«ЕЛІМ-АЙЫҢ» ЖОҒАЛМАСА, СЕН БАРСЫҢ...
Өткен ғасырдың 50-жылдарының соңы мен 60-жылдарының басы қазақ әдебиетінде өнімді, жаңалығы мол кезең болды. Әсіресе, поэзия саласында жаңа бір толқын өмірге келіп, жастардың «Қос жүрек», «Жас қанат», тағы да басқа, топтама жыр жинақтары үстін-үстін жарық көріп жатты.
«1960-1970 жылдар – Қазақтың қазіргі заман поэзиясына жаңа есімдерді алып келуімен қатар, рухани және әлеуметтік өміріміздің, қоғамымыздың кезеңге лайық шындығын ашуда, поэтикалық формалар, түрлі образды бейнелеу құралдарын барынша терең тамырлы дамытуда, қазақ әдебиеті үшін жаңа бір күрделі кезең болды. Поэзиядағы айтарлықтай жаңа бір құбылысқа айналды. Ұлы М.Әуезов сөзімен айтқанда, жыл келгендей жаңалық сездіре келген Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, М.Шаханов, т.б. ақындар әдебиет есігін өзіндік үнімен, өзіне лайық даусымен батыл еніп, еркін ашты...» деп жазды айтулы ақын, ғалым Шөмішбай Сариев өзінің зерттеу еңбегінде. Осы талантты ақындар тобында Сыр перзенті Қанапия Дәрібаев та бар еді. Ол «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет» баспасынан 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» жастар жинағына енген «Ана туралы аңыз» поэмасымен өзі қатарлы ақындардың көшін бастады, қазақ поэзиясына өзіндік өрнек салды, жаңа леп әкелді..
«1960-1970 жылдар – Қазақтың қазіргі заман поэзиясына жаңа есімдерді алып келуімен қатар, рухани және әлеуметтік өміріміздің, қоғамымыздың кезеңге лайық шындығын ашуда, поэтикалық формалар, түрлі образды бейнелеу құралдарын барынша терең тамырлы дамытуда, қазақ әдебиеті үшін жаңа бір күрделі кезең болды. Поэзиядағы айтарлықтай жаңа бір құбылысқа айналды. Ұлы М.Әуезов сөзімен айтқанда, жыл келгендей жаңалық сездіре келген Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, М.Шаханов, т.б. ақындар әдебиет есігін өзіндік үнімен, өзіне лайық даусымен батыл еніп, еркін ашты...» деп жазды айтулы ақын, ғалым Шөмішбай Сариев өзінің зерттеу еңбегінде. Осы талантты ақындар тобында Сыр перзенті Қанапия Дәрібаев та бар еді. Ол «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет» баспасынан 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» жастар жинағына енген «Ана туралы аңыз» поэмасымен өзі қатарлы ақындардың көшін бастады, қазақ поэзиясына өзіндік өрнек салды, жаңа леп әкелді..
«...О, ана, арым ана, жаным ана,
Сырыңды жәйшылықта жан ұға ма?
Ұлға деп қырау шалған ақ шашыңның
Бұл аңыз ең алғашқы талы ғана.
О, ана, арым ана, жаным ана,
Әлем де саған теңеу табыла ма?
Ұлға деп күйіп-жанған сезіміңнің
Бұл аңыз бір минуттық табы ғана.
О, ана, абзал ана, көрікті ана,
Күні-түн жырласам да шабыттана...
Мұхиттай ұлға деген көңіліңнің
Бұл аңыз бетіндегі көбік қана.
Тізсем де сөз асылын, сөз шырынын,
Қай теңеу көзін табар көп сырыңның.
Тербетіп тал бесікті таңды атырсаң,
Бұл аңыз бір минуттық көз шырымың...»
Поэма әлемдегі абзал жан ана туралы жыр жолдарымен басталады. Өлеңмен өрнектелген ана бейнесі, ақын теңеуі кім-кімді де бей-жай қалдырмайды, толғандырады, тебірентеді.
Поэманың оқиғасы қысқартып айтқанда, төмендегідей: Шалғайдан келіп қалада білім алған жігіт оқуы біткен соң ауылына қайтпақшы болады. Келуін күтіп, күнін санап отырған жалғыз анасына тезірек жетуге асығады.
