Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРИЯЛАР ҚҰРМЕТ КҮТЕДІ

ҚАРИЯЛАР ҚҰРМЕТ КҮТЕДІ

Ел басына күн туғанда ер азаматтармен бірге елін, жерін қорғаған қыздарды тарихтан білеміз. Ертегілер мен батырлар жыры, түрлі хикаялардағы батыр қыздардың бейнесі Ұлы Отан соғысында көрінді емес пе? Соғыстан кейін де тыңайған жерлерді игеруге атсалысқан талай аналар трактор рөліне отырды. Ырысты, күрішті Қызылорда жерінен қанша Социалистік Еңбек Ері атағын алған апалар бар. Әйгілі «Сыр Сылуы» әнін Ш.Қалдаяқов біздің күрішші аруларға арнаған.
Аңсатса Сыр өңірі, ән тербеп жүрегімді
Өзіңнен туған елің айналсын.
Жайқалған ақ күрішің, жаралған шаттық үшін
Қайран сол Сыр сұлуы қайдасың?
Сырдың қыздары сұлулығымен қатар еңбекте де озат болғандығы осы әннен белгілі.Сол кездегі өрімдей күрішші бойжеткендер қазір ғасырға жуық жасаған қариялар. Қатары да сиреген. Саналы ғұмырын егін даласындағы дүбірге арнаған, табаны ойылғанша түзде еңбек етіп, маңдай терімен нәпақасын тапқан арулардың бірі – Зухра Сағындықова.
– Алпысыншы жылдардың ортасында «Қыздар күрішке!» деген ұран шықты. Ауылдағы жас бойжеткендердің барлығы егін даласына жұмылдырылды. Бірі трактор рөліне отырса, енді бірі қара жұмысқа бағытталды. Небір қиын-қыстау замандар мен егін бітік шығып төбеміз көкке бір елі жетпей қалған кездеріміз күні кешегідей есімде. Шүкір, өткенге көз жүгіртсем, егін даласына 32 жыл, 11 ай, 9 күнімді арнаппын, – дейді 76 жастағы Зухра апа.
Зухра Сағындыққызы жас ғұмырын қара жұмысқа арнағанымен қоймай, бауырлары үшін жеке өмірін де ысырып қойған жан. Жеңгесі жастай өмірден өтіп, артында қалған аманаттары – бес баласын жетілдіруді міндетім деп санаған ол бар күш-жігерін солардың оқып, білім алуына арнайды.
– Жеңгем қайтыс болғанда кішкентайы бесіктегі шақалақ еді, – дейді жанарына жас толған қария. Намысқа тырысып барлығын қатарынан кем қылмай, жақсы тәрбие беруге тырыстым. Қазір әрқайсысы өз орындарын тапқан. Тек шешесі өлгенде бесікте жатқан кенже бала дүниеден ерте озды. Қазір соның артында қалған 3 баласына шамам келгенінше бас-көз боп отырмын, – дейді Зухра апа.
Тағдыр тоғыстырып қырықтан асқан шағында телікөлдік Рахматулла атты азаматпен отау құрады. Зухра апа тұрмысқа шықса да бауырларына алаңдап ауылдан ұзағысы келмеген. Біршама уақыт өткен соң қайын жұртынан рұқсатын алып, жолдасы екеуі ауылға көшіп келеді. Әйткенмен оған жұбайлық өмір ұзақ бұйырмапты. Тату-тәтті, жарасымды жұп боп өмір кешкен жолдасы біршама уақыттан соң мәңгілік мекенге аттанып кете барады.
Ұзақ жылдар бойы қазіргі Ақмая, бұрынғы «Авангард» шаруашылығында күріш, бидай еккен диқаншы қыз өзіне жүктелген шаруаны артығымен орындағаны үшін бірнеше мәрте сауықтыру аймақтарына, Польша, Германия, Чехословакия, Болгария елдеріне барып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, төрт мәрте Мәскеуге сапарлап қайтады. Бүгінде қария «Халықтар достығы» ордені, «Ұзақ жылдарғы адал еңбегі үшін», «Халық шаруашылығындағы жетістігі үшін» секілді бірнеше медальдарды кеудесіне таққан облыстық дәрежедегі зейнеткер.
Жалғызілікті қария Зухра Сағындыққызы бүгінде құлазыған ескі үйді паналап отыр. Ауыл әкімдігі азаматтарды жұмылдырып, жөндеу жұмыстарын жасағанымен, жағдай мәз емес. Үйдің іргетасы мүжіліп қалған, апатты жағдайда. «Ақмая» шаруа қожалығы есебінен есігінің алдына топырақ, құм үйілген екен. Өзі бағып отырған балалардың бірі жоғары оқу орнында оқып жүрсе, екеуі жұмыс жасап сыртқа кеткен. Үйде жалғыз. Күші қайтқан қария:
– Үй соғуға шамамыз келер емес. Менің күш-қайратым сарқылды. Бірақ қолдағы балалардың болашағы үшін жаңа баспана болса деймін, – деген тілегін жасырмады.
Халқымыз «елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп уақыттың бір орнында тұрмайтынын, ұрпақ алмасуымен бірге заманның да өзгеретінін айтқан. «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» деген Абайдың сөзі де әркім өзі өмір сүрген уақытқа бағынадыға саяды. Арамызда санаулы ғана қалған еңбек ардагерлерін лайықты құрметке бөлей алмасақ азаматтығымызға сын болмай ма?

Гүлхан ЯХИЯ.
25 мамыр 2019 ж. 1 080 0