Өсиет
Әкенің тілін алмайтын, анаға қырын қарайтын ұл-қызға қандай тоқтам бар?! Мен осы сұраққа мынадай жауап айтар едім – бізде заң жұмсақ. Мысалыға мына қатар жатқан Өзбекстанды алайық жартылай жалаңаш жүрген қыз балаларды оқу орнынан шығарып жібереді екен. Қазіргі мектеп оқушыларының өзі ұстаздарына ұқсап киініп жүр. Жалпы, қыздарымыздың осылай киінуіне өзіміз де кінәліміз. Мәселен, бір үй кішігірім мемлекет деп қарасақ, осы кіші мемлекет тәртіпті күшейту керек. Біз оқып жүргенде ұстаз келе жатса оған құрмет көрсетіп, жолдың шетіне шыға қалып, ол өтіп кеткенше бас киімімізді шешіп тұратынбыз. Ал, қазірше ұстазды көпшілік жерде иығымен қағып кетеді, қарсы сөз айтып жүрген жастар өгізге туған күннің бұзауға да туарын ұмытпаса екен.
Менің жасым сексенге жақындады, осынша жасағандағы өмірден алған тәжірбием. Екі жас бірін-бірі қалап отау құрады, жаңа қосылған жастар әке-шешелері сияқты ұл-қызды болсақ деп Алладан тілейді. Ұлды, қызды болғаннан кейін осыларды қатарынан кем қылмай өсірсем, оқытсам, ұрпағым аман болып, келешек ұлымды ұяға, қызымды құтты орнына қондырсам деп армандайды. Ұлым елдің азаматы болса екен, қызым артынан жаман ат ертпесе екен деп тілейді. Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын деп жүрген әке мен шешеге қырын қарап, әкенің тілін алмай жастарымыздың арасында қазір салт-дәстүрімізге жат бейәдеп әрекеттер белең алған. Ол екеуіне құрмет көрсетпеген бала, еліне, отанына адал қызмет етеді деп әсте ойламаймын.
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Қазір, жастар арасында салт-дәстүрімізге жат бейәдеп әрекеттер белең алған. Еуропаға еліктеп қалай болса солай киініп, шаштарын қырқып, төстерін ашып, шорты киіп балақтарын шашақтап онымен қоймай әлгі шалбарларын алмаспен тілгілеп шұрық-тесік етіп жүруге әдетке айналдырған.
Жастар ойланар біз осы қайда барамыз көзіміз ашық ата-салтымызды ұмытуға айналдық. Халықтың пиғылында жүрген ойлар техас шалбарды бұрын қазіргідей балағын кеспек түгілі түсінде де көрмейтін. 1987-88 жылдары арнайы совхоз басшыларына
лауазымды басшыларға ғана базадан арнайы бөлініп келетін, солар кигенде көретінбіз. Қазір бірінің кигені техас, кигенімен қоймай тізелерінің тұсын кесіп қоятын болды. Сөзімді толықтыру үшін мынадай жайды жазайын. Бұрын болған ба болмаған ба естіген құлақта жазық жоқ. Асып-тасыған байдың әйелі тамақтанып отырса алдындағы бала көйлегінің етегін бүлдіріп қойыпты, орнынан тұрып баланың құйрығын басқа нәрсемен сүртудің орнына дастарқандағы нанның бір түйірімен баланың құйрығын сүртіп, отырған бөлменің дуалының жарығына тыға салады. Сол күннен бастап аламат жел соғып жер мен көк аламан топыр дауыл болып ел есінен танып тұс-тұсына қаңғып кетеді. Неше күн, неше түн тұрған дауылдан ел тамақ тауып іше алмай ашығып, көздері қарауытып ел қырыла бастайды. Елмен бірге қаңғырып өлер халге жеткен әлгі әйел қаңғалақтап келе жатса алдында қарауытқан нәрсеге әрең жетеді. Қараса ескі үй екен, өлсем осының ішінде өлейін деп ішіне кіреді де есінен танып құлап жатып қалады. Әлден уақытта есін жыйып жан-жағына қараса өзінің үйі екені есіне түседі. Құдайдың құдыретіне неге таң қалмасқа мен-мен болып тасыған әйелге баяғы баланың құйрығын сүртіп, дуалдың жарығына тыққан нан есіне түсіп сол бар ма деп қараса әлі сол күйі тұр екен. Көзі қарауытқан әйел нанды алып «Бисмиллә» деп жеп жібереді. Сол күннен бастап аламат дауыл тоқтап, ел есін жыйып қайтадан тоқшылық заман басталады. Мен мұны неге жазып отырмын ағайын оқырман. Бірдің кесірі мың, мыңның кесірі думанға демекші, біздің артымыздан еріп өсіп-өніп келе жатқан
жастар кешегі соғыс жылдарындағы біздің көргенімізді көрмесе екен. Біздің ата-анамыздың көргендерін келешек ана болатын қыз балалар көрмесе екен. Осы тоқшылық егеменді еліміздің ондағы бейбітшілік пен татулықтың арқасында болып жатқанын білсе, сезінсе екен демекпін. Ағайын нан тепті болмайық, ұл балалар келешек әке болатынын, қыз балалар келешек ана болатынын ойлансын. Қазақта мақал бар емес пе «Ата-анаңа не істесең басыңа сол келер» деген.
Оқырман ағайын, артықтау айтсам кешіріңіздер!
Жұмабек Әлтайұлы,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы, дербес-зейнеткер.