ДДСҰ коронавирусқа қарсы тағы бір вакцинаны мақұлдады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) төтенше жағдайда коронавирусқа қарсы үндістандық Covaxin вакцинасын қолдануды мақұлдады. Вакцинаны Bharat Biotech компаниясы жасап шыққан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "РИА Новости" басылымына сілтеме жасап.
"ДДСҰ төтенше жағдайда Bharat Biotech компаниясының "Covaxin" вакцинасын қолдануға рұқсат берді. ДДСҰ құрған сарапшылар тобы бұл вакцинаның COVID-19-дан қорғау бойынша барлық стандарттарға сай келетінін атады. Сонымен қатар вакцинаның пайдасы келер қауіптен жоғары болғандықтан, барлық әлемде қолдануға болады", - деп жазылған ұйымның Twitter-дегі жазбасында.ДДСҰ "Covaxin" вакцинасын 18 жастан асқандарға екі дозасын төрт апталық интервалмен салуға кеңес береді.
Bharat Biotech компаниясы өткізген клиникалық зерттеулердің үшінші фазасы вакцинаның COVID-19-ға қарсы тиімділігі 77,8% екенін көрсеткен. Ал коронавирустың ауыр формасына қарсы тиімділігі 93,4%, ауру белгісі байқалмайтын науқастарда 63,6% көрсеткен. Препараттың "дельта" штаммына қарсы тиімділігі дәл осындай болған.
"Covaxin" 16 мемлекетте тіркелген, 50 елде вакцинаны мақұлдау процессі жүріп жатыр. Үндістанда компания вакцинаның өндірісін төрт нысанға бөлген. Жылдық өндірісті 1 млрд дозаға жеткізу мақсатында әрі қарай да ұлғаюды жоспарлап отыр.
Препаратты жүкті әйелдерге қолдануға болмайды, себебі зерттеу нәтижелері бұл үшін әлі жеткіліксіз.
https://stan.kz