?

КСРО-ДА МИЛЛИОНЕРЛЕР БОЛДЫ МА?


Көптің ұғымында, кеңестік заманда салыстырмалы түрде жұрттың бәрі тең тұрды деген пікір қалыптасқан. Сталиннің тұсында халықтың теңдей тұрғанын ешкім теріс дей алмас. Тарихшылар КСРО-да көлеңкелі экономика 70-жылдардан басталды деп жүр. Сол шамасы,  рас та болу керек. Дегенмен Сталиннің тұсында да миллионерлер болған. Миллионер болмаса, күш   атасы – Қажымұқан атамыз соғысқа өз атынан ұшақ жасату үшін генсекке бір қап ақшаны қалай аударсын. Әрине, балуан атамыз ол ақшаны жер-жерде өнерін көрсетіп, қарапайым халықтан мақсатты түрде жинағаны белгілі. Жалғыз Қажекең емес, қазақта өз ақшасына ұшақ жасатқан колхоз төрағалары  болған. Колхозшылар, кеншілер мен балықшылар өздерінің маңдай терімен тапқан ақшаларын буып-түйіп, Қызыл армияға ұшақ, танк сатып алу үшін жөнелткен. Кеңес азаматтары Қызыл армияға соғыс жылдары 145 миллиард сом аударса, соның тең жартысын жеке адамдар аударған екен. Көрдіңіз бе?  Ол кезде мұншама ақшаны қайдан таптың дейтін қатаң тексеріс  болған. Қанша тексерсе де, ол заманның еңбекшілеріне бәрі тек қана ақ адал еңбекпен келгенін ешкім жоққа шығара алмаған.
Дегенмен қай заманда да бо­латын айлакерлер Сталиннің өзін сан соқтырып отырыпты. Сол Сталиннің тұсында Николай Пав­ленко деген әскери адам өзінің әскери күзеті бар құрылыс «империясын» құрып, жасырын бизнесін жүргізген екен. Обалы не керек, тапсырыс берген одақ­тас республикалармен келісім жүргізіп, ешкім мін таға алмайтын тыңғылықты құрылыс жүргізіпті. Соған сай үлкен ақша да алып отырған. 1952 жылы жүргізілген операция барысында Павленко­мен қоса, 400 адам тұтқындалған. Полковник Павленконың пәте­рін тексергенде, бірнеше ша­баданға салынған жалпы көлемі 34 миллион сомның ақшасы шыққан. 1955 жылы Павленко ату жазасына кесіліп, үкім орын­далған. Қалған 16 адам 20 жылға дейінгі мерзімге сотталған.
Жұрт репрессияны Сталин бас­қарған жылдармен байланыс­тырып, Хрущевтің кезінде жылымық орнады, басқаша дәуір келді деседі. Жылымық орнағаны рас-ау. Сол жылымықты пайда­ланған қара халық Хрущевтің әлеу­меттік-экономикалық сая­сатына қарсы шығып, Черкасск, Краснодар, өзіміздің Теміртау қалаларында көтеріліс жасап, оларға қарсы оқ та атылған. Сол Хрущевтің кезінде мемлекет мүлкін аса ірі көлемде жымқыр­ғаны және жалған ақша жасағаны үшін ату жазасына кесетін жарлық шыққан. Жарлыққа іліккен­дер қатарына 1962 жылы Қыр­ғыз­станда орын алған «тоқымашылар ісін» жатқызуға болады. Осы іске қатысты тоқыма фабрикасынан сол кезде 150 адам сотқа тартыл­ған. 21 адам ату жазасына іліккен. Сол 21-дің 14-і атылып, қалған жетеуі Ұлы Отан соғысының ардагері болған соң ғана атылудан аман қалып, әрқайсысы он бес жылдан арқалаған. Бір қызығы, «тоқымашылар ісіне» қатысты ұйымдасқан қылмыскерлердің бәрі еврей ұлтынан шыққан көріне­ді. Бұл оқиға сол кезде шет елдерде «антисемитизм» ретінде бағаланып, шу шыққан.
