Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер айтады

Ардагерлер айтады

Құрметті аудандық «Өскен өңір» газетінің редакциясы! Шындығында бұл газет – ауданымыздың айнасы. Жаманымызды жасырып, жақсымызды асырып отыратын, қисайған бетімізді түзетіп, түзу бетімізді көріктендіріп жіберетін, шындықты шыңғыртып, сынды орнымен жазатын, Шиелі ауданының тұрғындары бетіне қарап отыратын, оқырмандары ойшыл, журналистері сезімтал да көреген, сан-алуан өзекті мәселелер мен тақырыптарды қозғап, қоғам дамуына түрткі болып келе жатҚан сүйікті газетіміз.
Өте орынды. Қазақ қашанда қариясын сыйлап, сөзін жерге тастамаған. Соңғы кездері сын мақалалардың маңдайына «Аудандық ардагерлер назарына!», «Ардагерлер Кеңесінің назарына» деген айдарлармен беріліп жатқанын да дұрыс қабылдаймыз. Енді сын мақалаларға тиісті мекеме басшылары, шаруашылық төрағалары, жеке кәсіпкерлер уақытылы жауап бермей жатса, қайтеді? Ұялса да ардагерлер ағаларымыз бір үн қатар деген шығар. Кім білсін? Басылымның 17 тамыз күнгі №65 санында жарыққа шыққан «Көрген көзде жазық жоқ» атты мақаласын қайтадан 16 қазан күні №82 нөміріне «Жазылған жай жауапсыз қалды» деген атпен берілсе, 2 қараша күнгі №87 санына тағы да осы мәселе көтеріліп, «Жазылған жайдың жауабы қайда?» деп айқайлап жатты. Талантты, шебер тілші Гүлнар Дүйсебай бекерге шырылдап жүрген жоқ. Қоғамның келеңсіз көрінісіне, кент тұрғындарының талап-тілектеріне, кәріз суының жағымсыз сасық иісіне мән бермей отырған қожайындардың назарын аударып, қалам тербеп отыр. Тамыз айындағы мақала шыққанда мен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы емес едім. Қазан айындағы мақаланы оқып отырғанымда осы Дәулеткерей көшесіндегі депоның 2 қабатты үйлерінің бірінде тұратын бір жігіт «Ардагерлер үйіне» жүгіріп келді. Ентігіп тұр, ашулы. «Әй, сендер ана шұқырды адам түсіп өлгесін барып көмесіңдер ме?» деді аты-жөні жоқ. «Жәй, не болды сонша, бұл жерде ардагерлер отырады, сіз деп сөйлеу керек шығар» – дедім зілсіз. «Ой, жаңа ғана бір орыс бала анау беті ашық шұқырға түсіп кетіп, шешесі екеуміз шығарып алдық. Қайта құдай сақтады. Өліп қала жаздады. Орыс әйел «мен арызданамын, жоғарыға барамын, телеарна шақыртамын» деп шу шығарды. Көпшілік жиналып қалды. Сосын мен ашуын басып, «жоғарыға айтамын» деп сіздерге жүгіріп кіргенім еді, кешіріңіздер деген жігіт, «ұят емес пе, біз де осы сасық иіске тұншығып отырған ­жайы­мыз бар, екі ай болды ғой, ашуланбай қайтеміз» деп шығып кетті. Шұғыл түрде осы мәселемен кент әкімі Ғабит Аманжоловпен хабарласып, оқыс оқиғаны да жеткіздім. Ол ертесіне төмендегі жауабын ала келіп, мән-жайды түсіндірді.
