Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен абырой биігінде

Еңбегімен абырой биігінде

Жалпы, қоғамда еңбек адамының мәртебесін көтеріп, мерейін асыру мақсатында Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеялар кеңінен насихатталуда. Осы орайда, еңбек адамдарын, олардың жүріп өткен жолын, еліне жасаған қызметін, үлгі-өнегесін халық ішінде насихаттап, көрсете білу әрбіріміздің міндетіміз іспетті. Еңбек адамды өсіреді. Ол бесенеден белгілі, өз құндылығын өзгертпейтін аксиома. Еңбекті сүйіп, әрі жүйесін тауып жасап, одан ләззат ала білу керек. Жалқаулық пен еріншектікке ұшырау кез келген адамды өшіреді. «Еңбек түбі – береке» дей отырып, елге келетін ырыс та еңбекпен еселенетінін есімізден шығарған емеспіз.
Дүниеде түрлі кәсіп бар. Әрбірінің өз бағыты, өзіне тән артықшылықтары, ерекшеліктері бар. Ал, арамызда өз кәсібінен бақыт тапқандар аз емес. Бүгінгі әңгіменің өзегі де жасынан еңбекке араласып, бүгінде ауыл-елге сыйы артып отырған еңбек адамы жайлы өрбімек. Әбдікәрім Әбдиев – еңбекпен есейген буынның өкілі. Алаңсыз балалық күндерін сұм соғыстың зұлматына айырбастаған алдыңғы топ ағалардың легінен. 1940 жылы Ортақшыл ауылында дүниеге келген оның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Бала болып жарытып ойнамаған ол соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде өзге қатарластары секілді тұрмыстың қайнаған қазанының құлағынан ұстады. Бұғанасы бекімеген бала тіршіліктің тауқыметімен ер жетті. «Адалдық пен таза еңбек қана абырой бастауы болмақ» деген қағидатты өмірінің бағдаршамы етіп алған ардақты азаматтың, өңірдің өрістей түсуінде өзіндік үлесі бар. Қарапайымдылық – оның қанына біткен қасиет десек те артық айтқандық емес. Әкесі Әбді мен ардақты анасы Ауаш осы отбасынан өрбіген үш ұлы мен қос қызына тәлімді тәрбие берумен қатар, өз өмірлері арқылы адал еңбектің жетістікке жетелерін ұғындырған-ды.
– Әкеміз күні бойғы жұмыстан шаршағанына қарамастан шаңырағына келгенде ұл-қыздарын еркелетіп отыратын. Әкемнің бала тәрбиесіне деген ықыласы ерекше еді. Шопандық кәсіпті таңдауыма да, иманы жолдасы болсын, марқұм әкем және өскен ортам себепші болды. Әкем: «Балам, жолымды жалға, маған көмекші бол»,– деді. Бұл кәсіпті көзімді тырнап ашқалы көргендіктен, маған аса бір таңсық іс не болмаса жат жұмыс болған жоқ. Әкемнің кеңестеріне құлақ асып, мен өзіме азды-көпті біраз тәжірибе жинақтадым. Иә, қой бағудың да өзіндік ерекшеліктері, артықшылықтары мен қиындықтары бар. Аптапты ыстықтар, ызғарлы аяздарда да төзімді болу керек. Малшы кез келген ауа-райы құбылыстарына әр кез дайын болуы шарт. Сонымен бірге, алдыңдағы уақ малдың есеп-қисабын жаңылмай жүргізіп, әрбірінің жай-күйінен хабардар болуы тиіс. Әбдікәрім аға да өз ісінде төл алу, мал басын аман сақтау, өсімге тірі қозы қалдыру сияқты көрсеткіштерден жос­парын да, міндеттемесін де абыроймен орындап отырды. Міне, мемлекет мүлкіне, өзінің еңбегіне адалдығы, тазалығы. Өзінің табандылығының арқасында малды кейбіреулер құсап: «Өлсе колхоздың малы ғой, ажалы жетсе адам да өліп жатыр» деп немқұрайлы қарамай, шашау шығармай бақты. Сөйтіп, қоғам малын аман сақтады. Қақаған қыстың сарышұнақ аязды күндері мен шіліңгір шілденің аптап ыстығында қолына қамшысын алып, таң алакеуімде қойын шығарып, күн ұзаққа бағып, кештетіп қайырып, ымырт жабыла қоралаушы еді. Табиғаттың тұмса сұлулығына күнделікті көз суарып, жаз жайлаудың қызылды-жасылды қызығын көрген ағамыз алғашында көрген ауыртпалық жайында айтқысы келмейді. Бірақ қаршадайынан әкесінің жанында жүріп үйренгені әжетке жарап, баққан қойының күйлі болуына барын салды.
