Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰШАҚ ҰРЛАП ҰШПАҚҚА ШЫҚПАЙСЫҢ

ҰШАҚ ҰРЛАП ҰШПАҚҚА ШЫҚПАЙСЫҢ


Бір елден басқа елге заңсыз қашып кету үшін жекелеген немесе топтасқан қылмыскерлер ұшақты пайдаланады. Оны «әуе қарақшы­лығы» деп атайды. Ұшақты басып алған қарақшылар экипаж мүшелерін қорқыту, күш көрсетіп мәжбүрлеу арқылы ұшақты басқа бір елдің әуежайына қондыруды талап етеді. Мұндай кезде қылмыскерлер ұшақтағы жолаушыларды кепілдікке алады. Әдетте, ұшқыштар жолаушылардың қауіпсіздігі үшін олардың талаптарын орындайды. Кейбір жағдайларда ұрлап әкеткен ұшақты белгілі бір объектіні жоюға пайдаланады. 

2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған теракт кезінде лаңкестер ұшақтарды қолданды. Заңсыз айдап әкеткен ұшақтар контрабандалық әуе рейстеріне немесе құпия диверсиялық операция­лар­ды көлікпен қамтамасыз ету үшін де пайдаланылуы мүмкін. Бұдан бір жарым жыл бұрын екі қазақстандық және бір қырғыз азаматы ұшақты теракт жасауға пайдаланбақшы болғаны анықталды. Діни радикалдар Талдықорған әуежайынан ұшақтарды ұрлап шығып, Қазақстанның әртүрлі әскери нысандарына, соның ішінде Балқаш көлі маңындағы ресейлік әскери нысандарына шабуыл жасауды жоспарла­ған. Осылайша, діни радикалдық топ АҚШ-тағы 11 қыркүйек оқиғасын қайталамақ болыпты.
Әуе қарақшылығы, әсіресе шекарасын «темір шымыл­дық­пен» қоршап, шетелдерге еш­кім-ді шығармайтын КСРО ке­зін­де көп болды. Бірақ ол кезде мұн­дай оқиғалар жариялан­бай­тын. Мысалы, Ресей аума­ғын­да – 62, Кавказ республика­ларын­да – 12, Украинада – 10, Орта Азия рес­публикаларында – 8 рет ұшақ­тарды заңсыз басып алу әрекет­тері болған. Ең бірінші кеңінен жария болған оқиға 1970 жылдың 15 қазанында болды. Әкелі-ба­лалы Бразинскастар Батуми – Краснодар рейсі бойынша ұшып шыққан Ан-24 ұшағын басып алып, Түркияға айдап әкетті. Ұшақ бортында 46 жолаушы болған. Вильнюсте дүкен меңге­рушісі болып істейтін Пранас Бра­зинскас пен оның 13 жастағы ұлы Альгирдас алдыңғы орында отырған. Бұлар шолақ мыл­тық­пен, тапаншамен және грана­та­мен қаруланған. Ұшақ әуеге кө­терілісімен Бразинскас стюар­дессаны шақырып алып, ұшақты Түркияға қарай бұруды талап ете­ді. Шыңғырып жіберген 19 жас­тағы стюардесса Надежда Курченко сол жерде жүрегіне оқ тиіп қаза тапты. (Кейіннен мек­тепке және көшеге оның есімін беріп, шешесіне «Қызыл Жұл­дыз» ордені тапсырылды). Бұлар кабинаға кіріп, оқ жаудыра бастаған. Экипаж командирінің омыртқасына, штурманның өк­песіне, қолына оқ тиеді. Жа­ра­ланған ұшқыштар Түркияның Трабзон қаласына ұшақты қон­дыруға мәжбүр болады. Түркия қылмыскерлерді КСРО-ға қай­тарған жоқ, өздерінде соттады. Адам өлтіргені үшін сотталған Бразинскастар төрт жыл түрмеде отырып, амнистиямен бостан­дыққа шыққан соң, АҚШ-қа кө­шіп кетті. 2002 Пранас Бразинс­кас Калифорнияда өз ұлының қолынан көз жұмды.

