Ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 75 пайызды құрайды – депутат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарының жобалары таныстырылды.
Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцевтің айтуынша, заң жобалары Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауының Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында әзірленді.Оның сөзінше, Мемлекет басшысы Үкімет алдына жеке қосалқы шаруашылықтардың құқықтық мәртебесін айқындау, олар үшін мемлекеттік қолдаудың нақты құралдарын белгілеу, өңірлік азық-түлік хабтарын құруға тарту арқылы олардың әлеуеттін дамыту, сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтары мен жайылым ресурстарына қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойды.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі бөлігін шағын ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтар өндіретіні құпия емес, олардың ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 75 пайызды құрайды. Бұл ретте мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген несиелеудің басым үлесі негізінен ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге беріледі. Жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін азаматтар үшін мемлекеттік қолдау шаралары жоқ, - деп айтты депутат.Айтуынша, көп жыл бойы ауыл малдарын қоғамдық жайылымдарға шығару мәселесі шешілмей келеді. Бұл мәселені шешу туралы депутаттардың атына көмек сұрап жазған өтініштер тұрақты түрде түсуде.
Сондай-ақ көбінесе жеке қосалқы шаруашылықты жүргізетін азаматтар өз өнімдерін делдалдарға төмен бағамен сатуға мәжбүр болады, өйткені олар өз өнімдерін ұйымдасқан шаруашылықтар мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бере алмайды. Мұның бәрі ауыл тұрғындарының қаржылық жағдайына теріс әсерін тигізеді, олардың фермерлік шаруашылықтарға айналуына және жалпы өз әлеуетін ашуына мүмкіндік бермейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы проблемалық мәселелерді шешу мақсатында тиісті заң жобаларын әзірледі, - деп атап өтті Казанцев.