– «КТЖ-Жүк тасымалы» АҚ «ГП Қызылорда бөлімшесі» филиалы, Қызылорда пайдалану локомотив депосының Шиелі станциясында 1979 жылы салынған кәріз суларын айдау станциясы (әрі қарай КНС кешені) бар және қазіргі таңда қосалқы шаруашылық ретінде жұмыс жасап тұр. Негізінен аталған КНС кешенінің қызметі локомотив топтарының демалыс үйінен және локомотивтерге техникалық қызмет көрсету пунктінен шыққан кәріз суларын жинап әрі қарай айдау болып ұйымдастырылған. Дегенмен, 1980-1990 жылдары осы КНС кешеніне баратын құбырларға Дәулеткерей көшесінің бойындағы 2 қабатты 18 пәтерлік 6 үй қосылып, жеке кәсіпкерлер «Мейір» қонақ үйі, «Думан» сауықтыру орталығы, «Элита» қонақ үйі, «Мечта» сауда орталығы, темір жол электр желілерінен шыққан кәріз сулары да айдалуда және серіктестік тарапынан негізгі қызмет түрлеріне кірмейтін болғаннан соң ешқандай ақы талап етілмей, тегін қызмет көрсетілген. Бүгінгі таңда теміржолшылар демалыс үйі бұл жүйеден ажыратылған соң, мекеме кәріз суын жөндеу жұмыстарын тоқтатқан. Жоғарыдағы жеке кәсіпкерлер кәріз суларын баяғыша осы құбырға айдай берген. Шектен шыққан су аталған жерді тесіп, айналасын көл қылған. Кент әкімі Ғ.Аманжолов әңгіме барысында бар үмітіміз «КТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы «ГП Ақтөбе бөлімшесі», Қызылорда пайдалану локомотив депосы» мекемесіне хат жолдап, соның жауабын күтейік деген еді. Келістік. Ол 6 қазан 2021 жылғы №05-181636 нөмірімен жоғарыдағы мекеме басшысы міндетін атқарушы Ғ.Бисенбаевқа жолдаған хатын да әкеліп көрсетті. Онда кәріз жүйесінен өзіңіз білетіндей ақау пайда болып, Дәулеткерей көшесінде жол бойына шайынды су жайылуда. Өз кезегінде орын алған жағдайларға байланысты тұрғындар арасында резонанс туындауда. Сонымен қатар, жергілікті БАҚ беттеріне сын мақала жарияланып, әлеуметтік желілерге тарап, қызу талқыланып, теріс пікірлер жазылуда. Бұған дейін кәріз жүйесіне қосылған кәсіпкерлер тарапынан қаражат жиналып, тазарту жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда, шайынды судың жол бетіне жайылуы бір ай болмай қайта қайталанып отыр. Бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігі, қоршаған ортаның ластануы, инфрақұрылымның бүлінуі екенін ескерсек, мәселе түпкілікті шешімін тапқанға дейін өз тарапыңыздан орталық кәріз жүйесін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуіңізді сұрайды делінген. Кент әкімінің бұл хатына жауап 3 қараша күні (2021 ж) келіп жетті. Жауап жақсы емес. Ол салаға қаржының бөлуіне байланысты, өкінішке орай КНС және кәріз желісінің жұмысын жүргізуден бас тартатындықтарын айтқан. Сонымен «іс бітті, қу кетті» болған секілді. Ендігі кент әкімінің шешімі осы бүкіл кәріз жүйесін жеке кәсіпкерлік мекемеге тапсыру арқылы қызметті жандандыру. Кәсіпкер жігіт қажетті құжаттарын даярлау үстінде екен. Нарық зандылықтарына сәйкес біз баяғы комхозды құра алмайтын көрінеміз. Шіркін, аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесі деген тазалықты тастай етіп, мынандай апаттардың алдын алып отырушы еді. Күшті мекеме болатын. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» – дейді дана халқымыз. Аудан ардагерлері сынға жауап бергенді жөн санадық. Мәселенің анық- қанығын, жауабын зерделеуге бірталай уақыт кеткені рас. «Халық айтса, қалып айтпайды». Кемшін тұстарымыз әрқашан ардагерлер назарында.

Өркен Исмаил,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

05 қараша 2021 ж. 373 0