Жаңа Үкімет жаңалықпен келеріне сенім мол
Осыдан санаулы күндер бұрын елдің әр аймағында болған лаңкестік әрекет елді елең еткізіп қана қойған жоқ, елдің ішкі саясатына да қатты әсер етті. Әсіресе, әлеуметтік әділетсіздік пен азық-түліктің қымбаттауы, жалақының төмендігі бар. Бірақ, соның барлығын қару арқылы, мондализм арқылы шешу мүмкін емес. Ондай мемлекеттер құрдымға кетеді. Тек ақылға салып шешкен дұрыс. Сондықтан, біздің миллиондаған Қазақстан азаматтары үшін бірінші кезекте елдің тұтастығы, тәуелсіздігіміздің беріктігі керек. Ертеңгі күні Тәуелсіздігімізге қарсы қару кезеніп оқ атқан барлық содырлар, террористер мен бұзақылар тиісті қатаң жазасын алатынына ешкім шүбә келтірмеді. Ел басына ауыр күндер туғанда халық сабырлық танытып, жергілікті билікке, полицияларға барынша қолдау көрсетті. Президенттің күндіз-түні тынбай жұмыс істеп, уақытылы әрі табанды қабылдаған шешімдері елдегі ахуалды тұрақтандырды деп айтуға болады. Мемлекетімізде әлі де болса шешімін таппай жатқан мәселелер мен кем-кемтігіміз де жеткілікті. Енді жаңа Үкімет жасақталып, бұқараның мүддесіне бағытталған әлеуметтік-экономикалық жаңа шешімдерді жүзеге асырады деген халықтың сенімі мол. Ол үшін Үкімет құрамына мемлекетшіл, халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде байқай алатын халықшыл, байлықпен былғанбаған тұлғалар керек. Жылына орасан зор қаржы бөлінгенімен тиімсіз жұмыстар көрсеткен күштік құрылымдарға түбегейлі реформа керек екендігін қырғын оқиғалар ашып көрсетті. Бүгінгідей ел басына күн туғанда бүкіл ел болып Президенттің айналасына топтасып, қабылданған шешімдерді мүлтіксіз орындау бәріміздің міндетіміз. Бес жылдан астам Қасым-Жомарт Кемелұлы Сенат төрағасы болғанда қол астында қоян-қолтық қызметтес болдық. Барынша мемлекетшіл, терең фундаменталдык білім алған, демократиялық принциптерді ұстаным еткен, жеке көзқарасын ешкімге таңбайтын қарапайымдылығы мол, аса сабырлы қайраткер тұлға екенін көрдік. Сондықтан, өз елінің тағдырына бей-жай қарай алмайтын ел заматтары Президентпен бірге. Тәуелсіздігімізді келер ұрпаққа аманат етіп жеткізу бүгінгі ұрпақтың парызы. Аманатқа адалдық танытайық, ағайын. Барлығымыз біргеміз. Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Мұрат Бақтиярұлы,
ҚР Сенатының депутаты
ҚР Сенатының депутаты