Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда енді ұн, нан және макарон қымбаттайды

Қазақстанда енді ұн, нан және макарон қымбаттайды

Нарықты тағы қымбатшылық күтіп тұр. Бұл жолы дүкендерде ұн, макарон мен нан секілді астық өнімдерінің бағасы өседі. Астық өндірісі саласының мамандарының айтуынша, оған себеп жетерлік. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы" диқандардан бидай сатып алу бағасын көтеріп жіберген. Ал жеке компаниялар нарықты жаулап алу үшін диқандарға одан да жоғары ұсынып жатыр. Оның бәрі айналып келіп дүкендегі ұн мен нанның бағасын өсірері сөзсіз дейді мамандар.
Солтүстік Қазақстан облысының диқаны Марат Қарымсақов биылғы өнімін жылдағыдан қымбатырақ сатқысы келеді. Өйткені биылғы өнімі былтырғыдан 25 пайыз кем. 
"110-115 мыңнан сатып аламыз деп жатыр. Керек десе өздері келіп алып кетпекші. Менің астық алқабымның әлі 60 пайыздан астамы жиналған жоқ. Ауа райы астықтың толық жетіліп пісуіне мүмкіндік беріп тұр. Оған дейін баға да тағы өсе түссе бізге жақсы болар еді", – дейді Марат Қарымсақов.
Қазақстан астығының негізгі операторы "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы" былтыр бидай тоннасын 83 мың теңгеден алса, биыл 103 мыңға дейін көтеріп тастады. Ол шаруалардың банк алдындағы қарызын жабуға немесе техникалық жарақтарын қамдап алуға жеткілікті. Бірақ ол ақша дүкендердегі азық бағасына барып қосылады дейді мамандар.
"Біздің Үкіметтің шаруалардың қаржылық шығынын өтейтін мүмкіндігі жоқ. Жалғыз жолы – әлеуметтік маңызы бар азық түрлерінің бағасын барынша қалтаға қолайлы деңгейде ұстап тұру. Оның үстіне бағаның өсуіне келсек, ол астық бағасының өсуіне ғана байланысты емес. Көлік ақысы, жанармай, электр жарығы, жалақы және басқа да толып жатқан жанама әсерлер бар", – дейді Қазақстан астық одағының өкілі Евгений Карабанов.
Министрліктің мәлімдеуінше, бидай биыл әлем бойынша аз жиналып жатыр. Мысалы, Канадада өнім биыл 8 млн тоннаға, Ресейде 13 миллион тоннаға, АҚШ-та шамамен 4 миллион тоннадай азайып қалуы мүмкін. Мамандар біздің елде де биылғы қуаңшылық салдарынан қамбаларға астық шамамен 25 пайыз кем түсуі мүмкін дейді. Ал мал азығы тіпті 30-дан 50 пайызға дейін кемуі ғажап емес.
Астыққа қатысты тағы бір мәселе – биыл аз түссе де, ішкі нарықты толтыруға жеткілікті. Былтырғыдан қалғанын қоса алғанда тағы 6 жарым миллион тоннасын сыртқа сатуға болады. Біздің бидайымыз бен ұнымыздың негізгі тұтынушысы Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан болып келген еді. Ауған нарығы ондағы жағдайға байланысты жабылып қалды. Енді біздің диқандар 3 миллион тонна астықты қайда жіберерін білмей дағдарып отыр.


https://stan.kz
22 қыркүйек 2021 ж. 367 0