Бертінде Өзбекстанда жоға­ры­дағы «тоқымашылар ісіне» ұқсас орын алған «мақташылар ісіне» лас саясат араласқаны кейін­нен мәлім болды. Бұл да – өз түбіне өзі жеткен КСРО-ның адам ұялатын беттері.
Сондай-ақ мемлекеттік кә­сіпорындар мен ұйымдарда жа­сырын цех құру арқылы көлденең табыспен байыған Ройфман мен Шакерман дегендер өзінен жоға­рыдағыларды парамен сатып алу арқылы үлкен қылмыстық топ құр­ған екен. Іздестірген кезде олардан он келі сары алтын табы­лып­ты. Сот шешімімен 1961 жылы Ройфман мен Шакерман ату жазасына кесіліпті.
Брежневтің заманында да аса ірі байлардың болғаны анық. Бірақ ол байлықты ұқсатып жұм­сайтындай мүмкіндік болмады. Сондықтан ақшасын алтынға айналдырып, оны жер астына көміп тастаудан басқа амал жоқ еді. Бұл өзі күлдіргі әңгімеге ұқсаса да, кезінде Нобель сыйлы­ғының лауреаты Михаил Шоло­ховтың үйінің айналасын қазып, алтын іздестірген деген сөз шыққан. Бай болса да, ол заманда оны ешкім жарқыратып жұртқа көрсете алмайтыны анық еді. Тығылып ішпесе де, жұрт тығы­лып киінетін. Импорт тауарлар арзан болса да, қара халықтың қолы жетпейтін қат болатын.
КСРО-ның ресми түрде тұң­ғыш миллионері ретінде Артем Тарасовтың аты аталады. Ол былтыр 70-ке қараған шағында өмірден өтті. Тарасов – сексенінші жылдардың аяғында КСРО-да ең алғашқылардың бірі болып коопе­ратив жүйесін құрған адам. Кеңес Одағының алғашқы мил­лионері болып ресми түрде тіркелген. 1990 жылдың басынан бастап ол өзінің «Техника» деп аталатын кооперативінен басшы ретінде 3 миллион рубль жалақы алып отырыпты. Сол кезде орта­ша айлық жалақы 263 рубльді құрағанын, ал Тарасовтың айына 3 миллион рубль алып отырғанын ескерсек, оның табысының қай­дан тасқындағанын шамалайсыз. Сөйткен Тарасов 1991 жылы Лон­донға көшіп кетіп, 2003 жылы қай­тадан Ресейге оралып, жеке компаниясын ашқан болатын. Әрине, ол сәт Тарасовты он орап алатын байлардың қаулап кеткен кезі.
Кеңес заманындағы байларды қазіргі байлармен салыстырудың өзі күлкілі. Кеңес заманында бай­лары көп ел деп Грузия аталатын. Соған сай бір күлкілі әңгіме бар. Бір грузин «Запо­рожецпен» келе жатса, « Волга» мінген грузиндер тоқтатып, «неге грузинді қорлайсың?» дейтін көрінеді. Сөйтсе, «запорожец» мін­ген грузин: «қазір ғана түр­меден шығып, үйіме келе жатқан бетім еді» десе керек.
Қазір сол Грузияға ешкім қы­зықпайды.
Кеңес Одағында көлеңкелі сауда-саттық жүйесі «қарабазар» деп аталды. 1970 жылдары тұтыну тауарларының 30 пайызы қара­базар арқылы өткен көрінеді. 1986 жылы КСРО-да көлеңкелі эко­номика айналымы 10 миллиард сомға жеткені генсек Горбачевтің аузымен тұңғыш рет айтылған.
Әрине, Кеңес заманында шы­ғармашылық адамдары: белгілі жазушылар, артистер, дәрігерлер, заңгерлер ауқатты тұрғаны мәлім. Олардың астында міндетті түрде көлігі мен жақсы жерде саяжайы болғанмен, қазіргі байлардай Кипр мен Лазур жағалауында демалуды армандай да алмайтын.
