Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашаршылық куәгері

Ашаршылық куәгері


Әр өңірдің, ауылдың дамуына үлес қосқан немесе ерлігімен, еңбегімен танылған жандар болады. Олардың жарқын ісі өзгелерге үлгі болсын деген мақсатта ауыл, көшеге есімдерін беріп жатады. Сондай ардақты азаматтардың бірі, Жөлек ауылының абыз ақсақалы, бала күнінде ашаршылықтың кермек дәмін татса, сұрапыл соғыста толарсақтан қан кешкен, кейінгі коммунистік партия заманында бел шешпестен ел мен жердің қамы үшін қажыр-қайратын сарп еткен Әбдіғаппар атаның да ерен еңбектері паш етуге тұрарлық дүние.
Молдабаев Әбдіғаппар Смайылұлы – 1914 жылы қыркүйектің 15 күні Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Ақтоған ауылында (Сырдарияның арғы бетіндегі Жуантөбе ауылының жанында) дүниеге келген. Әбдіғаппар аға 3 жасқа толғанда анасы қайтыс болады. 7 жасқа жеткенде әкесі тұрмыс тауқыметімен Жаңақорған ауданындағы балалар үйіне берген. Бұл кез Қазақстанды жайлай бастаған ашаршылықтың алғашқы кезеңі, «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деген қиын уақыт болатын. Әбекеңнің әкесі:
– «Балам осында, балалар үйінде болса, үкімет өлтіре қоймас, өзі қатарлылармен жүрсе бір жерден шығар» деген үмітпен берген-ді. Мұның себебі, Голощекин бастаған солақай басшылар «Қазақстанда кіші октябрь революциясын жасаймыз» деп елдің берекесін алып жатқан аласапыран кез. Ертеңгі күнді көрер бағы бар Әбдіғаппар аға, сол балалар үйінде тәлім-тәрбие алады. Алғашқы сауатын өзі тәрбиеленіп жүрген балалар үйі жанындағы мектепте ашып, 7 жылдық білім алып шығады.
1929-1934 жылдар аралығында жаста болса ынталы Әбдіғаппар ағаны Шиелі ауданының білім саласының басшылары кешкі сауат ашу (ликбез) мектептеріне ұстаздық қызметке алған.
1935-1938 жылдар аралығында Қызылорда педучилищесінде оқып, «Бастауыш мектеп мұғалімі» мамандығын алып шығады.
1938-1940 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданындағы «Қоғам», «Ақтөбе» орталау мектептерінде мұғалім, оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде болады.
1940 жылдың наурыз айында «Қызыл әскер» қатарына шақырылып, №91 атқыштар дивизиясының №57 артиллеристер полкінде зеңбірекші, зеңбірекшілер есептобының командирі болған. 1941-1943 жылдар аралығында №107 атқыштар полкында бөлімше командирі болып қызмет атқарған. Әскери шені сержант. 1943 жылы ұрыс даласында сол қолынан жарақат алуына байланысты өндіріске жіберілген.
1943 жылдың сәуір айымен 1945 жылдың желтоқсан айы арасында Ресейдің Ростов облысы, Шахты қаласындағы «Неж­данная» көмір шахтасында забойщик қызметін атқарған.
1945 жылдың 27 қазанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы М.И.Калининге хат жазып, елге қайтуға рұқсат алады. Сөйтіп, 1946 жылы туған жерге оралып, 1946 жылдың 1 қаңтарынан 1947 жылдың 10 желтоқсанына дейін Жөлек 7 жылдық мектебінде мұғалім, кейіннен мектеп директоры болып қызмет атқарады.
1947-1948 жылдары Қызылдихан колхозындағы (қазіргі Ә.Тәжібаев ауылы) К.Е.Ворошилов атындағы 7 жылдық мектепте директор болады. Алайда, «Ағайын ала болса ауыздағы кетеді» дегендей, мектеп қызметкерлері мен ауыл тұрғындарынан Ә.Молдабаевты «Отанын сатқан опасыздың ағайыны» мектеп басшысы болуға тиіс емес. Оны ортамыздан аластау қажет. Ол Еліміздің ертеңгі үміті жастарға теріс бағытта тәрбие береді» деген сыңайлы арыз-шағымдар жоғары жаққа үсті-үстіне түсе бергендіктен, Әбдіғаппар аға Өзбек еліне қоныс аударып, Ташкент облысы, Қарасу ауданында Куйбышев атындағы 7 жылдық мектепте, Қойлық ауылындағы 7 жылдық НСШ №5 орта мектебінде 1948 жылдың 10 ақпанынан 1950 жылдың 29 қаңтарына дейін мектеп директоры болып абыройлы қызмет атқарады.