«Сағынған жалғыз анам – дінім менің,
Қамығар өте берсе күн ілгері.
Төрт болып екі көзі жолға қарап,
Жәутеңдеп күтіп жүр ғой бүгін мені», – дейді жігіт.
Бірақ, сүйген қызы алыстағы ауылға барғысы келмейді.
«Болғанда сенің анаң, менің де анам,
Тұрайық ақша салып тегінде оған.
Өзің біл ендігісін, ойым осы,
Ішіне сыр бүге ме сенімді адам...» – деген қыз жауабы осыны аңғартады.
Бойжеткен:
« – Өзің айт сенің ойың қай шамада,
Барғым жоқ менің сонау сай-салаңа...
Жігіт:
« – Жоқ, сүйіктім, мен сендік, бір боламыз,
Ауылға барамын да, қайтам онда...»
Жігіт аулына келіп, анасын көріп, мауқын бір басады. Әйтсе де түйіні шешілмеген түйткіл ой еңсесін көтертпей, жүрегін жүдетеді. Ол мектепте білім мен тәрбие берген ұстазын ұшыратып, бар сырын ақтарады. Үнсіз тыңдаған ұстазы ойланып отырып, ежелден елдің аузында жүрген бір аңызды әңгімелеп береді. Ертеде бір дәулетті адамның сұлу қызы болыпты. Өзі өзімшіл, тәкапбар, қатыгез екен, тиетін күйеуін де өзі таңдапты. Талай менмін деген батыр, сымбатты, ақын, сал, әнші жігіттер қыздың талғамынан шыға алмапты.
Бірде барынша көрікті, дәулетті әрі ержүрек жігіт келіпті қыздың алдына. Сұлу бойжеткен оның көрікті келбетіне көзін қадап отырып:
«Мені шынымен сүйесің бе, айтқанымның бәрін екі етпей орындайсың ба?» – дейді. «Бұлжытпай орындаймын» – дейді жігіт. Бойжеткен тағы да сұрақтың астына алады.
«Мен үшін ажалға тайсалмай қарсы барасың ба?», «Анаңды құрбандыққа шаласың ба?» – дейді. «Барамын», «Шаламын!» дейді жігіт. «Онда анаңды мен үшін құрбан етіп, жүрегін ыстық қалпында маған алып кел. Сонда ғана сүйетініңе сенемін әрі саған тұрмысқа шығамын», – дейді тәкапбар сұлу міз бақпай. Осы бір асқан жауыздық көріністі ақын былайша суреттейді:
Анасын жігіт шауып өлтіреді,
(Сұлудан артық сондай ол кім еді?)
Жан-жүрек кеудеден кілт жұлынғанда
Қара бұлт алас ұрып күркіреді.
Далада дауыл сарнап дүркіреді,
Аспанда ай жоғалып, күн түнерді.
Дүние алай-түлей, астан-кестен,
Қара жер асау аттай сілкінеді.
Қайғырып көк жүзінде тоқтаған ай,
Ақ жүзін айғыздады жас сорғалай.
Сыңсиды сырнайлы өзен, қурайлы өзен,
Аяулы жанашырын жоқтағандай.
Зырлаған киік қырда тұра қалды,
Шошынып жылан да інде жұмарланды.
Жүгірген жас жігіттің жолын орап,
Өкпек жел өксіп, өксіп жылап алды.
Қайғырған аспанда тек ай ғана ма,
Азалы күй сарнады айдалада.
Шағала қанатымен су сабалап,
Дегендей қош болып тұр қайран ана.
Гүлдердің қан болып тамды мөлдір
шығы,
Қайғыдан тау теңселіп, шөл күрсінді.
Опасыз, өлтірдің-ау өз анаңды,
Дегендей күміс көбік көл күрсінді.
Бүркеніп қара перде түн жылады,
Тұншығып күн жылады, тұнжырады.
Жолбарыс жар басында жасы парлап,
Бауырын тасқа төсеп, жылжымады.
