Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИПАСЫ МОЛ ШИПАЖАЙ

ШИПАСЫ МОЛ ШИПАЖАЙ


Ертеректе Тоқтамыс әулиені қоныс еткен бір мерген теріскеннің шипалы батпағының сырын ұғып, емдік қасиетін аңғарыпты. Бірнеше жыл сал болып жатқан анасын ұлтанында қара лайы ұйыған Теріскен көлінің басына әкеліп, 15 күн шайла тігіп, оны балшыққа бөлеп, өзі қос аяғын салыпты. Содан, анасын сал ауруынан жазыпты. Бұл – Теріскен көлі жайында бабадан қалған аңыздың бір парасы. Ертеректен сыры ашылып, бір ғасырдан бері балтыры сыздағанға дауа болып, адам тәніне дәрмен берген шипалы мекен қазірде кемеліне келіп, заман талабына сай қызмет көрсетуде. Оған бүгінде Бақытжан Абдуллаев басшылық жасайтын «Жаңақорған шипажайы» АҚ-да емделушілерге көрсетіліп жүрген сапалы қызмет түрлері дәлел.
Иә, қуатты мемлекеттің басты байлығы – дені сау адам. Осы тұста, адам тәнін сауықтыратын табиғи емдік-шипалық факторлардың орны бөлек. Сыр өңіріндегі тұңғыш емдеу-сауықтыру орны болып табылатын «Жаңақорған шипажайы» акционерлік қоғамы бүгінде табиғат тарту еткен дертке дауа батпақты ұтымды пайдаланып, оның емдік қасиетінің маңыздылығын арттырып, ем алушыларға жүйелі жағдай жасауда. Әсіресе, түрлі дәрігердің басын қосып, ем алуға келген адамдар осы ортадан қажетті дәрігеріне қаралуға мүмкіндігі зор. Осы тұрғыда, айтулы мекемеде келушілерге ем-дом көрсетіп, әр емделушінің денсаулығына жауаптылықпен қарайтын дәрігер – Мұзафар Асланов.
Ол аудан орталығындағы №169 Низамеддин Илялетдинов атындағы мектепті бітірген соң, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Адам жанының жанашыры болуы үшін, медицина саласын жеті жыл оқып, «жалпы тәжірибе дәрігері» мамандығы бойынша үздік бітіреді. 2005 жылы аудандық орталық ауруханаға терапевт болып, халыққа қызмет көрсетіп, алған білімін қайнаған жұмыс алаңында шыңдайды. Кейіннен Алматы қаласынан «урология» саласын қайта оқып келіп, 2013 жылдан бері қарай «Жаңақорған шипажайына» дәрігер-уролог қызметіне орналасады. Содан бері осы мекемеде адам денсаулығына жауапты маман ретінде қалтқысыз қызмет жасап келеді.
Бір күнде көбі 30 науқасқа дейін қабылдайтын дәрігердің жұмыс кестесі өте тығыз. Өйткені, қазіргі таңда діттеп тұрған бедеулік, белсіздік, бүйрек аурулары, простатит, цистит секілді ауру түрлерімен дәрігер көмегіне жүгінетіндер қатары көп.
– Қазір түрлі ауру асқынып барады. Әсіресе, бедеулік пен белсіздіктен зардап шегетіндер қатары көбейген. Сонымен қатар, бүйрек ауруынан да шағым көп түседі. Негізінен бізге келіп ем алғандар арасынан көп ұзамай сәбилі болып жатқандар көп. Халық бір-бірінен емнің қасиетін естіп, жыл сайын ағылып келіп жатады. Тағы да айта кететіні, емделушілерге «яровит», «мавит» сияқты заманауи аппараттардың көмегімен ем дайындаймыз, – дейді Мұзафар Тамалұлы.
Иә, дәрігердің сөзінің жаны бар. Бұлай деуімізге Алматы қаласынан келген Ерлан Бектемісовтың пікірі түрткі болды.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай урологтың көмегіне жүгінетіндер көп. Алайда, шипажайдың шипалы батпағымен қатар алған емнің қонымдылығы жоғары болады. Өткен жылы осы жақтан ем алып, бетім бері қарады. Емнің әсері кез-келген адамға шипасын берері анық, – дейді алматылық емделуші.
«Алғыс алған арымас» демекші, көпшіліктің ықыласына бөленіп, алысты-жақынды елден келген ем алушылардың алғысын алып жүрген Мұзафар Тамалұлы отбасында ардақты әке, бір отбасының отағасы. Анасы Василя Ахметованы алақанына аялап отырған, адал перзент. Жары Хабиба Асланова екеуі төрт баланы тәрбиелеп, қарашаңырақтың түтінін түзу ұшырып отыр.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
28 наурыз 2018 ж. 1 995 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930