ТАРИХИ ТАНЫМ –ТІЛШІЛІК ПАЙЫМ
Газеттің бұған дейінгі №81,82 сандарында «Сыр медиа» ЖШС басшысы, облыстық мәслихат депутаты А.Оңғарбаев бастаған журналистік топтың Түркістан облысына жасаған рухани-танымдық сапары жайлы мақала жазған болатынбыз. Соның ізімен аталған іс-сапардың жалғасын бүгінгі нөмірмен жалғасуды жөн көрдік.
Баба түкті Шашты Әзіз – батырлардың пірі еді
Түркістан қаласынан кеш бата теріскейді бетке алып жолға шықтық. Кентау-Созақ тас жолына түсіп алып, Қаратаудың биік Тұрлан асуынан аса отырып, Ащысайға аз-кем аялдадық. Бұл жақтың таулары біздікіндей аласа емес, аспанмен тіресіп тұр. Тас жолға имене келіп, ентелей тоқтаған жарқабақтардан көзге анық көрінетін қожырайған тастар төбеңізге құлап кетердей-ақ қауіпті һәм сұсты көрінеді. Биік таулардан түнде өттік. Табиғаты көркем жерді тамашалап, тоқтағымыз келді, бірақ біз діттеген жер бұл емес. Бағытымыз сонау Жамбыл обылысының Жаңатасымен жапсарлас жатқан Құмкент. Жол соқты болып, түннің жарымынан ауа Құмкенттің оңтүстік-шығысындағы Жылыбұлақ деп аталатын көкорай шалғын жерде жатқан баба басына барып бірақ тоқтадық. Мұнда бізді Асылхан деген шырақшы күтіп алып, зиярат етушілерге арналған қонақ үйге түсірді. Таңертең тұрып,кесене басына барып құраннан дұға бағыштадық. Сол маңдағы ауылдан қой алдырып, құрбан шалып, садақа тараттық. Құмкенттік тұрғындар баба басына келіп, ниет етіп, құрбан шалатындар үшін қорасында қойын бордақылап, әзір отырады екен. Ақысын берсеңіз таңдаған малыңызды осындағы санитарлық талапқа сай әзірленген пунктте жайғап та береді. Кесененің айналасын қоршап, тал-терек, бау-бақша, гүзарлармен көмкеріп қойған. Шырақшының үйінен бөлек, ниет етушілерге арналған қонақ үй, асхана, 200 адамға арналған жаздық жабық сәкі бар.
Шырақшының айтуынша, негізінен Баба Түкті Шашты Әзизге арналған алғашқы кесенені 18 ғасырдың ортасында Бостан датқа қарнақтық Айтқожа деген ұстаға салдырған. Уақыт өте ескірген кесенені 1996 жылы Серікжан Сейтжанов қайта салып шығыпты. Бірақ, екінші рет салынған бұл кесене де қайта жаңғыртуды қажет етсе керек, соңында Ергешбек Нұрсадық деген азамат 2006 жылы түбегейлі жаңадан тұрғызған екен.
Кесене іргесінде бұлақ суынан жиылған көл бар. Көлдің ішіне балықтар жүзеді. Зиярат етушілер оларға жем шашып әдеттендірсе керек, жағалауға жақындасаңыз адамға үйірсектейді.Қасиетті саналатын бұл балықтарға тиісуге болмайды. Шырақшының айтуынша, балықтар биыл бір ай ораза тұтыпты.Құдайдың құдіреті демеске лаж жоқ, әлгі балықтар күн шыққаннан іңір түскенше әдеттегі үйреншікті жем жейтін орынға жоламай қойған көрінеді.
Қысы-жазы демей, үздіксіз келіп жатқан зияратшылар бұлақтың суына бір түспей кетпейді екен. Суы шипалы. Біз барған уақыт қазанның қара суығы әлі ұрмаса да таңертеңгілік кез салқын. Соған қарамастан киелі суға түсіп алдық. Тынысыңыз ашылып, денеңіз сергіп, бір жасап қалады екенсіз.
