ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛУ МАҢЫЗДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламент Мәжілісінің отырысына қатысып, еліміздің жаңа Премьер-Министрін тағайындап, саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Лаңкестікпен байланысты ел басына күн туған қайғылы сәтте Президент халықпен бірге болып, әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен халықтың мұң-мұқтажын қанағаттандыру жөнінен күрделі реформалар мен қажетті шаралар кешенін қабылдайтындығын жеткізді. Аз уақытта қабылданған шаралар өз нәтижесін берері сөзсіз.
Біз барша халық болып Мемлекет басшысының сөзіне құлақ асып, қастерлі елімізде тыныштық пен берекелі өмір орнату ісінде қолдау көрсетуіміз аса маңызды. Сын сағатта халқымызға тән биік парасаттылық пен даналығымызды көрсете білейік.
Елімізде орын алған қауіп қатер бойынша Шиелі ауданының кіре-беріс жолдарына блок-посттар қойылып, аудан әкімдігі жанынан жедел штаб құрылды. Елді ауызбіршілік пен ынтымаққа шақырған қазыналы қарттарымыз бен спортшыларымыз, ерікті жастарымыздан құрылған арнайы жасақ күндіз-түні ауданның тыныштығын, тұрақтылығын сақтауға жұдырықтай жұмылып, жұмыс істеуде.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген аталы сөз бар. Еліміздің Тәуелсіздігі мен тыныштығы – біздің баға жетпес құндылықтарымыз. Сол себептен де Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын десек, берекелі бірлігімізді ту етіп, бейбіт өмірді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет.
Пердәлі АРХАБАЕВ,
Шиелі аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы
Шиелі аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы