Шабақ та табиғат байлығының бірі

Иә, «балық та – байлық», – дейді қазекем. Айтса, айтқандай-ақ екен. Сонау ашаршылық, зұлмат жылдарында басқа өңірге қарағанда Сыр бойы халқы көп қинала қоймағандай. Өзге аймақ аштықтан қиналып жатқанда дарияны жағалай мекендеген бір қауым ел балық аулап, күнін көрген еді. «Өзен жағалағанның өзегі талмайтынын» аудандағы кәсіп иелерінен артық кім түсінген?! Дария бойынан бөлек, теңіз толқынында қайық ескен Сыр жұртының атакәсіпке деген ықыласы ерек. Соңғы жылдары судан сүзілген осы байлықтың Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шет елдерге тасымалдануы теңіз іргесіндегі елдің тіршілігін тәп-тәуір түлетіп-ақ тастады.
Бүгінде балық шаруашылығы саласында еліміз бойынша 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, елдің экспорттық бағытын қалыптастыруда балық шаруашылығы саласының алатын орны зор. Өз кезегінде елімізде балықты қорғауға арналған ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Әр өңірде балықтың өсімін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жолға қойылған. Жыл сайын «Шабақ құтқару» акциясы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Сондай-ақ, «Ошақты көл» шаруа қожалығы аудандағы 40 көлден шабақты құтқару жұмыстарын жүргізу үстінде.
Қорыта айтқанда, жасалынып жатқан игі іс – Сыр балығына деген қамқорлық. Бұл табиғат сыйлаған тіршілік иесін құтқару әрбір азамат алдындағы үлкен жауапкершілік болуы тиіс. Яғни, табиғат өзі жүктеп отырған маңызды міндет дер едік. Сондықтан бұл тіршілік иесіне де мейірімділік танытқан абзал.
Бауыржан Абдраманов,
«Ошақты көл» шаруа қожалығының төрағасы
«Ошақты көл» шаруа қожалығының төрағасы