Жақсылыққа жаны құмар
Жас кезімізде үлкендерден «Адамның адамдығы адалдығымен және халқына жасаған еңбегімен, төккен терінің төлемімен бағаланады» деген сөздерді көбірек еститін едік. Сол айнымайтын өмір қағидасы екенін есейгесін түсіндік. Бір қалпынан айнымайтын қарапайым адамдардың ерен еңбегімен ел алдында жүргені – біз үшін мақтаныш. Тіпті, қалың елі қайғырса қалқан, қабырғасы майысса сүйеу болатын азаматтарымыз баршылық. Олар бүгінде берегендігімен де, көрегендігімен де көптің алғысын алып жүр. Сондай жанарына жылылық, жүзіне мейірім ұялаған Мұқанбетжан Салқынбаевты үнемі келелі істердің басынан көреміз. Тұла бойына байыптылық пен байсалдылық тұнған, жүрегіне парасат қонақтаған азаматты бүкіл Шиелі өңірі құрмет тұтады. Әр ісі толымды нәтижеге ұласқан осынау абзал азаматты үлкенге де, кішіге де сыйлы еткен аппақ қардай ниеті, балаша аңқылдаған көңілі мен терең білімі дер едік.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Жаны жайсаң, жүзі жарқын, өнегелі іс-әрекетімен жан-жағына танылған абзал жандардың бірі, адамгершіліктің алтын ережелерін ұстанған 6 перзенттің әкесі Мұқанбетжан Бекмырзаұлы 1969 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты, Жөлек ауылдық округінде дүние дидарына келеді. Содан Гигант ауылындағы №148 орта мектептің табалдырығын 1976 жылы аттап, алтын ұяны 1986 жылы үздік бітіріп, 1986 – 1993 жылдар аралығында В.И. Ленин атындағы Қазақ Политехникалық Институтында оқып, Кен орындарын барлау технологиясы мен техникасы инженері мамандығын алып шықты.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Жаны жайсаң, жүзі жарқын, өнегелі іс-әрекетімен жан-жағына танылған абзал жандардың бірі, адамгершіліктің алтын ережелерін ұстанған 6 перзенттің әкесі Мұқанбетжан Бекмырзаұлы 1969 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты, Жөлек ауылдық округінде дүние дидарына келеді. Содан Гигант ауылындағы №148 орта мектептің табалдырығын 1976 жылы аттап, алтын ұяны 1986 жылы үздік бітіріп, 1986 – 1993 жылдар аралығында В.И. Ленин атындағы Қазақ Политехникалық Институтында оқып, Кен орындарын барлау технологиясы мен техникасы инженері мамандығын алып шықты.
Алғашқы еңбек жолын 1993 жылдың қазан айында, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қазатомөнеркәсіп Ұлттық Атом Компаниясына қарасты «№6 Кен басқармасы» филиалының, №1 жер асты сілтілендіру кенішінің бұрғылау қондырғысының машинисі болып жұмысын бастаған. Ары қарай, 1993-2010 жылдар аралығында осы «№6 Кен басқармасы» ЖШС-де геотехнологиялық ұңғымаларды жөндеу операторынан бастап геотехнологиялық алаң басшысының орынбасары, «Иіркөл» кенішінің геотехнологиялық алаң басшысына дейін көтеріліп, өзінің тындырымды ісі мен атқарған тірлігімен білімінің арқасында қызметі көтерілді. 2011-2017 жылдар аралығында Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Семізбай-U» компаниясына шақырылып, «Семізбай» кенішінің бас инженері, директоры болып қызмет атқарды. 2017 жылдың ақпан айында Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Семізбай-U» «Иіркөл» филиал директоры болып тағайындалды. 2018-2020 жылдар аралығында аудандық мәслихат депутаты. Семізбай-U» Бастауыш партия ұйымының төрағасы. Осылайша, бірнеше қызметті абыроймен атқарып келеді. Әрқашан да басшы болып істеген адамның атқарған қызметіне баға беретін халық пен уақыт. Одан асқан сыншы жоқ. Ел-жұрт кімнің кім екенін жақсы таниды. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейтіні де содан. Өзіне жүктелген қызмет пен міндетті абыройлы атқарып, ісіне адалдығымен, еліне жасаған жақсылығымен танылып, адами қасиетті өмірінің темірқазығындай берік ұстанып, еліне адал қызмет етіп жүрген Мұқанбетжан тұла бойына парасаттылық қасиетті берік қалыптастырған шоқтығы биік азамат.
Ол елдің елдігі мен ауызбірлігіне жік түсірмей, тізгінді тең ұстауымен де ерекшеленген басшы болып, халқына адал қызмет етіп жүр. Сондай-ақ, Мұқанбетжан Бекмырзаұлы жайлы ел аузындағы әңгімелерге құлақ түрсеңіз, ол кісінің кеңпейілдігін, парасаттылығын, сабырлылығын, салиқалығы мен байсалдылығын жиі естисіз. Білікті де білгір басшының ұжымды басқару тәсілі, ұйымдастырушылық қабілеті, кісілік келбеті, өнегелі өмірі көпке үлгі боларлық.
