Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар бабалардың «тәк-тәк» деген тыйымымен емес, TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр - Нұртөре Жүсіп

Жастар бабалардың «тәк-тәк» деген тыйымымен емес, TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр - Нұртөре Жүсіп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Нұртөре Жүсіп қазір «Алматы трагедиясына» үлкен мән беру керек және осы оқиғалардан сабақ алу маңызды деп санайды.

Біз ұлттық идеология мен тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау қажет. «Менің мемлекетім», «Менің Қазақстаным» деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына қалайда тез ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың «тәк-тәк» деген тыйымдарымен емес, TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр. Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізеттің орнына жаппай қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап арбау, өтірік-өсек, мақтаншақтық, жалпақтау орнықты, - дейді сенатор.
Сізден сол ұсынымдарға қайта назар аударуды, парламенттік тыңдау материалдарын Үкімет мүшелерінің бәріне таныстыруды және соларды жүзеге асыру үшін шұғыл әрекет етуді талап етемін! Сенат бес құндылықты – атап айтқанда, тәуелсіздік және тарихи таным, ел мен жер, тіл мен имандылық, ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие, білім мен біліктілік мәселесін қазақ қоғамының басты қағидаттары ретінде күн тәртібіне шығарды. Соның бірде біреуі назарға алынбады. Айтылған сөз айтылған жерде қалды, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Сөзінше, былтыр Сенатта ұлттық құндылықтарды сақтау және одан әрі ілгерілету мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау өтті. Тыңдауға қатысушылар көптеген проблемалық мәселелерді көтеріп, жұмыс қорытындысы бойынша Үкіметке ұсыныстар берген.Депутат сондай-ақ өзінің сауалында қоғамды толғандыратын бірқатар мәселелерді де айтты. 
Мұның ішінді телеарналардың негізгі бағдары да бар. Елдегі жетекші арналардың көпшілігі мемлекеттік тапсырыс есебінен бюджеттен қаржыландырылады. Оларға «рейтинг» не үшін керек деп сұрақ қойған депутат, «Ел Арна» және «Тәлім ТВ» арналарын жасөспірімдер арнасына айналдыруды ұсынды. Мұндай контентті жасау қажеттілігінің маңыздылығын екі ай бұрын ел Президенті атап өткен болатын. 
Сондай-ақ, депутат білім беру, жастарды рухани тәрбиелеу, жасөспірімдер үшін цифрлық жобалар жасау және жұмыссыздық мәселелерін шешу салаларында бірқатар нақты мәселелерді көтерді.
Үкімет басшысынан осы айтылғандарды және Сенат қабылдаған Ұлттық құндылықтар туралы ұсынымдар мен әлеуметтік желідегі пайдалы ұсыныстарды тезірек елекке салып, нақты іс-қимыл жоспарын жасауды сұраймын! Ешкім бізге жаңа мемлекет құрып бермейді! Бізге іргесі берік қоғам керек! Жаңарған Қазақ Елі керек! Осыны күн сайын есте ұстау керек!, - деді сенатор.

20 қаңтар 2022 ж. 459 0