Жалпы, Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылы бір кездері шығыс пен батысты байланыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды бекеттердің бірі болған деседі. Мәселен, Қытай – Қашқар – Алматы жолы мен Үндістан – Пәкістан – Ауғанстан арқылы Ферғана жазығындағы Ыстықкөлді орай өтіп, Таразға келіп тоғысатын екі ірі керуен жолдар Тараздың тұсында солтүстік және оңтүстік бағыттарға қарай тағыда екіге айырылатын болған. Оңтүстік бағыт Сайрамға қарай бұрылып, Қазығұрт асуы арқылы Самархан, Бұқара, Үргеніш, Хиуа арқылы жүріп отырып Иранға соғып, одан әрі Византияға бірақ барған. Ал, солтүстік бағыт осы біз сөз етіп отырған Құмкентке келіп, Созақ арқылы Жаңақорғанға шығып, одан Сырдарияны жағалай отырып, Сарайшық – Астрахан – Қырым барып, одан су жолы арқылы Венециядан шыққан екен. Міне, осындағы солтүстік Жібек жолының қақпасы саналатын Құмкентте Баба Түкті Шашты Әзиз жатыр.
Баба Түкті Шашты Әзіз қазақ фольклорында жиі кездеседі. Көбіне ол эпостарда басты кейіпкерді тура жолға бастайтын ұстаз, әулие кейпінде кездеседі. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырында ол Байбөрінің түсіне кіріп, ұлы мен қызының туылатындығы жөнінде аян береді. Аңыз бойынша, Баба Түкті Шашты Әзіздің бүкіл денесі түктерге толы болғандықтан оны Баба Түкті Шашты Әзіз деп атаған екен.
Баба Түкті Шашты ӘзІз эпостарда
Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің кереметтері батырлар жырында да үнемі кездесіп отырады. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында батыр жауға аттанғалы түрғанда анасы былай жалбарынады: Қалғып кетсе, қағып жүр, Адасып кетсе, бағып жүр. Қозыма келген пәлені, Ықылас ата, Шашты Әзіз. Осы кеткен қозымды, Тек тапсырдым қолыңа… («Батырлар жыры», 1-том). Ал, «Қыз Жібек» жырында Төлеген Ақ Жайыққа аттанарда анасы жалғызын жаратқанға, онан соң осы Шашты Әзіз әулиеге тапсырады. Сөйтіп, Баба Түкті Шашты Әзіз әулие халық жадында ел қорғаған батырлардың демеушісі, қиналған-қысылған шақта сүйеніші, баласы жоқтарға бала сұрап әперуші, жарылқаушы, ақ тілеулі аналардың жалбарынғанда медет қылар пірі екенін ұғындық.
«Ертеде Меккеге қажыға барушылар ең алдымен Мұхаммедтің, онан соң Әлем-Мұзтазы – Сейіттің, содан соң осы Шашты Әзіздің қабіріне барып тауап ететін болған» делінеді (2-т. 6-бет).
Баба Түкті Шашты Әзіз жайында әрқилы пікірлер де айтылып келеді. Мәселен, «Қажыға барған казақтар» атты кітапта («Ана тілі» баспасы, 1996 ж.): «Қожа Ахмет Йассауидің әкесі Баба Түкті Шашты Әзіз…» деп жазылған. Бізге мәлім шежіреде және ең соңғы табылған «Насаб-нама» атты еңбекте Баба Түкті Шашты Әзізге қожалар әулетінің ешқайсысынан орын берілмеген.
«Қазақ Совет энциклопедиясында»: «Баба Түкті Шашты Әзіз – қазақтың ауыз әдебиетінде жиі ұшырасатын бейнелердің бірі. Ол туралы бірнеше дерек бар. Бір деректе оның шын есімі – Баба Туклас. Оның әкесі керемет Әзіз. Баба Туклас Меккеде патша болған деп айтылады. Енді бір деректер бойынша ол Қожа Ахмет Йассауидің арғы бабалары, ислам діні Орта Азияға тарай бастағанда өмір сүрген кісі, Қорқыттың замандасы, (VIII-XI ғ.ғ.), үшінші мәлімет бойынша Баба Тукластың баласы Еділ-Жайыққа дейін келген, оның Құтлыбек деген ұлынан Едіге батыр туған.
