Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерік ас жеген жетілер

Жерік ас жеген жетілер

«Жеріктік өріс – ана үшін емес, бала үшін керек. Өйткені, ол баланың қажеттілігінен туындайды. Қазір «мынаған жерік болдым» деп айтатұғын келіндер өте-өте сирек. Ары кетсе, тұздалған қияр, ең арысы құрт жейді. Ал, тұздалған қияр қай жеті атаңның асы еді? Бұл – ауытқу. Жерік асты тауып берудің орнына дәрігерлер бәріне бірдей дәрумен береді. Сөйтіп бізде жеріктік өріс тоқырауға ұрынған. Сондықтан, тұлға азайып бара жатыр» – дейді Б.Момышұлының келіні Зейнеп апамыз.
Ең сұлу әйел – жүкті әйел деп жатамыз. Иә, дүниеге ұрпақ әкелу – Алланың әйел затына берген ең керемет нығметтерінің бірі. Жауапкершілікті талап ететін кезең десек те болады. Әйел адамның денсаулығына, әсіресе, аяғы ауыр кезінде көп көңіл бөлетіні де сондықтан. Қуанышты жаңалықты естіген ененің де құрсақ тойын жасап, аяғы ауыр келінінің тамақтануына, тынығуына, тіпті киім киюіне мән беруінде бір сыр жатса керек. Қызығы да, қиыны да сол, бір асқа жерік болған ана сол асты жегенше күні-түні көксейді. Аңсап-асығып тұрады. Аңсаған асқа аңсары ауа береді. Сілекейі шұбырады, ұйқысы қашады. Ойы бұзылады. Қарадай мазасы кетеді. Мінезі өзгереді. Жерік асын қашан бір тауып жесе, сонда жерігі қанады. Көксігі басылады. Жерік асқа ауған аңсары тоқтайды. Көңілі жай тауып, бойы кеңиді. Ойы сергиді. Сондықтан болар, қазақ халқы мұны «әйел жерігі», «жерік асы», «жерік немесе көксік», «көксеу» деп атайды.
Мәселен, жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы мүмкін. Ол болашақ ананың өз қалауына, өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпиялы құбылыс. Осы күнге дейін сақталған ел ішіндегі аңыз-әңгіме, жыр-дастандарда жолбарыстың жүрегіне, қабыланның, аюдың, ұлардың, сұңқардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін ержүрек батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы айтылады. Мысалы, аруақты батыр Жалаңтөс бабамыздың анасы Ақтұмар апамыз көкжал қасқырдың төс етіне жерік болса, сол секілді Шапырашты батырдың анасы Жұпар шешеміз де арланның бауырын шикідей жеп жерігін қандырған екен деп әліге дейін аңыз етеді. Әрине, аңыз тарих, дәлел емес, алайда, аңыздың түбінде шындық жатады. Ал, бүгінгі аналардың Зейнеп апамыз айтқандай тұздалған қиярдан бөлек «пицца, сущи, шаурма» сынды брендтік тағамдарға аңсары ауса, енді бірі ұйқыға жерік екенін жиі айтады. Сондай-ақ, ауыл ішіндегі ағайындардың да бұрынғыдай аң-құстың етін іздеп шапқылағанын естімейміз. Ендеше, ұсақ дүниелерге құмартып, ұрпағымыздың ұсақталып кетуіне жеріктіктің де қатысы бар деп ой түйінделік. Құрсақ көтерген алтын аналарымыз сәби бойға біткен сәттен бастап, тағылымы мол бейнебаяндар тамашалап, тарихи кітаптар оқуға және текті, батыр ұрпақты дүниеге әкелетіндей қабыланның жүрегіне, көкжалдың төс етіне жерік болып, жігерлі ұрпақ дүниеге келуіне сеп болайық!

Н.НҰРЛАНҚЫЗЫ
04 ақпан 2022 ж. 281 0