Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлігін ел мойындаған әйелдер

Ерлігін ел мойындаған әйелдер

Әлемде барлық ұлы жаңалықтарды ер адамдар жасаған деген қате түсінік қалыптасқан. Бірақ бұл тұжырым шындыққа жанаспайды. Біздің білуімізше әлемнің түбегейлі өзгеруіне өз үлесін қосқан әйелдер де жетерлік. Тіпті олардың ішінде адам миына ота жасаған әлемдегі алғашқы нейрохирург дәрігер де бар.
Мақаламызға арқау болған алғашқы кейіпкеріміз Ирина Сендлер есімді Варшавалық дәрігер. Ол екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Варшава геттосында (үлкен қалалардың саны аз ұлттардың мекен етуіне арналған бөлігі) жұмыс істеп, науқас еврей балаларына қамқорлық жасаған. Қамқорлық жасағанымен қоймай 2500-ден астам еврей балаларының геттодан қашып шығуына көмектесіп, кейіннен олардың өмірде өз орнын тауып кетуіне септігін тигізген. 1965 жылы Израильдегі «Холокоста» мұражайы оған «Әлем халықтарының ең әділ іс-әрекеті» атағын береді. Расында Ирина болмағанда еврей халқы жер бетінен жоқ болып кетер ме еді, кім білсін?!
Екінші бір кейіпкеріміз Мария Склодовская. Мария екі мәрте Нобель сыйлығына ие болған әлемдегі жалғыз әйел саналады. Сол атақтарына қарамастан ол Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде жараланған әскерилерді тексеруге арналған ренгтен құралдарын жасап шығарумен айналысқан. Онымен қоймай екі нобель сыйлығынан түскен қаражаттарды толықтай рентген құралдарын жасап шығуға жұмсаған. Бір қызығы, Мария Склодовскаяның қызы да Нобель сыйлығын иемденген.
Келесі кейіпкеріміз Валентина Терешкова. Ол ғарышқа ұшқан алғашқы әйел ретінде белгілі. Кеңес Одағының батыры, техника ғылымдарының кандидаты, аспан әлемін бағындырған 10-шы ғарышкер сынды бірнеше атақтары бар. Алғашында Валентинаның ғарышқа ұшуына көптеген ғалымдар қарсылық танытқан деседі. Дегенмен Валентина жасаған сапардан кейін, әйелдерге де ғарыш әлеміне жол ашылды.
Мақаламызға арқау болып отырған соңғы кейіпкер София Ионеску. Румынияның ­Бухарест қаласында туылып, медициналық білім алған ол Екінші дүниежүзілік соғыс басталған уақытта емханада хирург болып қызмет істеген. Ондағы ер азаматтардың барлығы дерлік майдан даласына аттанғандықтан Софияның емханадағы жалғыз білікті маман ретінде қызмет етуіне тура келген. Тіпті Бухаресті бомбалау кезінде де өз қызметін тоқтатпай, бір сәбидің бас миына күрделі ота жасайды. Осы ота арқылы София ерлер мен әйелдер арасында миға ота жасаған әлемдегі алғашқы нейрохирург атанған. Сондай-ақ ол бірде Абу-Даби шейхының әйелін ауыр дерттен емдеп жазып, оның ерекше ықыласына бөленіп, бағалы сыйлықтар алып отырған. Әйтсе де София өзінің сүйікті емханасына адалдық танытып, 47 жыл бойы белжазбай қызмет істеген емдеу мекемесінен зейнетке шыққан.
Бір байқағанымыз түрлі қиыншылықтар мен ауыртпашылықтарға тап келгенде әйел затының бойындағы қайтпас қайсарлық, ерік-жігер сынды қасиеттер қылаң беріп, оларды ерліктерге жетелейтін көрінеді. Соғыс жылдарында Әлия мен Мәншүк секілді батыр қыздардың шығуы, осы сәттегі Украин қыздарының қолына қару алып жерін қорғауы осы сөзімізді нықтай түспек. Әйтсе де әлемде әрдайым бейбітшілік, татулық орнағаннан асқан бақыт жоқ. Бізге нәзік жанды қыз-келіншектердің соғыс алаңында емес, ас үйде дәмді ас пісіріп, ерінің алдында еркелеп жүргені жеткілікті. Түздегі тірлікті өзіміз-ақ, бір жақты етеміз!

Тәжімалаған
Рамазан ӘНӘПИЯ

05 наурыз 2022 ж. 465 0