Бұл жөнінде әйгілі Сыпыра жырау Тоқтамыс ханға Едігені таныстыру үстінде: «Оның арғы бабасын мен айтсам, Шашты Әзіз деген нәрт еді. Қағбада кырық жыл патшалық күрған мәрт еді» – деп жырлайды.
Баба Түкті Шашты Әзіз Ысқақ баптың замандасы, жасы кіші болса да ақыреттік жолдасы болған адам. Ислам дінін дала түріктеріне ендіруде сол елдің басшысы, көсемі ретінде Шашты Әзіз әулие үлкен еңбек сіңірген. Ол бұған дейін қылыштың жүзімен, әскерінің көптігінен дүниені жаулап келе жатқан араб әскерлеріне қарсы шықпай, мәмілегерлік жолмен, бейбітшілік арқылы жаңа дінді өз халқына ендіруші болып саналады. Ысқақ баптың алғашқы шәкірті, бүкіл түрік даласының ең алғашқы қажысы болып саналады.
ЫСҚАҚ БАБА – ИСЛАМДЫ АЛҒАШ БЕЙБІТ ЖОЛМЕН ТАРАТУШЫЛАРДЫҢ БІРІ
Рухани танымдық сапарымыздың барысында Созақ ауданы, Баб ата ауылының маңындағы Ысқақ баб бабамыздың кесенісін айналып өте алмадық. Осы мақаланың алдыңғы бөлігінде жазғанымыздай Ысқақ баб Қожа Ахмет Йассауидің 13-ші атасы. Баба Түкті Шашты Әзиздің ұстазы болған деседі. Ал, Шиелі халқы үшін киелі саналатын Оқшы ата дәл осы Ысқақ бабтың баласы деген мәлімет бар. Жалғыз Шиелі емес, Сыр бойы халқы үшін әулие саналатын Оқшы атаның шын аты – Ибраһим шайхы болса керек. Бұл оны Ысқақ бабтың баласы деп танығандықтан туған ұғым болса керек.
Рухани танымдық сапарымыздың барысында Созақ ауданы, Баб ата ауылының маңындағы Ысқақ баб бабамыздың кесенісін айналып өте алмадық. Осы мақаланың алдыңғы бөлігінде жазғанымыздай Ысқақ баб Қожа Ахмет Йассауидің 13-ші атасы. Баба Түкті Шашты Әзиздің ұстазы болған деседі. Ал, Шиелі халқы үшін киелі саналатын Оқшы ата дәл осы Ысқақ бабтың баласы деген мәлімет бар. Жалғыз Шиелі емес, Сыр бойы халқы үшін әулие саналатын Оқшы атаның шын аты – Ибраһим шайхы болса керек. Бұл оны Ысқақ бабтың баласы деп танығандықтан туған ұғым болса керек.
Баба түкті Шашты Әзіз бабамыздың кесенесіне жасаған сапарымыз біздің таным көгжиегімізді кеңейтіп, әрі оның замандасы, ислам дінін таратушылардың бірі Ысқақ бабтың кесенесін көріп, тың деректер білуге деген қызығушылығымызды арттырды. Сондықтан көп ойланбастан аттың басын Созақ ауданы, Баба-ата ауылының солтүстік шетінде орналасқан Ысқақ баб кесенесіне бұрдық. Әріптестерімізбен көрген-білген деректерімізді айтып, пікір алмасып отырғанымзда 20 шақырымға жуық жолды қалай тез еңсергенімізді аңғармаппыз.
Алдымыздан кесененің шырақшысы Әнуар Ахметов шықты. Амандық-саулық сұрасып, сапар мақсатына қаныққаннан кейін Ысқақ баб кесенесіне жол бастады.
