Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Вакцина құтқара ма?

Вакцина құтқара ма?

Өткен ғасырда қауіпті саналған көптеген ауруды бүгінде адамзат бір ғана таблеткамен, бір ғана вакцинамен немесе бір ғана операциямен емдейтін жағдайға жеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау эксперті, статист ғалым Ханс Рослинг жылдан жылға адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы көбейіп, ана мен бала өлімі азайып келе жатқанын нақты және сенімді статистикаға сүйене отырып анықтаған. Адамзат мұндай жағдайға медицина мен адамзаттың тұрмыс жағдайының жақсаруының арқасында қол жеткізген деп тұжырымдайды дәрігер Рослинг. Мысалы, 1900 жылмен салыстырғанда адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 2,2 есе ұлғайып, бүгінде бұл көрсеткіш 71,7 жасқа жеткен.
Мұндай жетістікке вакцинаның да қосқан үлесі ерекше. «Базарым-ай, Назарым-ай, қу шешектен болды-ау сенің ажалың-ай» деген Кененнің зарлы өлеңін естіген боларсыздар. Әлемдегі ең алғашқы вакцина сол шешекке қарсы сонау 1796 жылы ойлап табылған. Содан бері инфекциялық біраз ауруға қарсы көптеген вакцина шығарылды. Вакцинаның арқасында адамзат 14 түрлі ауруды ұмытты десе де болады. Олардың қатарында сал, сіреспе, гепатит Б және А, дифтерия, қызылша және тағы басқа аурулар бар.
Біз медицинаның көмегімен біраз індетті жеңіп, соңғы 50 жылда айтарлықтай үлкен пандемиялар мен эпидемиялардан аман қалдық. Бағымызға орай, бір кездері соншама адамның өмірін қиған аурулармен жаппай ауырмадық. Көбіміз эбола, шошқа тұмауы сияқты ауруларды тек жаңалықтардан естіп, жәйбарақат өмірге әбден үйреніп алдық. Осылайша, әлем халқы вакцинаның қадірін ұмыта бастаған сияқты. Оған қоса бүгінде вакцинаның пайдасына күмән келтіру бейне бір сәнге, білімділіктің, мәдениеттің, мықтылықтың өлшеміне айналғандай. Десе де, вакцинаға күмәнмен қарау әлемде кездесетін құбылыс. Мысалы, 2019 жылы АҚШ-та бірнеше онжылдықта болмаған қызылша ауруының өршуі тіркелді. Ауырғандардың 75 процентке жуығы вакцина салдырмағандар екен.
Қызылша ауруына қарсы вакцинаның ойлап табылғанына 60 жылдан аса уақыт өтсе де, өлім-жітім саны азаймай келеді. Оған себеп, фейк ақпараттар. Ауру – жөтел мен түшкіру кезінде, адаммен қарым-қатынаста болған кезде жұғады. Дене темпераурасының жоғарылауымен басталады да, денеде бөртпелердің пайда болуымен жалғасады. Адам өміріне қауіп төндіретін ауыр түрінде іш өту, пневмония, мидың қабынуы белгілері байқалады. Вакцина ойлап табылғанға дейін осы ауру жылына орташа есеппен 2,6 млн адамның өмірін жалмап отырған. Алайда, вакцина ойлап табылған соң да, адамзат қызылшаны толықтай жеңген жоқ. Себебі, қызылша өте тез жұғатын ауру болғандықтан, толықтай жеңу үшін бүкіл адамзаттың 95%-ы екпе алуы керек. Соңғы кезде АҚШ пен Еуропада ауру тым өршіп барады. Оған себеп, интернет арқылы тез тараған екпеге қарсы топтардың идеялары. Ол идеяға негіз болған британдық дәрігер Эндрю Уэйкфилдтің 1998 жылы жарық көрген даулы мақаласы еді. Мақалада «қызылшаға, паротитке, қызамыққа қарсы екпелер балаларды аутизмге шалдықтырады» деп көрсетілген. Кейіннен бұл факт жоққа шығарылып, Э.Уэкфил лицензиясынан айырылғанымен, жалған ақпарат ұмытыла қоймады.
Жаһан жаппай күресіп жатқан коронавирус дертіне де қарсы вакцина әп дегеннен-ақ ойлап табылды. Әр елдің ғалымдары қолынан келгенше қалыспай, жарыса жасап жатыр. Қазақстанда короновирусқа қарсы екпе салдыру биылғы жылдың басынан басталды. Ақпарат ағымы тоқтаусыз алмасып отыратын цифрлы технологиялар заманында желідегі жалған ақпарат таратушылар халық санасына үрей салып үлгеріп те жүр. Елде жалған ақпарат таратушыларға 20 АЕК көлеміндегі айыппұл төлеуден бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда, заң халық арасында дүрбелең салушыларға тосқауыл бола алмай отыр.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ

03 желтоқсан 2021 ж. 238 0