АДАМ НЕ КӨРГІСІ КЕЛСЕ, СОНЫ КӨРЕДІ
Бірде шағын қалашықта нөсер жаңбыр бірнеше күн жауады. Айнала-төңірек көлшіктерге, ал топырақ балшыққа айналып, адамдардан маза кете бастайды. Көшеде кездескен барлық тұрғынның қабағы қатулы, жүздері әбіржулі еді. Тек қалашықтың шетінде тұратын қарапайым қария ғана жайдарлы қалпын жоғалтпайды. Қашан көрсең, күлімсіреп, қуанып жүргені. Барлық адам оның бұл қылығын «есуастыққа» балады. Тіпті, қарияның бақытты жүзі кейбір адамдардың ашу-ызасын туғызды. Ақыры шыдай алмаған жас жігіт қарттан:
– Осындай қолайсыз ауа райында несіне мәз болып жүрсіз?, – деп сұрайды.
Қария күлімсірей түсіп:
– Балам, жан-жағыңа қарашы не көріп тұрсың? – деп, жігіттің өзіне сұрақ қояды.
– Не көріп тұрғаны несі? Түнерген бұлт, шалшық су, толассыз жауған жаңбыр... басқа не көруге болады?, – дейді жігіт қабағы шытылып. Сонда қария:
– Ал мен болсам жаңбыр тамшыларының арасынан таза ауаны, бұлт арасынан көк аспанды, шалшықтардың арасынан қара жерді көріп тұрмын. Жаңбыр қойып, күн шыққанда, кемпірқосақты да тамашалайтын боламын. Адам не көргісі келсе, соны көреді. Қалай өмір сүргісі келсе, солай өмір сүреді, балам, – деп, бұрылып кете барыпты.
Ақырын бер, Алла!
Ертеде бір төренің босағасында ата-бабасынан бері адал қызмет етіп келе жатқан бір тақуа жігіт ағасы болады. Ол кісінің бір әдеті, отырса да, тұрса да «Иә Аллам ақырын бер» – деп жүреді екен. Әлгі төренің жалғыз ерке өсіп келе жатқан жас баласы бар еді, ол әлгі қызметшіні көрген сайын: «Ой бейшара, жасың болса қырықтан асты. Е қатының, е балаң жоқ, Алладан не ақырыңды сұрайсың» – деп түртіп, теуіп кетеді екен.
Көп уақыт өтпей қазақ жерінде қызылдардың үкіметі орнап бай-манаптарды қуғын сүргінге алып, өлтіретінін өлтіріп, өлтірмегенін ит жеккенге (Сібір) айдап жібереді. Міне, осы дүрбелеңде әлгі төре тұқымымен қамалып, ит жеккенге айдалады. Арада бір 15-20 жыл өткенде төренің жалғыз ұлы қу сүлдерін сүйреп, арып-ашып, азып-тозып туған топырағына жетеді. Жасы болса отыздан асып ақыл тоқтатқан, тағдыр тауқыметінен бойында баяғы еркеліктің нышаны да қалмаған. Еліне келсе баяғы шашырап жататын елдің басы бір жерге қосылып тұрақтанып, колхоз-совхоздар құрылған. Ауылдың шетіне келіп, қой-қозы бағып жүрген баладан жөн сұрасады. Сөйтсе баяғы өзі білетін бес ауыл бірігіп, бір совхоз болған екен, әрі бұл совхоздың басшысы бұрын босағасында жүріп «Иә Аллам ақырыңды бер» – деп жүретін қызметшісі болып шығады. Бұл байғұс әкесі тіріліп келгендей қуанады. Өйткені, осы өңірде өзі танитын ол адамнан өзге ешкім жоқ еді. Арып-ашып босағасына сүмірейіп келіп тұрған төренің ұлын көріп тани кеткен бұрынғы қызметші, қәзіргі ел басшысы: «Бауырым-ай! Бар екенсіңдер ғой?! Мен Алладан амандықтарыңды сұрап, тұқымы құрымасыншы деп тілеп едім. Аллаға мың бір шүкір құрбандық!» – деп жылап көріседі. Дереу бір дәу қошқарды құрбандыққа шалып жіберіп, төренің көзін көрген ауылдың ақсақалдары мен игі-жақсыларын шақырып ас береді. Ас соңында көпшілікке: «Уа ағайын, бұл жігіт төремізден қалған жалғыз тұқым. Елдігімізді көрсетіп бұл жігітті аяқтандырып үйлендірейік. Үй беріп, мал-дүниемен қамтамасыз етіп, өз алдына отау құрғызайық?!» – деп қолқа салады. Отырған ел бірауыздан қолдап, ақсүйек жігітке қыз да, мал да беретіндер табылып жатады. Сонда басы төмен салбырап жүнжіп отырған жігіт тізесіне екі-үш жасар қызын отырғызып, мойнына асылған ұлын еркелеткен өздерінің бұрынғы қызметшісіне қарап отырады да, кенеттен: «Уа, ағатайым-ай, кешірші мені? Баяғыда Алладан ақырын сұрап жүргенде мазақ етіп, әдепсіздік көрсетуші едім...» – деп еңіреп оның аяғын құша жығылып ботадай боздайды. Сонда ол кісі: «Орнында бар - оңалар деген бабаларымыз. Бастысы, басың аман, денің сау болғаны. Қалғаны, Алла ақырын берсін...
Дайындаған Г.СӘБИТҚЫЗЫ