Мемориалды кешен 30 гектар аумақты алып жатыр. Бұл жерде 24 құжыралы медресе, мешіт, сонымен қатар заманында терскейде аты төрге озып, ел басқарған датқалардың кесенесі бар екен. Соның ішіндегі ең еңселісі Ысқақ бап кесенесі. Ішкі бөлмелері гипспен сыланып, қабырғасы михрабпен безендірілген. Сондай-ақ, кесене маңындағы құлпытаста оның пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жетінші ұрпағы екендігі, әрі Құл Қожа Ахмет Йассауи бабамыздың түп атасы екендігі айқын жазылған. Кесененің биіктігі 14 метр болса, жалпы аумағы 350 метр. Әйгілі Әмір-Темір Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауиге кесене саларда Ысқақ бабтың кесенесінің көшірмесін алдырған деген аңыз бар. Екі кесене біріне бірі ұқсас. Тек көлемі мен биіктігінде айырмашылық айтарлықтай алшақ жатыр демесеңіз.
Кесене ішіне кіріп, зиярат етіп, құран оқып, бет сипастық. Шырақшыны сөзге тарттық.
Кесене маңында ертеде Баладж деген қорғанды қала болған. Ұлы Жібек жолының жойылуымен бірге қалада жермен жексен болса керек. Кешегі дінді «апиын» деген заманда Ысқақ баб кесенесі де қиратыла жаздапты. Бұған кешеннің айналасындағы шағын мазарлардың бұзылған көрінісі дәлел болса керек. Кеңес өкіметінің кәрінен мұз қатып, «тәртібінен» тоң сіресіп тұрған заманда кешен аумағындағы мешіттер бұзылып, мазарлар қиратылып, ауылдық советтің ғимаратын салуға пайдаланыпты деседі. Руханият пен дінге келгенде уәжге тоқтауды білмейтін тоқырау заманның уәкілдерінен 24 құжыралы медресе мен кесененің өзін ауыл жұрты әуппіріммен аман алып қалған екен. 24 бөлмені 24 отбасыға баспана ретінде беріп, кесененің өзін қойма ретінде пайдаланамыз деп сендірген.
Тарихи жазбаларда Ысқақ баб Түркістанға хижраның 150-ші жылдары, яғни қазіргі жыл санауымен алғанда 762-767 жылдары келгені айтылады. Сол кездегі дала түріктерінің ең соңғы шекарасы болып саналатын Қаратаудың терістігіндегі Қаракөз бұлағының маңына қоныс теуіп, тұрақтанып қалған. Сол жерге мешіт, медресе салып, бала оқытып, қазақ тайпаларын исламға уағыздаған. Аңыздарға сенсек, Ысқақ баб ең алғаш 767 жылы өз әскерін бастап Түркістан мен Сырдария жерлерін бет алып келе жатқанда Баба Түкті Шашты Азиз бабамыз оның түсіне кіріп, аян арқылы алғаш болып ислам дінін қабылдаған деседі. Ысқақ-Баба дінді қан төгіссіз таратуды көздеп, әскербасыларына соғысты тоқтату жөнінде тапсырма беріп, «Мұсылмандық әсте-әсте» қағидатын ұстанды. Содан соң Ысқақ-Баба даңқты сардар Баба Түкті Шашты Әзізді өзінің қолбасышысы етіп тағайындайды. Мұндағы бір мақсат – оның атақ абыройын пайдаланып, қаратаулық қазақтарға ислам дінін қан төгіссіз тарату еді.
Аңыздарға сенсек, Баба Түкті Шашты Әзіз 200 мыңнан астам адамды исламға бейбіт жолмен кіргізген көрінеді. Ақсақалдардың айтуынша, Ысқақ баба Алланың құдіретін көрсеткісі келіп, Шашты Әзізді лаулаған отқа салады. От толықтай жанып болғаннан кейін тұрғындар еш жерін күйік шалмаған, Құран аяттарын оқып тұрған Баба Түкті Шашты Әзізді көрген екен. Ысқақ баба қайтыс болған кезде оның қабірінің үстіне Созақ даласында алдымен тас үй салынды. Кейінірек мұнда кішкентай мешіт салынды, ол біраз уақыттан кейін құлап қалған. Нағыз кесене 1820-1830 жылдары салынған деген де дерек бар.