Опасыз, өлтірдің-ау өз анаңды,
Дегендей сұм ажалдың өзі оралды.
Қарғады жас жігітті бүкіл әлем,
Періште: «Өзіне деп өз обалы!».
Қанталап күннің көзі қораланды,
Оралды, құйын оған он оралды.
Жүгірген жігіт кенет мұрттай ұшып,
Қаңбақтай жол үстінде домаланды.
Ары қарай:
...Жігіттің өзіне аян жығылғаны,
Белгісіз жел ұрғаны, жын ұрғаны.
Аумаған анасының дауысымен
Жан-жүрек қолындағы шырылдады.
Өз ұлы тастаса да жанған отқа,
Салса да кеудесіне ажал-ноқта.
Дейді ана: «Құлыным-ай, сүріндің ғой,
Бір жерің қатты ауырып қалған жоқ па?»
Итеріп өз баласы жардан отқа,
Тік жұлып жан-жүрегін алған жоқ па?
Сонда да аяйды ұлын байғұс ана:
«Бір жерің қатты ауырып қалған жоқ
па?..»
Қара жер жиіркеніп бұл баладан,
Көзіне құйылсын деп құм бораған,
Айнала түңілсе де, безінсе де,
Ананың көз жасы тек құрғамаған.
Түңіліп бұл баладан – құз қарадан,
Тас бұршақ төбесінен мұз бораған.
Айнала түңілсе де, безінсе де,
Ұлына Ана-жүрек мұздамаған...
Қоймады ұлын әлі аяғанын,
Сол сезім, өзгермеген сол баяғы үн.
«Жай жүгір, жай жүгірші, жаным балам,
Жан балам, жалғыз балам, сая бағым...»
Осы аңызды тыңдаған жігіт жаңсақ қадамға барғалы тұрғанын түсініп, ұстазына алғысын айтып, өзі анасына жетуге асығады. Үйіне келіп, сүйген қызына хат жазады:
«Айнашым!
Бәрін де мен сараладым,
Бәрін де ескі заң мен жаңа заңның.
Мен десең жет ауылға, той осында,
Батасы қымбат маған жан анамның!..»
Көлемі 2000 жолдан асатын поэманың алғашқы тарауы осылай бітеді...
Қанапия Дәрібаев «Светофор оттары», «Серт», «Шилі өзен», «Сыр перзенті» «Көк күмбезі», «Ана-жүрек» «Жазушы» кітаптарының авторы.
Шиелі аудандық газеті «Өскен өңір» деп аталған кезде алғаш қызмет атқарғандардың бірі – Қанапия Дәрібаев. Бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін 20 жыл атқарған ол 1981 жылы Алматыға қоныс аударды. Республикалық «Ара» журналында бөлім меңгерушісі қызметін атқарып, зейнетке шықты. Соңғы жылдары Қанекең Сонет жазумен айналысты.
Сонет (итал. sonetto – шағын ән) – әр шумағы тұрақты өлшемнен тұратын, 14 тармақтан құралған күрделі өлең түрі. Сонеттің алғашқы нұсқалары 13 ғасырда Италияда «сицилиялық мектепте» пайда болған, біртіндеп неміс, ағылшын, испан, француз, орыс поэзиясына тараған. Қазақ әдебиетіне сонет жанры алғаш аудармалар арқылы келді. Хамит Ерғалиев сияқты талантты ақын В.Шекспирдің сонеттерін шебер аударып, ана тілімізде сөйлетті. Қасым Аманжоловтың «Құрдас туралы» сонетінен бастап қазақ поэзиясында сонет жанрыбой көрсетті. Қазақ әдебиетіндегі сонет жанры сицилия мен ағылшын мектептері дәстүрін ұстана отырып дамыды. Біріншісі – 4 жолдан екі шумақ және 4 жолды бір терцет, 3 жолды бір терцет. Екіншісі – мұнда сонет құрылымы 4 жолды үш шумақтан және 2 жолды терцеттен тұрады. Қасым Аманжолов сонеттерін осы ағылшын мектебінің дәстүрінде жазған. Қанекең де осы дәстүрді қолай көріпті.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақынның шәкірті
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақынның шәкірті