Қазіргі спортсмендердің жа­ла­қысымен салыстырғанда күл­кілі көрінгенмен, КСРО зама­нына сай футболшылар мен хок­кейшілердің айлығы қомақтылау болыпты. Қомақты болғанда 250-300 сом болған. Әрине, оларға түрлі жеңілдіктер қосылғаны бел­гілі. Әйтпесе ондай айлықты қа­рапайым мектеп мұғалімдері де алып отырған. Шахтерлер айына 450-ден 1000 сомға дейін тапқан.
Сталин қайтыс болғанда, оның жинақ кітапшасынан аз да, көп те емес 31 мың рубль табы­лып­­ты деседі. Ал Брежнев жа­рықтық айына 1,5 мың сом жа­лақы алып отырыпты. Атақты шахматшы Анатолий Карпов бір сұхбатында өзінің КСРО кезінде жасырын миллионер болғанын мойындапты.
КСРО-ның супержұлдыз­дары Юрий Антонов пен Рай­монд Паулс айына 15 мың сом қаламақы, «День Победы» әнінің авторлары Давид Тухманов пен Владимир Харитонов әр 9-мамыр келген сайын бір көлікке татитын қа­ламақы алып отырыпты.
Әне, ақша кімдерде болған! Ал біз композитор Шәмші Қал­даяқовты өмір бойына жұмыс істемеді дейміз.
Жазушылардың сол заманда жақсы қаламақы алғанына дәлел болатын кітап қолымызға тиді.
Ол – ұзақ жылдар ішкі істер сала­сында жемісті еңбек еткен Ілияс Қындыбайұлы жайындағы «Арыма адалдығым серік болды» деп аталатын жинақ. Бұл жинақ­тағы автордың көзі тірісінде қағазға түсірілген дүниелерінің ішінен бір қызық дерекке тап болдық. 1985 жылы «Жазушы» баспасының үстінен арыз түсіп, арызда көрсетілген фактілерді тексерген осы полковник шенін­дегі кісі екен.
Әлгі қызық деректі сөзбе-сөз келтірсек, былай: «Сағи Жиен­баевтың тек «Жазушы» баспасы­нан шыққан екі кітабы үшін алған қаламақысы 45 000 сом болса, қалған баспалардан алған ақшасы 46 000 сом көлемінде болды, ал Қайрат Жұмағалиевтің барлық алған ақшасы 79 000 сомға жетті. Екеуінің де «Жазушы» мен «Жа­лын» баспаларынан шыққан кітаптарындағы өлеңдердің көбі бірін-бірі қайталаса да, олардың аттарын өзгертіп, жаңа туынды ретінде кіргізіп, қаламақыны әр жолына 1 сом 75 тиыннан қойып отырған (ең жоғарысы 2 сомнан). Әрбір басылған кітаптарының таралым санын 7 мың данадан арнайы 10 мың данаға жеткізіп, әр жолына 3 сом 50 тиыннан қойып отырған». Сол кездегі тер­геу фактілері осылай дейді. Тексе­ріс қорытындысы жоғары жаққа жетіп, баспа басшысы Әбілмәжін Жұмабаев пен аталған екі ақынды жұмыстан шығарыпты. Бұл күнде үшеуі да марқұм (қара жер хабар бермесін). Ал олардан үлкен жазушылардың, мемлекеттік сый­лық иегерлерінің алған қа­ламақысын тексеруге құзіретті органның да құдіреті жетпепті. Міне, сол кездегі жазушылардың беделі қандай болған! Әлеуметтік жағдайы онсыз да түсінікті. Бұл дерек жазғанына қаламақы тұр­мақ қара бақыр да алмайтын бүгінгінің қаламгерлерінің түсіне де кірмесі анық.
Сонымен, КСРО-да мил­лионер болған жоқ дегеніміз – қып-қызыл өтірік екен. Сөйтсек, бәрі жасырын болғандықтан, мил­лионерлер де жасырулы бол­ған екен ғой.
 
Төреғали ТӘШЕН
07 сәуір 2018 ж. 1 123 0