Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Репетитор қызметі қажеттілік пе, осалдық па?

Репетитор қызметі қажеттілік пе, осалдық па?

Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі, – дейді Ахмет Байтұрсынов. Ұстаз өнегесі әрбір мектеп бітіруші түлектің өміріне жол сілтер шамшырағы секілді болады. Мектеп қабырғасында тәрбие мен білімді қатар берген ұстаздардың өнегелі еңбек жолы әрбір оқушыға үлгі. «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» демекші ұстаздық жолды таңдап, баланың санасына саңлау түсіруді мұрат еткен әр мұғалімнің алдында үлкен жауапкершілік күтіп тұрады. Сол себептен болар, қоғамда ұстаздың орны ерекше. Тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та әр жолдауында білім саласының қызметкерлерін елеусіз қалдырмайды. Биылғы оқу жылының алғашқы күнінде Мемлекет басшысының халыққа жолдау жасағаны мәлім. Әдеттегідей маңызды жиында Қ.Тоқаев мұғалімдер қауымына ерекше тоқталды. Ол өз жолдауында: «Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 процентке көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1.2 триллион теңге жұмсаймыз. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз. Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін» деп баса мән беріп айтты.
Жолдауда айтылғандай мұғалімдердің жалақысы жыл сайын көбейіп, ұстаздарға деген құрмет те артып келеді. Сондықтан, болар Мемлекет басшысының өзі айтпақшы педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Ендігі кезекте қоғам сансыз ұстаздан сапалы білім беруді талап ететін секілді. Сапалы білім демекші бүгінде әрбір ата-ана баласын қосымша сабаққа беріп, мұғалімді жалдап оқытып жатады. Ондағы ата-ананың мақсаты – балам сапалы білім алсын дегені. Иә, жалдамалы қызметтің бұл түрі қазір үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары мен ұлттық бірыңғай тестке дайындалушылар мұғалімді жалдап, қосымша сабаққа барады. Репетитор қызметіне жүгіну себебін әркім әрқалай түсінеді. Ата-ана жағы балам репетиторға барса, жақсы оқып, тесттен де сүрінбейді, бағасы да бүлінбейді деп ойлайды. Бірақ, мұғалім қай кезде болсын сапалы білім беруге міндетті емес пе? Әлде белгіленген 45 минутта басқаша дәріс оқып, қосымша ақы алатын кезде мүлдем басқа сабақ өте ме? Не десек те қазір репетиторлыққа сұраныс артып отыр. Бұл мектептегі білім беру жүйесінің әлсіздігін көрсетпей ме? Әлде баламен қарым-қатынасқа селқос қарайтын ата-ананың жұмысбастылығы ма? Әңгіменің басында мұғалімдердің мәртебесі мен жалақысы қаншалықты артқанын тілге тиек еттік. Осы орайда ұстаздардың білім беру деңгейі мен кәсіби шеберлігі өсті ме? Егер өссе неліктен оқушылар, әсіресе ұлттық бірыңғай тестке дайындалушылар жаппай репетиторларға жүгіну қажет? Дәл сол білімді мектеп мұғалімінен де алуға құқылы емес пе? Ал, мектептегі тегін қосымша сабақтар ше? Әлде мұғалім оларға бей-жай қарап, қосымша ақы табуға асығып тұра ма? Не десек те бұл тақырып төңірегінде сан мың сауал бар. Сәйкесінше әркімнің беретін жауабы да әртүрлі. Біз осы орайда «Репетитор не үшін қажет?» деген сауалды «Өнеге» оқу орталығының директоры, ағылшын пәнінің мұғалімі Махамбетәлі Әбдіхамитұлынан сұрап көрдік.
– Себебі қазіргі уақытта мектептегі мұғалімдердің біліктілігі аз. Барлығы емес әрине. Егер мұғалімдердің біліктілігі мықты болып, балаларға лайықты түрде, сапалы білім бере алса, оқушылар репетитор іздемейтін еді. Ол тек біліктілікпен шектелмейді. Методикасы, балалармен қарым-қатынасы, эмоциясы қаншалықты жақсы соған да байланысты. Негізі репетиторлық оқушылар жақтан сұраныс болғандықтан дамып отыр. Бұл бір жағынан мұғалімдер үшін қосымша табыс көзі. Өйткені мұғалімдердің жалақысы өскен сайын, білім ордасына деген көзқарас та өзгерді. Ашығын айтқанда, қазір мектеп те табыс көзіне айналды. Қаншама отбасы балаларына «Мұғалімдікті таңдасаң өлмейсің, олардың айлығы көп» деп мамандық таңдауға солай бағыттап отыр. Бұлай айтудың орнына білім берудің қаншалықты сауапты әрі пайдалы жұмыс екенін үйретсе болар еді. Сол кезде ғана оқушы мұғалімдік мамандыққа басқаша көзқараспен қарап, алдындағы шәкірттеріне де сапалы білім береді. Міне, осындай жағдайда ғана репетиторлық өзінен-өзі жойылып кетеді, – дейді жас ұстаз.
Бұрындары репетитор атауының ауқымы кеңеймей тұрған тұста мұғалімдер үлгерімі нашар оқушыларды сабақтан соң алып қалып немесе үйіне шақырып алып оқытатын еді. Мұндай жағдай өзіміздің де басымыздан өткен. Талай рет мектеп кабинетінде кеш қарайғанша қалып, сабақ алатын едік. Ол кезде қосымша ақы талап етпей-ақ әр мұғалім оқушыға бір әріп үйреткеннің өзін борышым деп санайтын. Себебі, ұстаз алдына келген оқушының өзіне берілген аманат екенін біледі, жауапкершілікті сезінеді. Қазір де бар білген-түйгенін шәкіртінің бойына дарытуға тырысатын, оның болашағы үшін шынымен қам жеп, білімді болғанын қалайтын, ізденімпаз, жаңашыл, шығармашыл, талапшыл, ешнәрсе талап етпей-ақ, кез келген уақытта алдына келген шәкіртіне білгенін үйретуден жалықпайтын ұстаздар жетерлік. Бірақ, солардың арасында айлығын алып отырған негізгі жұмысына селқос қарап, уақыт өткізсем болды деп, есесіне репетиторлық қызметіне асығып тұратын ұстаздардың да кездесетіні өкінішті. Иә, ол ақылы қызметпен айналыспауы да мүмкін, бірақ, мұғалімнің жауапкершілік жүгін сезінбей, дұрыс жөн сілтеп, білім бере алмауынан да ата-ана ақы төлеп репетиторға оқытуға мәжбүр болып жатқан жоқ па? Бұл бүгінгі білім саласындағы «күйіп» тұрған мәселенің бірі. Мәселені бір жақты қарап, ақыл айтудан аулақпыз. Бірақ, ұстаздар қауымы барлық оқушыға бірдей қарап, мектеп табалдырығында да «Ұстаз» деген ұлы биігін құлатпай жүрсе екен дейміз. Себебі, репетитор жалдап баласына сапалы білім беруге көбінің жағдайы келе бермейді. Алайда, барлық ата-ана баласының білімді болғанын қалайды.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
24 қыркүйек 2021 ж. 290 0