Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАСТЫҒЫҢ ҚАНША СҰРАДЫ?

БАСТЫҒЫҢ ҚАНША СҰРАДЫ?

Екеудің әңгімесі.
Таңертеңгісін асығыс жұмысқа бара жатып, такси ішіндегі қос құрбының әңгімелерін құлағым шалып қалды. Екеуара күбірлесіп отырған құрбылардың әңгімесі жұмысқа орналасарда берілетін «шапка» жайында өрбіді. Бірге келе жатқан соң, олардың қатты дауыстарын көлік ішіндегілердің барлығы естіді.
– Ооо Моля, қалайсың?
– Жақсымын. Өзің қалайсың құрбым?
– Шүкір ақырындап. Таң атпай қайда жиналдың?
–Ой, сол бітпейтін жұмыстың мәселесі. Оның үстіне құжаттарымды реттеуге шыққанмын. Өзің қайда барасың?
– Мен де жұмыстың шаруасымен жүрмін. Жақында университетті бітіріп, қолыма дипломымды алғанмын. Енді тұрақты жұмысқа орналасу үшін «резюме» толтырып жатырмын.
– Сен мұғалімсің бе?
– Иә, өзің ше?
– Мен де.
– Охо! Әріптес екенбіз ғой.
– Иә, әріптеспіз!
– Енді жұмысқа тұрақты орналасқалы жатырсың ба?
– Бұйырса...
– Айтпақшы, «шапкасына» қанша сұрады?
– 700 мың. Саған ше?
– Маған 1000000 сұрап тұр. Оның үстіне бір орынға бірнеше маман талас­та тұрмыз. Бәсекелестерім көп.
– Кім көп береді, сол жұмысқа бірінші тұрады дейсің ғой?
– Дәл солай.
– Қазір бастығыма соның мәселесін шешу үшін бара жатырмын. Бастысы, мектепке бір басымды сұғып алсам, өлмеспін. Әке-шешем қанша сұраса да, сұрағанын береміз деп отыр. Амал жоқ, жұмыс керек. Қазір пара бермесең, аш қалатын заман болып тұр ғой. Әсіресе, біздің оңтүстікте.
– Дұрыс айтасың. Қазір мұғалімдердің жалақысы көбейген сайын, жұмысқа кіру үшін талас көп. Бәсеке де жоғары. Кеше мектепке орналасу үшін, қаражат таппай амалдың жоғынан несие алдым. Енді оның қарызын бір жылда бөліп төлеуім керек.
– Ееее солай де құрбым?
– Солай!
– Мен осы жерден түсіп, қалайын. Әңгімені «watsapp» желісінде жалғастырармыз. Әзірге, сау бол!
– Көріскенше!
Міне, бұл көлік ішіндегі құрбылардың құрған диалогы. Қарап тұрсаң, әңгімелерінің барлығы шындыққа жанасады.Көпке топырақ шашпаймын, әрине. Бірақ, біздің өлкеде мұндай олқылықтар бұрыннан бері бар. Оны көзіміз көріп те, құлағымыз естіп те жүр. Несін жасырамыз? Тіпті, етіміз үйренгені соншалық мұндай әңгімелер ашықтан-ашық айтыла беретін болған. Оның бірден-бір дәлелі – бүгінгі әңгіменің шет жағасы болды. Осындайда, «ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң, талтаңда» деген мақал бекер айтылмаған-ау деп қаласың. Иә, ақшаң болса, қалағаныңды сатып ала аласың. Қымбат көлік, зәулім үй, тіпті, өзің қалаған жұмыс. Жұмысқа тұрғың келсе, «басекеңе» миллионның шетін шығарып, мектебіңе кіре бер. Қаражатың көп болса, директорлықты да сатып ал. Ал, егер көк тиының болмаса, онда ешкімге ренжімей табаныңды жалтырат. Себебі, ақшаң болмаса, бұл күнде жұмыс табу ақырет. Тіпті, еден жуушы боламын десең де. Ол үшін жоғары жақта таныс көкелерің болуы керек. Сондықтан, мемлекеттік қызметке кіремін десең, осы бастан қаражат жиып бастай бер. «Ұлы сөзде ұят жоқ» демекші, сыбайлас жемқорлықтың жең ұшынан жалғасын табуы әлі де тоқтамай тұрғанын көрмейсіздер ме? 2018 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Жемқорлық дерегі оңтүстікте көп тіркеледі. Пара беру-алу мәселесін бір жола жоймай, жарқын болашаққа қадам басу мүмкін емес» деп, оңтүстікке жұмыс сапарымен келген кезде айтқан болатын.

Сымбат СҰЛТАН
14 қыркүйек 2021 ж. 313 0