Прокуратура ескертеді
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қызылорда облысының аумағында 2022 жылғы 5 қаңтар сағат 20:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтар сағат 00:00-ге дейінтөтенше жағдай енгізілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес төтенше жағдай қолданылатын кезеңде ол енгізілген жерде мынадай негізгі шаралар мен уақытша шектеулер көзделген:
– еркін жүріп-тұруға (комендаттық сағат 23:00 - 07:00), оның ішінде көлік құралдарының кіруі мен шығуына шектеулер белгіленді;
– тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлік құралдарын тексеру;
– бейбіт жиындарға, ереуілдерге және басқа да жаппай іс-шараларға тыйым салынды.
Одан бөлек, Қызылорда облысы полиция департаментінің бұйрығына сәйкес төмендегідей шектеулер белгіленді:
– облыс көлемінде азық-түлік дүкендері, дәріханалардың жұмыс уақыты 09:00ден 18:00-ге дейін шектелді;
– алкогольді өнімдердің сатылуына тыйым салынды;
– облыс көлемінде кафе-барлар, мейрамханалар, гипер, опто, супермаркеттердің, қоғамдық моншалар, сауна, спорттық ұйымдар, спорттық ұйымдар, ойын-сауық орталықтарының қызмет уақыты тоқтатылды;
– қару-жарақ және арнайы құралдарды сататын дүкендер жабылды.
Төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылатынын атап өтеміз.
Бүгінгі күнге аудандық полиция бөліміне төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзып, түнгі 23:00 - 07:00 арасында бейберекет жүрген 32 адам жеткізіліп, 7 құқық бұзушыға сотпен 10 тәулікке қамаққа алу шарасы қолданылса, қалған 25 тұлғаға қатысты әкімшілік іс сотқа қарау үшін жолданған.
Осылайша, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 476-бабы, төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін әрекеттері үшін (ӘҚБтК-нің 478-бабы) тиісінше 15 және 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.
Бұл ретте төтенше жағдай кезінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау ауырлататын мән-жай болып табылады (ҚК-нің 54-бабы, ӘҚБтК-нің 57-бабы) және неғұрлым қатаң жауаптылыққа алып келеді.
Билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбау, сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде тыйым салынған ереуілге басшылық ету және ұйымдардың жұмысына кедергі келтіру Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі – ҚК) 379 және 401-баптары бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.
Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату ҚК-нің274-бабына сай 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.
Төтенше жағдай кезінде қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, қозғалыс құралдарын, әскери техниканы немесе өзге де әскери мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру 10 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды көздейді (ҚК-нің 459-бабы).
Заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында, азаматтарды өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарап, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауға шақырамыз.
Сондай-ақ, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға, арандатушылыққа берілмеуге және төтенше жағдай режимін бұзбауға, ресми дереккөздерде орналастырылған елдегі ағымдағы жағдай туралы сенімді ақпаратты басшылыққа алуға шақырамыз.
Н.Дүйсенбаев,
Шиелі ауданының прокуроры
Шиелі ауданының прокуроры