Иә, жомарттық – жанның байлығы дегендей, мұндай қасиетке ие болған кісі жақсылық жасауды көңілі қалап, көпшілікке қол ұшын беруге дайын тұрады. Жомарттық – қазақтың төл мінезі сынды. Астындағы атын түсіп беретін, жапалақша басып жемей, сұңқардай шашып жейтін азаматтар елімізде көп. Солардың бірі – қырандай жомарт жан, жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Семізбай-U» «Иіркөл» филиал директоры Мұқанбетжан Салқынбаев. Ол азаматтық абыройының туын жоғары ұстап, көпке қайырымдылық жасап, ауданда өткен көптеген жарыстарға демеушілік танытып келеді. Атап айтар болсақ, Шиелі ауданында тұратын тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына, Ұлы Отан соғысы мен Еңбек ардагерлеріне қаржылай, заттай және отын, су көмегін үзбей көрсетіп келеді. Аудан жастарын қолдап, спортшы ұл-қыздарға қаржылай демеушілік жасайды. Аудан көлемінде атқарылып жатқан әлеуметтік-саяси бағдарламалар мен аудан көлеміндегі түрлі іс шараларға белсене қатысып, Тәуелсіз еліміздің абырой беделін арттыруға, ауданымыздың әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып жүр.
Кәсібінен нәсібін тапқан жігіт ағасы – игі іс жасап, 2018 жылы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күніне орай, кент орталығындағы Абылайхан көшесінің бойынан шағын аудан халқы демалатын демалыс саябағы мен 2019 жылы Бидайкөл, Төңкеріс ауылдарына автобус аялдамасын салып берді. Сонымен қатар, 20 жылдан астам аяқ су келмеген Тартоғай ауылындағы каналға су реттегіш жабдығын орнатып, ауылды аяқ сумен толық қамтамасыз етуге көмек қолын созды. Ал, қамқор жүрегімен жетімнің басынан сипап, жесірдің жоқ-жітігін жеткізуге тырысып жүретін Мұқанбетжанның мәрттігін білмейтін жан кемде-кем. Қарапайым, кішіпейіл болмысының өзі бір бөлек әңгіме дерсіз. Сондай-ақ, Шиелі ауданының тұрғыны болған, кенеттен жолдасымен бірге жол апатынан қайтыс болған Баймұхамед Серік Икрамұлының артында қалған 4 қызына жаңа жылдық сый ретінде, ақшалай қаражат беріп, оқушыларға қуаныш сыйлады. Медициналық мекемелерге әлеуметтік көмек көрсету аясында індетке қарсы тұрып, коронавируспен күресті күшейту мақсатында, «Семізбай-U» ЖШС Шиелі ауданаралық ауруханасына демеушілік жасауына ықпал етті. 2000 дана медициналық бетперде, 100 дана қорғағыш комбинизон, 2 дана оттегі концентраторы, обаға қарсы 10 дана қорғағыш костюмін Шиелі ауданаралық ауруханасына тапсырды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында «30 Игі іс» қайырымдылық акциясы бойынша, Шиелі ауданында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы 50 отбасына көмек қолын созып демеу көрсетуде. Расымен де шын мұқтажға, арлы, адал кісіге жомарттық жасаудың сауабы мол. Сауапты іске – самалдай есілген, тұлпардай көсілген кейіпкеріміздің жақсылығы жетерлік. Ол – бергенін ұмытып, алғанын ешқашан ұмытпайтын адам. Қашаған жырауша айтсақ, «Кеуде бір жерді жол қылсам, Шөлең бір жерді көл қылсам» – деген азамат. Қандай мамандық иесі болса да, өз істеріне жауапкершілікпен қараған адамның жетер жетістігі де өте көп. Бүгінде Мұқанбетжан Бекмырзаұлының елге жасаған еңбектері ескеріліп, жеткен жетістігі де бір төбе. Атап айтар болсақ, 2011 жылы «ҚР Атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» І ші дәрежелі Құрмет төсбелгісімен марапатталды. Одан соң, КазАтомөнеркәсіп саласында жемісті еңбек еткеніне қарай 2012 жылы «Шапағат» мемлекеттік медалімен және КазАтомөнеркәсіп Ұлттық Атом Компаниясының «КазАтомөнеркәсіп -15 жыл» төс белгісімен марапатталды. 2016 жылы Қазақстанның тәуелсіздігіне 25 жыл төс белгісімен марапатталды.
2018 жылы Шиелі ауданына 90 жыл мерейтой төс белгісімен және Шиелі ауданының «Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің» 60 жыл мерейтой төс белгісімен марапатталды. 2020 жылы «Қазақстан мәслихатына 25 жыл» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, облыс, аудан әкімдерінің, салалық кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарымен марапатталды. Осынау жылдар бойы барлық бақытын еңбектен тауып келе жатқан асыл азаматтың тірлігіне сүйсініп, әлі талай белесті бағындырарына сенеміз.Өлкеміздің өсіп – өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген Мұқанбетжан Бекмырзаұлы қандай да бір марапатқа лайықты азамат деп ойлаймын.
Киікбай Исмайлов,
Шиелі ауданының құрметті азаматы, Еңбек ардагері
Шиелі ауданының құрметті азаматы, Еңбек ардагері