Тоқшылық!
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Қазір, жастар арасында салт-дәстүрімізге жат бейәдеп әрекеттер белең алған. Еуропаға еліктеп, қалай болса солай киініп, шаштарын қырқып, төстерін ашып, шолақ шалбар киіп балақтарын шашақтап, онымен қоймай, әлгі шалбарларын алмаспен тілгілеп шұрық-тесік етіп жүруді әдетке айналдырған.
Жастар қазірден бастап қайда бағыт алғаны жайлы ойланбасақ, көз алдымызда ата-салтымыздан айырылып қалуымыз бек мүмкін. Бұрын көп адам «техас» шалбарды қазіргідей балағын кеспек түгілі, түсінде де көрмейтін. 1987-1988 жылдары арнайы совхоз басшылары мен лауазымды кісілерге базадан арнайы бөлініп, солар ғана киетін еді. Қазір бәрінің үстінде «техас», мейлі кисе-кисін бірақ, оны шұрық-тесік ету кімге керек.
Жастар қазірден бастап қайда бағыт алғаны жайлы ойланбасақ, көз алдымызда ата-салтымыздан айырылып қалуымыз бек мүмкін. Бұрын көп адам «техас» шалбарды қазіргідей балағын кеспек түгілі, түсінде де көрмейтін. 1987-1988 жылдары арнайы совхоз басшылары мен лауазымды кісілерге базадан арнайы бөлініп, солар ғана киетін еді. Қазір бәрінің үстінде «техас», мейлі кисе-кисін бірақ, оны шұрық-тесік ету кімге керек.
Бұрын болған ба, болмаған ба естіген құлақта жазық жоқ. Асып-тасыған байдың әйелі тамақтанып отырса, алдындағы бала көйлегінің етегін бүлдіріп қояды. Сонда әйел баланың құйрығын басқа нәрсемен сүртудің орнына дастарқандағы нанның бір түйірімен сүртіп, бөлмедегі жарылған дуалға тыға салады. Сол күннен бастап ғаламат жел тұрып, дауыл болып ел есінен танып, тұс-тұсқа қаңғып кетеді. Неше күн, неше түн соққан дауылдан ел тамақ таппай ашығып, жұрт қырыла бастайды. Сонда дүниеден баз кешіп, өлер халге жеткен әлгі әйел қаңғалақтап келе жатса, алдынан қарауытқан нәрсе кездеседі. Зер салып қарап еді, өзінің ескі үйі екен. «Өлсем осының ішінде өлейін» деп, ішіне кіреді де, есінен танып, құлап жатып қалады. Әлден уақыттан кейін есін жиып жан-жағына көз тастап еді, сол баяғы бөлмеде жатыр екен. Құдайдың құдыретіне неге таң қалмайсың? Сол мезетте әйелдің есіне баяғы баланың құйрығын сүртіп, дуалдың жарығына тыққан наны есіне түседі. Дуалды сипап көріп еді нан сол қалпы тұр екен. Көзі қарауытқан әйел нанды алып «Бисмиллә» деп жеп жібереді. Осы күннен бастап алапат дауыл тоқтап, ел есін жиып қайтадан тоқшылық заман басталады. Мен мұны неге жазып отырмын, ағайын. «Бірдің кесірі мың, мыңның кесірі думанға» демекші, біздің артымыздан еріп, өсіп-өніп келе жатқан жастар кешегі соғыс жылдарындағы біздің көргенімізді көрмесін. Осы тоқшылық егеменді еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың арқасында болып жатқанын білсе, сезінсе екен демекпін. Ағайын нан тепті болмайық, ұл балалар болашақ әке, қыздар келешек ана болатынын ойласа, жат қылықтан жалтарып, салт-дәстүрімізді берік ұстануы қажет.
Оқырман ағайын, артық айтсам кешіріңіздер!
Жұмабек Әлтайұлы,
Шиелі ауданының «Құрметті
азаматы», дербес-зейнеткер