Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КҮЗГІ ТРЕНДТЕР

КҮЗГІ ТРЕНДТЕР

«Сұлулық әлемді құтқарады» дейді. Бірақ, сұлу болу үшін үйлесімді киіне білу қажет. Сән әлемінде уақыт өткен ­сайын жаңа леп, жаңа трендтердің пайда болғанын байқауға болады. Сұлулық индустриясы да күн сайын мың құбылып, әртүрлі трендтер пайда болып жатыр. Десе де соңғы жылдары көне стильдердің қайта жаңғырғанын аңғару қиын емес. Сол баяғы классика, кең балақты шалбар, үлкен өлшемді пиджак. Бұларсыз ешбір арудың гардеробын елестете алмайсыз. Ал, мезгілге қарай киініп мың құбылатын арулардың киіну стильдері де әртүрлі екені анық. Қыз көңілі де, күз көңілі секілді құбылмалы емес пе? Жыл мезгілдеріне қарай жаңа киімдер топтамасы шыққаннан-ақ бұрымдылардың болмысы өзгеріп шыға келеді. Әсіресе, жапырақтар секілді сары түске боялатын сылқымдар күз мезгілінде ерекше киінгісі келеді. Сонымен, күздегі трендтерді бірге білейік...
Биылғы күзде сырт киімдерде «клетка» және «ляпарт» стильдері трендте. Киімге қарай түстері де өзгере бермек. Мәселен, сары, қоңыр, қара және ақ түстегі пиджактар сатушының да сатып алушының да назарында. Сондай-ақ, жастар арасында бірден көзге түсетін «джинс» маталары. Олардан жасалған шалбарлар, жеңі ұзын күртешелер, сөмкелер бүінгінің көшін бастап тұр. Джинс маталарын бүгінгінің «фавориты» деуге болады. Мұндай образдар кез-келген аруға бірден жараса кетеді. Және де «кейп» . Бұл сырт киімнің қарапайым пальтодан ерекшелігі – қолсыз келеді. Отандық дизайнерлер осы жылы мұндай пальтолардың сәнде екенін айтып отыр. Ал, егер қарапайым сырт киім таңдағыларыңыз келсе, күздің қара суығында ауырып қалмас үшін теріден немесе кашемирден тігілген пальто таңдағаныңыз абзал. Егер қалың киінбейтін болсаңыз, «драп» пальтолары да ыңғайлы. Тіпті, бірнеше жылдардан бері «этно стиль» трендте. Өз қалауыңызша отандық дизайнерлердің көмегімен киімдеріңізді қазақша нұсқаға айналдырып алуыңызға әбден болады. Тоқымадан тоқылған кардигандарды да ойланбастан сатып ала беріңіз. Тек оған сәнді белдіктерді тағуды ұмытпасаңыз болғаны. Ең бастысы өзіңізге жарасымды киініп, әр кез көңілге қонымды түстерді таңдап, дене-бітіміңізге сай стильде жүргеніңіз жөн.
Қыз-келіншектер әдетте дүкен аралағанда, киім сатып аларда жарасымды түстерді таңдай алмай әбден әбігерге түседі. Қызыл да ұнайды, көк те ұнайды. Тіпті, қараны жақсы көретіндер де жетіп артылады. Жылдың ең сәнді түстерінен тігілген киімді киетін болсаңыз, сіз «трендтегі ару» боласыз. Мамандар биыл жайлы киімдер мен ашық түстер сәнде дейді. Сондықтан көбіне ақ түсті жемпірлер мен сары-қоңыр түстес шалбарлар ажарыңызды аша түседі. Ал, образыңызды әдемі әшекейлер мен аксессуарға толықтырсаңыз әдемілігіңіз әрленді. Оған қоса, таза теріден жасалған түрлі-түсті сөмкелер нағыз «лук». Көлемді сырға және табиғи таспен көмкерілген білезіктер ажарыңызға сән қосады. Биік өкшемен толықтырылған бұл бейне сізді кештің гүлі етері анық.
Киімдерді дұрыс таңдағыңыз келсе, алдымен өмір салтыңызға мән беріңіз. Мәселен, кеңсе қызметкері болсаңыз, сізге «классикалық» үлгідегі іскерлік киімдерді сатып алған жөн. Ең бастысы киіміңіз кемінде үш киіммен жарасуы керек. Мысалы, кеңсеге арналған костьюммен де бірнеше образ жасауға болады. Біреуі қанық түс, қалғаны «базалық» болуы шарт. Ал, күнделікті өмірде қарапайым киінгеніңіз дұрыс. Спорттық үлгідегі костьюмдерді таңдар болсаңыз, өзіңізге жайлысын киіп көріңіз. Оған қоса, жәй табанды «кросовка» сатып алыңыз. Бұл киімдер сіздің жүріп-тұруыңызға жеңіл әрі өте ыңғайлы болмақ. Ең бастысы гардеробыңызды сапалы киімдермен толықтыруды әдетке айналдырыңыз. Сән мен сымбатыңыз үйлесімін тапса, әлем де ажарлана түспек.

Сымбат СҰЛТАН
14 қыркүйек 2021 ж. 536 0