Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 98 жастағы соғыс ардагері коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

98 жастағы соғыс ардагері коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

Қызылорда облысы Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылының тұратын 98 жастағы Қабақ Смағұл коронавирусқа қарсы екпе салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Майдангер денсаулық зор байлық екенін алға тартты. Сондықтан қазір әлемді жайлаған ақуіпті дерттің бетін қайтару үшін елді екпе қабылдауға шақырды. «Қазір әлем халқы пандемияның ауыр зардабын тартып келеді. Одан құтылудың басты жолы - вакцинация. Мен ғасырлық жасқа қадам бастым. Десе де қай жаста да адам өзінің денсаулығына маңыз беруі тиіс. Сондықтан коронавирусқа қарсы вакцина қабылдауды жөн санадым», - деді қарт майдангер. 1923 жылдың 1 шілдесінде дүниеге келген Қабақ ақсақал 1942 жылы соғысқа аттанған. Тула қаласын азат етуге қатысқан. 1943 жылы ауыр жараланып елге оралған. Бейбіт өмірде білек сыбана еңбек етті. Майдангер ағарту үйінің меңгерушісі, ауылдық кеңестің хатшысы лауазымын атқарды. Есепшілік саласында тура 40 жыл жұмыс жасады. Жұбайы Күлжан екеуі он бала өсіріп, ел қатарына қосты. Балаларының баршасы жоғары білім алды. Бұл күндері немере-шөбере, шөпшек сүйіп отыр. Елдің дамуы үшін қызмет жасаған майдангер көптеген орден, медалдардың иегері. Айта кетсек, облыста вакцинацияның бірінші компонентімен егілгендер саны – 329492 адамды құрайды. Ал вакцинамен толықтай қамтылғандар саны 271 173 адамға жетті7 Еске салсақ, Қызылордада екпе қабылдауға қабілетті азаматтардың 72 пайызы вакцина салдырды.


https://www.inform.kz
15 қазан 2021 ж. 335 0