Енді осы орайда «Насаб-нама» кітабынан қысқаша үзінді келтіре кетсек. Көзі қарақты оқырман ол деректерден біз сөз еткен Ысқақ баб туралы ескі деректерді ой елегінен өткізе отырып, мақаланың маңызына дендей түспек.
– Уа Шахи Мардан Хазіреті Әли Карамуллах Уәжқаһудің ұлы имам Мұхаммад Ханафийа ради Аллаху та ала анху. Оның екі ұлы болды. Бірінің аты Шаһ Абд ал-Фаттах және екіншісінің аты Шаһ Абд ал-Маннан еді. Шаһ Абд ал-Фаттах нәсілі Шам, Шамат елдерінде патшалық құрды. Абд ал-Фаттахтың екі ұлы болды. Бірінің аты Абд ал-Жаббар және бірінің аты Абд ал-Уаһһаб еді. Абд ал-Жаббардың да екі ұлы болды.Бірінің аты Абд ал-Жәлил және Абд ал-Қаһһар еді. Абд ал-Қаһһардың екі ұлы болды. Бірінің аты Абд ал-Рахман және бірінің аты Абд ал-Рахим еді. Абд ал-Рахманнан екі ұл болды. Бірінің аты Ысқақ бап, бірінің аты Абд ал-Жалил бап. Абд ал-Рахман Шам Уалиятының патшасы еді.... Абд ал-Рахманның опатынан соң Ысқақ бабқа патшалық берді. Інісі Абд ал-Жалил баб Иемен патшасы еді. Абд ал-Жалил бабтың лақабы Хорасан ата дейтін.
Осы кітапты тереңдей оқи түссеңіз оқиға желісі төмендегіше өрбиді. Яғни, Шам (Сирия) патшасы Ысқақ баб пен оның інісі Иемен патшасы Хорасан ата екеуі бірге әкелерінің інісі Бағдат (Ирак) патшасы Абд ал-Рахимге келіп, Орта Азияға бірігіп ғазауат жорығын жасауға кеңескен. Әрі қарай шежіреде – «Ай, атамыздың інісі Абд-ар-Рахим, Хақ тағала ризалығы үшін біз барсақ. Өзгенд, Ферғана, Муғ тарсарларымен соғыс қылсақ дін халқы үшін қылыш ұрсақ, иманға да уат қылсақ» деді.Абд ар-Рахим: «Бұл жақсы мәслихат» деді. Бұл хижраның 150 жылы еді, – деген деректер бар.
Не керек осы кеңестен кейін Орта Азия оның ішінде қазақ даласына қарай біріккен араб патшаларының 160 мың әскері жорыққа шыққан екен.
Аңыз түбі ақиқат десек, сонау 760-70 жылдары бірі Сирияда, енді бірі Иеменде патшалық құрып отырған ағайындылар қазақ жеріне келіп, осында мәңгілік байыз тапқанға ұқсайды. Бірі біз сөз етіп отырған Қаратаудың солтүстігінде Созақ жерінде жатқан Ысқақ баб, екіншісі Жаңақорған жерінде жатқан Хорасан ата. Ал, енді ауызша деректерде Шиелідегі Оқшы атаны (шын есімі Ибрахим шайхы) Ысқақ бабтың баласы делінсе, Ибрахим шайх «Насаб-намада» Қожа Ахмет Ясауидің әкесі. Иә, тарихтың бізге беймәлім ақтаңдақтары көп. Ақиқатты болашақ тарихшылар анықтай жатар бәлкім.
Баб атадан шыққан біздің топ, Ұлы Жібек жолының оңтүстік бағыты арқылы Қазығұртқа қарай жол тартты.
Нұрболат Сәдуақасұлы
(Басы өткен №81, №82 сандарда.
Жалғасы бар)
(Басы өткен №81, №82 сандарда.
Жалғасы бар)