– Мал бағудың өзіндік жақсылығы бар. Әлгі ертеректе айтылатын: «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген мәтелдегідей екендігі рас. Қыстың қақаған аязында, көктем мен күздегі ақ жаңбырдың ызғарында кәдімгідей қиналып қаламыз. Оны бағу, өсіру, күтіп-баптау үлкен еңбекті, қажырлы қайратты талап етеді. Ондайда тіпті: «Қойда нем бар еді?!» деген ой да көкейге келіп қалады. Әрнәрсенің қиындығы болады, соған төзе білу керек, – деген байырғы шопан қара жолдың шаңын шығарған төрт түлік туған жердің көркі екендігін тағы бір еске салғандай.
Иә, Әбекеңнің немере ағасы Кәрібайдың үйіндегі Тұрсын жеңгесі 1959 жылы Қаржауды босанады. Екі айдан кейін жеңгесі қатты ауырып жатып қалады. Балаға сүт те шықпай қиналады. Мұны көрген үлкендер қауіп ойлап саса бас­тайды. Айналадағы адамдардың ойын оқығандай болған абзал ана босағасы бөлек кетпеген қайнысы Әбекең мен Жарқынай жеңгемізді шақырып алып, бауырындағы бөбегін қолына алып, «Айналайындар, мына дерт миеңдеп барады, мен бұл аурудан тұра алмаспын. Олай-бұлай болып кетсем, осы шақалақ сендерге аманат Құдай алдында сұраусыз» деп Қаржауды Әбекең мен Жарқынай келініне ұсына береді. Екеуі де сасқалақтап, «Қойыңыз сіз әлі тұрып кетесіз, мұныңыз қалай?» деп шыр-пыр болады. Дұрыс, «шықпаған жаннан үміт бар» деп Кәрібай да сөзге араласты. Біз мұны кемпіріміз екеуміз ақылдасып, осылай жасағанымызды жөн деп таптық. Әбекең де Жарқынай жеңгеміз де үлкендерге қарсы келе алмады. Алайда, Алланың берген дәм-тұзы таусылмапты. Қаржаудың анасы Тұрсынай шешеміз сырқатынан айығып кетеді. Сол Қаржау үлкен азамат болып өсіп, Әбдікәрім ағасына қолқанат болды. Анасындай болған жеңгесі Жарқынайға серік болды. Әбекең інісі Қаржауға іргелі жердің қызы Шолпанға құда түсіп, үйлендірді. Уақыт өте үш ұл, екі қызды болды. Бірақ, тағдыр таразысы әркез тең түсе бермейді екен. Қаржау ауыр дертке шалдықты. 2013 жылдың 9-шы сәуірінде бұл фәнидің мәңгілік мекеніне кете барды. Артында қалған ұл-қызын Әбекең ағамыз тәрбиеледі, оқытты, бас­тарын құрап бір-бір шаңырақтың иесі атанды. Шолпан қарындасымыз Әбдікәрім ағамыз бен Жарқынай жеңгемізге өлшеусіз қамқорлығы мен аталық махаббатын еселеп қайыруда. Бір шаңырақ астында бар шаруасын тындырып, көңілдерін тауып отыр.
