Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Диқан мен жазушының достығы

Диқан мен жазушының достығы

Мен өзімнің осы бір ұзақ ғұмырымның ішінде аты ел арасында әйгілі болған, тіпті, аңызға айналған небір ­ардагер азаматтармен талай мәрте тұздас-дәмдес, дастарқандас ­болдым, талай мәрте сұхбаттасып, көп нәрселер жайлы мәслихат құрғаным бар. Мен мектеп есігін ашпаған адаммын. Алған білімімді бүгін мектепте оқытқан сабақ пен ғалымдар оқыған дәріс мөлшерімен өлшесек, онда менде түк білім жоқ. Мен, тіпті, куәлік, диплом деген нәрселерді ұстап та көрген емеспін, оған зәру де болған емеспін.
Бірақ, менде зерде бар. Өз халқымның мәдениеті мен әдебиетіне деген ғашықтық, асықтық бар. Оның көркейген үстіне көркейе түсуіне деген аса зор ықылас бар. Сондықтан да, мен және өзім секілді қариялар жаңа заманның жаңа мәдениеті мен әдебиетінің күнделікті жаңалықтарын көзбен оқып отырмасақ та көңілмен барлап, табысын – мақтап, жаманына – жұтап отырамыз. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын», – деген. Біздер әдебиет деген зәулім сарайдың іргетасын дән тасыған құмырсқа секілді ерінбей, жалықпай өз қолдарымен қалап жүрген інілеріміз, балаларымыз, немерелеріміз жайлы қолпаштауымыз емес, қостауымызды, ақылымыз емес, мақұлымызды айтқым келеді.
Мұндай кездері менің есіме ең алдымен Сәбит Мұқанов түседі. Сәбитпен алғаш танысып, етене жақын аралас-құралас болып кететін жылдар совет заманының дәуірлеп, дүркіреп кеткен кездері еді, сол тұсты туған ер балаларға «Кеңес» деген ат қою ел ішінде дағды болатын. Соған менің тілім үйреніп қалған екен, Сәбитті «Совет» деп шатастырып, талай күлкіге қалғаным бар. Сәбит оған ренжімейтін.
– «Балаға атты тек әке қояды. Өз әкем Сәбит десе, сіз Совет дедіңіз. Сіз де маған әкесіз», – деп отырушы еді. Аяулы інім.
Біздер күнделік жазған адамдар емеспіз. Өз өміріміздегі ірілі-ұсақты оқиғаны көңілге тоқып, еске сақтап, содан соң ой елегінен өткізіп, ретті жерінде айта жүреміз. Сондықтан да мен кіммен, қашан, қай ай, қай күні кездескенімді нақтылап, дәлдеп айтып бере алмас­пын. Бірақ, сол сұхбаттардан алған әсерлерім, одан тоқыған ойларым бәрі-бәрі көз алдымда жарқырап, көңілімде сайрап тұр. Лұқман хәкім әр жақсымен бір сұхбатын бір жыл өмірге санап, өзін мың жасадым десе, мен тіпті, он мың жыл өмір сүріппін десем де болады.
Сәбитпен, әсіресе, 1940 жылы тұңғыш кездесуім осы уақытқа дейін көз алдымда. Ұмытпасам, жаз айы, күріш әлі піспеген, оның арам шөбін отап жатқан абыр-сабыр кез болатын. Сәбит Мұқанов деген үлкен жазушы бар екенін сырттан естігенім болмаса, өзін әлі көрмеген кез. Сәбит біздің ауылға келгенде тура кеп үйге түскен жоқ, аттың басын егістікке бұрып, алдымен күріштікке келді. Сол кезде жасы қырықтарға енді бойласа да, Сәбит палуан денелі, жалпақ толық бетті, етек-жеңі мол дарқан жігіт екен. Жұрт мені: «Қапсағай денелі, қара жұмысқа о бас­тан бейім жаралған» – деп әңгімелеуші еді. Сәбитті көргендегі маған келген алғашқы ой: «қолына кетпен беріп, диқан болатынның нағыз өзі ғой» – деген болды. Біраз сөйлесіп, әбден үйренісіп, ет өлгеннен кейін сол ойымды айтып едім, Сәбит ішек-сілесі қата күліп, мәз-мейрам болды да қалды.
– Құдай сақтап, – деді ол, – жазушы болыппын. Әйтпесе, қара жұмысты қопарып кетерім анық нәрсе.
Сөйтті де, жазушылық өнерінің адам жанының сөлін сығып алатын мехнаты жайлы сөйлеп кетті.
– Жазушының үлкен-кішілігіне қарамай, жаңа туған нәресте секілді сары ауыз кезінде қолдап отырмаса, оның жөргекте өлуі ықтимал, – деді ол.
Мен әрине Сәбит айтқан сөздердің ішіндегі есімде қалған әсемдерін әдейі бөліп алып отырмын. Әйтпесе, маған ол бір көргеннен аңқылдап сөйлейтін, балаша аңғал, қарапайым адам секілді болып кетті. Атақ-даңқы сол кездің өзінде-ақ шарықтап тұрған Сәбит, өзінің осы беделін не сезбейтін, не оған мән бермейтін адам сияқты елеусіз көрінуге тырысатын.
Сәбиттің осы жылғы маған келгендегі мақсаты – ­Сыр бойы, Сыр күріші жайлы кітап жазу екен. Сәбит «Сыр бойының күрішін дәл Сыр азаматындай түсіне алар ма екен» деп күдіктеніп едім. Табиғатынан елгезек, әр нәрсеге ынтызар, дөп басатын байқағыш, қыр-сырды мүлт жібермейтін қырағы Сәбит, өзінің жан-жақты тереңдігі, зеректігімен мені әбден таңғалдырды. Сәбит менімен туа бітті күріш өсіріп жүрген адам секілді тең сөйлесіп кетті.
Сөйте тұра, кітабының басты кейіпкері етіп дәл менің атымды атауына үзілді кесілді қарсы болдым.
– Неге? – деді Сәбит.
– Мені жазатын болған соң, қанша сыпайы болсам да пендешілік деген бар, бір нәрсені мен қосып айтам, оған сен бір нәрсе қосасың. Ең дұрысы, мен Ыбырай болып қала берейін, сен жазатыныңды Сәбит етіп ала бер, – дедім.
Содан бері талай жылдар өтті, «Сырдария» романы әлдеқашан жазылып, ел арасына тарап, халықтың өз бағасын алып та кетті. Ортамызда Сәбит жоқ. Оның талай мұңы, арманы, ойы, мақсаты, нысанасы бар еді. Әттең, неғылайын, Сәбитжан-ай! Мен кейде өзімнен-өзім отырып, саған кітапқа өз атымды алуға бекер көнбеген екенмін, деп өкінемін. Егер сен солай еткенде кітап, мүмкін, басқа бағытта жазылар ма еді, оқиға мүлдем басқаша өрбір ме еді, кім біледі...
Ия, бұл жерден даңқты диқан мен даңқты жазушының арасындағы достықтың соншалықты қимастық пен бауырмашылдыққа ұласқанын байқаймыз. Қандай достық...
Сол Сәбит Мұқанов жазған «Сырдария» романы бүгінгі күнгі дейін Ыбырай ата музейінде сақтаулы тұр.

Сүйіндік Нұралиев,
Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің ғылыми қызметкері

23 қараша 2021 ж. 254 0