1986 жылдың 20 қыркүйегінде әскерден қашқан екі дезертир Уфа қаласында Ту-134 ұшағына шабуыл жасап, ұшқыштарды ке­пілдікке алды. Террористер Уфа­дағы ішкі әскерлер бөлімінде мер­зімді қызмет атқарып жүр­-ген, қолдарында автоматтары бол­ған. Дезертирлер милиция патрулі мінген «УАЗ» көлігіндегі екі адамды атып өлтіреді де, сол көлікке мініп аэродромға келеді. Қатардағы жауынгерлер Мацнев пен Ягмурджи көзге түспес үшін ұшу алаңына арықтың ішімен барған. Бұлар жанармай құйып жатқан «Киев – Уфа – Нижне­вартовск» рейсіндегі Ту-134 ұшағына жүгіріп кірген бойда авто­мат кезеніп, экипаж мүше­лерін қарусыздандырады. Бортта 5 экипаж мүшелері және 76 жо­лаушы болған. Дезертирлер дереу әуеге көтеріліп, шетелге ұшуды талап етеді. Алайда ұшқыштар әрнәрсені сылтауратып, МҚК «Альфа» тобы келгенше уақыт созып жүріп алған. Террористерге қарсы шабуыл тұтқиылдан бас­талды. Операция 6 минуттың ішін­де аяқталды. Мацневке оқ тиіп, сол жерде өлді, Ягмурджидің аяғына оқ тиіп қолға түсті. Кейін­нен оның аяғын кесіп тастады. Бұл іс бойынша 6 адам сотталды. Әскери трибунал Ягмурджиді өлім жазасына кесті, қалған­да­ры­на 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Ұшақтарды шетелге айдап кеткендердің ішінде террористер ғана емес, әскери ұшқыштар да болды. 1989 жылдың 20 мамыры күні түнде капитан Александр Зуев ұшақтарды қабылдау және ұшыру бойынша кезекшілікте тұр­ды. Ол өзімен бірге кезекші­лікте жүрген барлық ұшқыштар мен техниктерді жинап алып, әйелі ұл тапқанын айтады. (Шын мәнінде, оның әйелі бірнеше күннен кейін босанады). Сөйтіп, ол қызметтестеріне ішіне ұйық­тататын дәрі салынған тортпен шай береді. Барлығы ұйықтап қалған кезде Зуев кезекшілікте тұрған МИГ-29 ұшақтарының біріне отырып, әуеге көтеріледі. Артынан қуғыншылар шықпас үшін ол кезекшілікте тұрған ұшақ­тарды авиазеңбіректен атып жойып жібермекші болады, бірақ зеңбіректегі екі блокировканың бірін ажыратуды ұмытып кетеді. Зуев МИГ-29 ұшағын Түркияның Трабзон әуежайына қондырды. Түркия оны ұшақты заңсыз айдап әкеткені үшін айыптап алдымен соттады, содан кейін оның бұл әрекетінде саяси астар бар деп тауып, ақтап шығарды. Түрік билігі ұшақты қысқа мерзімнің ішінде КСРО-ға қайтарып берді. Зуев болса, АҚШ-тан саяси бас­пана сұрап, сол жаққа көшіп кетті. Кейіннен ол АҚШ Әскери әуе күштерінде кеңесші болып қызмет етті.

1976 жылы да ұшақ ұрлауға байланысты, осыған ұқсас оқиға болды. 6 қыркүйекте кеңестік әс­кери ұшқыш «МИГ-25» ұшағына мініп, Жапонияға өтіп кетті. Ол да артынан АҚШ-тан саяси бас­пана сұрап, сол жақты паналады. КСРО Қарулы күштерінің аға лей­тенанты, әскери ұшқыш В.Беленко Приморье өлкесіндегі Соколовка аэродромынан жат­тығу ұшуларын орындау үшін МиГ-25П ұшағымен әуеге көте­рілді. Ол бірден теңізге қарай бет алып, бірнеше минуттан кейін ұшақты Хоккайдо аралындағы Хакодата аэродромына қон­дыр­ды. Артынша жапон билігі Бе­ленко саяси баспана сұрағаны туралы ресми хабарлады. 9 қыр­күйек күні оны АҚШ-қа алып кетті. Сол кездегі ресми хабар­ларға қарағанда ұшқыштың Ке­ңес Одағына қаншалықты саяси және моральдық залал келтір­ге­ніне баға берілмейді, мате­риал­дық зиянның мөлшері 2 млрд сомға бағаланды. Өйткені КСРО тез арада алыстан құпия белгі беретін «өзіміздікі – бөтен» тану жүйесінің бүкіл құрылғыларын ауыстыруға тура келді. Ұшақты жапон және америкалық ма­ман­дар егжей-тегжейлі тексеруден өткізгеннен кейін, 1976 жылы қарашада КСРО-ға қайтарып берді.
1990 жылы 19 тамызда Ту-154 жолаушылар ұшағын Нерюнгри қаласындағы уақытша оқшаулау изоляторында отырған қылмыс­керлер басып алып, дереу Пәкі­стан­ға аттандыруды талап етті. Сотталған 15 қылмыскерді Якутск қаласына Ту-154 ұшағымен жет­кізу керек болған. Ұшақ әуеге көтерілісімен командирге «қауіп» белгісі түсті. Қылмыскерлер ұшақ бортына шолақ мылтықты жа­сырын алып кірген екен, сондай-ақ «мына бомбаны жарамыз» деп кір сабынын көрсетіп қорқыт­-қан. Бұлар ұшақтағы жолау­шы­ларды және өздерін күзетіп жүр­ген үш милиционерді қарусыз­дандырып, кепілдікке алған. Терроистердің талабы бойынша Якутскіге бет алған ұшақ Нерюн­григе қайта қонған. Олар мұнда бортқа жеткізілген автомат, ра­ция, парашюттерді алып, Крас­ноярскіге қарай ұшып шығады. Мәскеу уақытымен 23 сағатта Ташкент қаласына келіп қонған. Осы жерде кінәлары жеңіл, аз жылға кесілген төрт адам КСРО-да қалатындарын айтып, өз ерік­терімен беріледі. 20 тамыз күні бортында кепілдікке алынған
36 адам және 11 террорист бар ұшақ Пәкістанға ұшып шығып, Карачи қаласына келіп қонды. Сол жерде террористер қамауға алынып, артынан сот болды. Тер­рористердің барлығы өлім жаза­сына кесілді. Араларындағы екеуі түрмеде асылып өлген, тағы бі­реуінің басына күн тиіп өліпті. 1991 жылы өлім жазасы өмір бойы түрмеде отыруға өзгер­тіл­ген. Бандиттер КСРО-ға қайту туралы арыз жазған, бірақ ол тілектері қабылданбады. 1998 жылы Пәкістанның тәуелсіз­ді­-гіне 50 жыл толуына байла­ныс­ты террористерге рақымшылық жасалып, бостандыққа шықты. Украинаның екі азаматы Пәкі­станда қалды, 6 адам Ресейге қайтарылды. Якутия соты олар­дың барлығын 15 жылға бас бос­тандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Қайыржан ТӨРЕЖАН
03 ақпан 2018 ж. 932 0