Елге оралған соң, 1950-52 жылдары «Ақтөбе» мектебінің меңгерушісі, Жаңатұрмыс колхозындағы (қазіргі Байсын ауылы) бастауыш мектеп директоры болды.
1952 жылыдың қыркүйегінде Сырдария қаракөл совхозына қарасты Қызылқайың елді мекеніндегі А.Жданов атындағы 7 жылдық мектепке «Қазақ тілі пәні мұғалімі» болып ауысып, 1953-55 жылдары директор қызметінде болады. Бастапқыда 2 бөлмелі қоржын тамда дәріс берген Әбекең, ауыл адамдарын ұйымдастырып, жаңадан мектеп ғимаратын соғады.
1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласындағы Н.К.Крупская атындағы мемлекеттік мұғалімдер институтына түсіп, 1954 жылы жоғарыда аталған институтты «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша сырттай оқып, бітіріп шығады.
1956 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игеру» жұмыстары басталғанда ауыл шаруашылық қызметкерлерінің арасында коммунистік идеологияны кеңінен насихаттауды күшейту мақсатында өмірде ысылған, көпті көрген коммунистерді осы салаға жіберді. Әбдіғаппар аға сол мыңдаған коммунистің бірі болып, 1957 жылы Жөлек ауылдық Советінің атқару комитетінің председателі қызметін абыроймен атқарады. Осы уақыттан бас­тап Әбдіғаппар ағаның өзіне таныс емес, беймәлім еңбек ұжымына басшылық жасау және ондағы ұйымдастырушылық қызметті орындау өмірі басталады. 1959 жылы ауылдық Советте колхозшылардың мұқтажымен қатар Кеңес қызметін де жүргізіп, аудан басшыларымен ауыл тұрғындарына жаңа қырынан танылған Әбекең, Қызылту колхозының (қазіргі Жақаев ауылы) партия ұйымының хатшысы болып сайланады.
1960-66 жылдары партия жұмысында жүріп, ауыл шаруашылығының қыры мен сырын үйренген Ә.Молдабаев «Қазақстанның XXX жылдығы колхозына» басқарма төрағасы болып тағайындалады. Әбекең барған уақытта егіс көлемі 200 гектар, өнім көрсеткіші 15 центнер болса, 1963-64 жылдары егіс танаптарын 800 гектарға ұлғайтып, өнімі 40 центнерге көбейген. Әсіресе, бидай дақылын көптеп егіп, халық жүгері наннан бидай нанға көшкен еді. Ауыл орталығындағы гараждың ішінен диірмен соқтырып, халық еңбек ақысына алған дәндерін түйдіріп, Спан атты диірменші азаматтың қолынан шыққан ұнды тұтына бастады.
Ол 1960 жылы Қазақ ССР-ның астанасы Алматы қаласында өткен Қазақстан Компартиясының ХҮІІІ съезіне Қызылорда облысынан делегат болып қатысты. Екі рет облыстық атқару комитетіне Шиелі ауданынан депутат болып сайланып, аудан халқының мүддесін жоқтап жүрді.
Осы тұста бір тарихи деректі айтпай кетуге болмас.
Әбекең жоғарыда аталған съезге делегат болып бармас бұрын, көп жылғы жемісті еңбегін ескеріп, аудандық, облыстық партия комитетінің І-ші хатшылары Қазақ ССР Компартиясына Молдабаев Әбдіғаппар Смайылұлын Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынады. Аталған құжатқа қол қоюға тура бір ай қалғанда, яғни, Әбекең съезге барған кезде, съезд президиуымына бөтен емес өз ағайындары атынан «көп әйел алды (многоженства)» деген арыз түседі. Ол арызға қол қойғандардың ішінде өз ағайын-туыстары да болған екен.
Саяз ой мен күндестік кесірінен, сол кездегі партия ұстанымына қайшы келетін «многоженства» машақатымен ардақты Әбекең Еңбек Ері атағынан қағылған.
Ағайынішілік өкпе-наз сыртқа шықпағанда, бүгінгі күні Шиелі ауданы Социалистік Еңбек Ерлерінің саны тағы бір адамға артық болар еді...
1966 жылы аудан басшыларының келісімімен және Сырдария қаракөл совхозы қызметкерлерінің өтінішімен Әбдіғаппар аға осындағы жұмысшылар комитетінің төрағасы қызметінде болады.
