Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Анама айтамын...

Анама айтамын...

Баяғыда дейміз бе, әлде біраз жыл бұрын ба?Әйтеуір, мұғалім атаулыға миықтан қарау деген болмайтындай еді. Бұзақылығың үшін ұстаздан ұрыс естіп, құлағыңды бұрап жатса да әке-шешеге жақ ашпайтынбыз. Неге? Айтсаң, ұрыстың екі есесін естіп, бұралған құлақтың көкесін сонда көретін едің. Мұғалім бейсауат шүйлікпейтінін ата-ана да біледі. Сондықтан, бүлдіргенімізді білдірмеуге тырысатынбыз.
Оған дейінгі жылдар мен ғасырларда да солай болған жоқ па? «Баламды медресеге біл деп бердім» деп Абай айтқандай, ұстаз алдына баласын жібергенде «еті – сенікі, сүйегі – менікі» дейтін де – өз ата-бабамыз. Алайда, жылдар жылжып, айлар ағылған сайын үй-үйдегі еркелер мен серкелердің саны арта түсті. Жоқ, бала саны артқан жоқ, керісінше, бір-екі баланың бетіне телмірген ата-ана саны қаулап шыға келді. Сол бірді-екілі баланы кім «қанаттыға қақтыра, тұмсықтыға шоқтыра» қойсын? Сөйте-сөйте, баласының басынан бір тал шашы үзіліп түскен ата-ана айыпты баладан іздеудің орнына жата кеп ұстаз жағасына жармасуды шығарды. Оны көрген ұрпақ оңсын ба? Ұстаз бетінен алмақ түгілі, көзіне тік қарауға жасқанатын байырғы шәкірт орнын ерке-шолжаңдар еркін басып кетті. Түптеп келгенде, жанға бататын да осы.
«Ертеде бір патша баласын медресеге беріпті» деп басталатын аңыз бар еді ғой. Естіген боларсыз. Естісеңіз де, енді бір рет көз тартыңыз. «Ертеде бір патша баласын медресеге беріпті. Баласы ұстазды тыңдамай, еркелікке басады. Патшаның баласы болғандықтан ұстаз да балаға қатты сөйлеуге қаймығып, шарасыз халге түсіпті. Бірақ, шәкірт аманат болғандықтан, ұстаз шыдамы таусылып, патшаға барып, жағдайды жеткізеді. Патша әрі ойланып, бері ойланып, бір шешімін тауып, ұстазға ойын айтады. Ұстаз алғашында бұл шешімге шошып кетсе де, патшаның дегеніне көнеді. Келесі күні дәріс үстінде бала тағы да еркелігіне басып, ұстазды тыңдамай келемеж қылады. Дәл сол сәтте есік қағылып, патша есіктен басын сұғып ішке қарайды. Алдын-ала келіскендей ұстаз патшаға дүрсе қойып, айғайға басады: Шық кәнеки, көрмеймісің, дәріс өтіп жатыр, – деп. Патша болса мүләйімсіп, кешірім сұрап, шығып кетеді. Мұндайды көрген патша баласының аузы ашылып, көзі бақырайып кетеді. Сол күннен бастап ұстаздың айтқанын екі етпей, үлгілі шәкірт болыпты. Осылайша, баласының тәрбиесін, ұстаздың абыройын өзінің патшалығынан да маңыздырақ, жоғары санайтын патша дегеніне жетіпті».
Алайда, «Өмірде олай болуы мүмкін емес, аңыз ғой» дерсіз. Болмаса болмаған да шығар. Мәселе онда емес, мәселе – ұстазға танытар құрметтің күн санап жұтап бара жатқанында. Шынына келгенде шыбықты ұстаздың қолына ұстатудың орнына балаға беріп қоямыз. Ал, бүгін атақ-дәрежесі асқақтап тұрған ата-анасы бар баланың тәрбиесіне кім назар салып жүр? Атаққа арқа сүйеген баланың етін ұстазға аманаттамақ түгілі, «еті де, сүйегі де менікі» дейтіндер басым қазір. Міне, содан болар ұстазы сәл қабақ шытса «анама айтамын», «әкемді шақырамын» деп дүрсе қоятын шәкірттердің қарасы қалыңдап кетті. Сөзін құлаққа ілмей, сабақ үстінде бұзақылық көрсеткен балаға «тәйт» деуге бата алмай жүрген мұғалімнен сапалы білім күтудің өзі әбестік емес пе? Ұстаздың беделін арттыру үшін, ең әуелі ата-ананың ойын өзгертіп, ұстаздың төрдегі орнын қайтарсақ қайтеді? Ұстаз абыройынан, баланың еркелігін артық санап, болашағына балта шауып жүрген жоқпыз ба?
Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылға жуық уақыт ішінде елдегі білім жүйесін дамытып, әлемдік стандартқа сай ету мақсатында мемлекет тарапынан көптеген игі істер атқарылып келеді. Сондай шаралардың бірегейі – 2019 жылы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бекітуімен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң. Заң жобасы 19 баптан тұрады және 500 мыңнан аса аталған қызмет иелерін қамтамасыз етуге арналған. Онда ұстаздардың мерейі мен беделін көтеруге бағытталған ережелер көрсетілген. «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының мақсаты – ұстаздықтың ұлы жолына түскен тұлғалардың мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жөнді-жөнсіз тексерулерден, міндетті емес қызметтерден қорғау және ынталандыру сияқты өзге де мәселелер қарастырылған. Жөн-ақ! Алайда, «даналықтың қажеті жоқ, сыйлау үшін ананы» (Т.Айбергенов) демекші, ұстаз қадірлеу үшін арнайы заңның қажеті шамалы, меніңше.
Әсілі «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп Мұхтар Әуезов бекер айтпаған. Еліміздің дамуы мен болашақтағы бейнесі ғылым мен білім жүйесінің біртұтастығымен өлшенеді. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген. Ал, «Қапы қалмасқа» ұстаздар қауымының атқарар қызметі мен алар орны орасан.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
01 қазан 2021 ж. 256 0