– «Адам ұрпағымен мың жасайды» дей ме? Бүгінгі таңда мен де, әкемнен алған тәрбиенің тұнығын ұрпағыма «адалдық – адамгершіліктің ең маңызды қасиеттерінің бірі. Қиындықсыз табыс жоқ. Ертелі-кеш сол еткен адал еңбегіңнің жемісін жейсің. Адал, маңдай термен тапқан ризық, несібе қадірлі болады, сені ертелі-кеш мол бақытқа кенелдіреді. Ал қыңырлықтың келешегі жоқ», – деп, ақыл-кеңестерімді айтып, түзу жолдан таймауын нығырлап келемін. Шүкір, Аллаға тәубе. Нәтижесіз де емес, – дейді ол. Қысы-жазы малдың соңында, колхоз жұмыстарында жүрсе де балаларына еңбекпен келген нанның тәтті болатынын өсиет етіп, санасына сіңіруді өзіне әкелік парыз санайтын ол балаларының келешегіне «жүрдім-бардым» қарамапты. Иә, зейнет жасына жетсе де ширақ, өз ісінің жетік те тәжірибелі маманы.
Әбдікәрім аға мен Жарқынай жеңгеміз осы сүйікті кәсібінің арқасында 2 перзентін кемел жасқа жеткізіп, үйлі-жайлы, білімді етті. Әкенің тәрбиесін, ананың тәлімін көрген балалалар да жаман болып өскен жоқ. Әдетте ер-азамат түздің адамы, отбасының асыраушысы деп жатамыз. Ал, отанасы – осы ошақтың шамшырағы, үйінің берекесі. «Біз қаншама жыл бойы бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір кешіп келеміз. Өмірдің небір соқпақты бедерінен өттік. Аспадық, таспадық. Алдымыздан тосқан қиын күндерді бірге өткердік. Мейлі ол тұрмыстық болсын, мейлі ол шаруа барысындағы болсын. Бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Түсіндік, түсіністік. Мойымадық. Ол уақыттарда қазіргідей дамып, жетілген заман қайда? Қолда бармен ұқсатасың. Зулаған өмір-ай… Жастық жалынмен көңіл жарастырып, отау құрғанымыз күні кеше секілді еді. Тәубесінен таймаған жандармыз ғой, шүкір, қазір бақытты ата-әжеміз,–дейді Жарқынай жеңгеміз. Жалпы, ынталандырмайтын еңбек өнімсіз ғана болып қоймай, адамды тез қажытып, жігерін жасытып, алтын уақытын зая қылады. Ал, Әбдиевтердің өмір жолына үңіліп, керісінше дүниені аңғарғандай едік. Еңбектің расында еш кетпейтіндігіне тағы бір көз жеткізгендейміз. Тегінде, еңбектің еленуі бір бақыт десек те, атақ-марапат өз алдына. Міне, жарты ғасырға жуық уақытпен санаспай, өз ісінің қиындығына қарамай, еңбегінің арқасында «Еңбек Ері» атанбағанымен, түрлі деңгейдегі марапаттаулары да жоқ емес. Айтпағымыз, осынау жан еңбектің абыройына ие болды. Бүгінде олар ауыл-елге батасын беріп, көпке ақылын айтып, жол көрсетіп жүрген қазыналы қариялар. Ендеше, осындай қадірі биік, өмірі өнегеге толы қарттарымыздың қатары сиремесе екен деген бір ғана тілек бізден.
Қорытып айтатын болсақ, бүгінгідей алуан мәдениет пен технология тоғысқан ғарыштық заманда біздің алдымызда ұлттық сананың өрісін кеңейтіп, рухани кемелдене түсу міндеті тұр. Ал, рухани кемелділікті жоғарыда атап өткен өнегелі жандардың ғұмырдариясынан айқын көруге болады. Жастарға амандық, елімізге бақытты болашақ тілеп отырған тау тұлғалы еңбек майталманы, кең пейілді ел ағасы Әбдікәрім Әбдиевтің отбасына біз де амандық, саулық тілеп, қош айтыстық.

Әбіласан ЖҮСІП,
Ортақшыл ауылы
04 ақпан 2022 ж. 539 0