1966-1968 жылдары Сырдария қаракөл совхозының Қызылқайың елді мекеніндегі №1 фермасын басқарып, ферманың тек аудан көлемінде ғана емес, облыста алдыңғы қатарда болуына қол жеткізеді.
1968-1969 жылдары Ұлы Отан соғысында алған жарақаты сыр беруіне байланысты, №152 Жөлек орта мектебінде жас бүлдіршіндерді оқытып, оларды өздерінің өмір жолындағы кездесетін қиындықтарды жеңе білуге тәрбиеледі.
1970-1984 жылдар аралығында Бәйгеқұм елді мекеніндегі қамыс заводтың директоры болды. Әбдіғаппар аға 1982 жылы зейнеткерлікке шығуға құқығы болса да, жоғарыда отырған басшылар бұл кісінің өмірде көпті көргендігін, көпшілікпен тіл табыса алатындығын және ең бастысы қамыс завод ұжым мүшелерінің өтінішін ескере отырып, ағаның өзіне тиесілі еңбек демалысына 1984 жылы шығарады.
Әбдіғаппар ағаның майдан даласында көрген қиыншылығы мен бейбіт өмірдегі ұзақ жылдарғы еселі еңбегін кеудесінде жарқырап тұрған «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Еңбек Қызыл ту» ордендерімен «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», «Ерен Ерлігі үшін» медалі және «Ұлы Жеңістің 20, 30, 40 жылдығы» мерекелік медальдары мен ВДНХ-ның алтын медальдары растап тұрғандай.
– Әкем кейде соғыстан кейінгі өмірінің келеңсіз күндері есіне түскенде немесе бойындағы жарақаттардың ауруы жанына батқанда тұнжырап, үнсіз отырып қалатын. Менің хал-жағдайын білмекке берген сұрақтарымды жауапсыз қалдырып, біраз уақыт отырып барып, «елдегі мына өмірден соғыстағы күнім артық екен ғой» – деп бір күрсініп алатын.
«Соғыста алдыңда жау. Егер сен оның көзін жоймасаң, ол сені жоқ қылады. Ол саған көрініп тұр, сен де оны көріп, бақылап тұрсың. Өзіңнің қол-аяғың бүтін үйіңе жетуің үшін, елдегі барлық ағайын-туыстың есендігі үшін сен оны өлтіресің, басқа жол жоқ. Ал мұнда, елде ісі түсіп алдыңа келгенде «ағажан, көкежан» деп іші бауырыңа кіріп алады да, сырт айналсаң сатып кетеді. Бөтен болса бір сәрі, құртқанда осы туыстардан көрдім ғой көресіні. Есіңде болсын, адам баласы бұл өмірге бір-ақ рет келеді. Сол бес күндік өмірде артыңда қалған ұрпақтарың – сенің айтқан сөздерің, не істеген істерің үшін ұялмайтын болуы керек. Керісінше, олар сені мақтан тұтатындай артыңда із қалдыруға тырыс балам» дейтін қайран әкежаным, – деп еске алады шашы бурыл тартып, өзі де немере сүйіп отырған, ата болса да әкесінің аялы алақаны мен айналайын деген бір ауыз сөзін сағынған ­Бауырхан Әбдіғаппарұлы.
Асыл сүйекті Әбдіғаппар аға 1993 жылдың 6 тамызында 79 жасында дүниеден озды.
Өзінің саналы ғұмырын туып-өскен өңіріміздің өсіп-өркендеуіне арнаған, елім, туған жерім деп аянбай еңбек еткен, ауданның білім беру жүйесінде өзінің білімі мен біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында елеулі із қалдырған, ерен еңбегімен ел есінде қалған Ұлы Отан соғысының ардагері Молдабаев Әбдіғаппар ақсақалдың есімін қалайша ұмытамыз? Ұрпаққа үлгі боларлық жанкешті ерліктері мен еткен еңбектерін насихаттау, кейінгі ұрпаққа аманаттау мақсатында, атпал азаматтың есімін ұлықтау, есте қалдыру үшін, өзі еңбек етіп, маңдай тері тамған Шиелі кентінің орталығынан немесе Жөлек, Бала би, Досбол би, Жаңатұрмыс ауылдарының бірінен жаңадан ашылып жатқан көшеге есімі беріліп жатса, бүгінгі бейбіт күніміз үшін басын бәйгеге тіккен алдыңғы буын ағалардың алдындағы бір азаматтық парызымызды орындағанымыз болар еді.

Бекболат Темірәліұлы,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
07 қыркүйек 2021 ж. 353 0