Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлыққа жол бермейік

Жемқорлыққа жол бермейік

Мемлекетіміз осы бір жаһандану заманында көркейіп, өркениетті әрі жоғары сатыда дамуы үшін елімізге сауатты да білімді, қоғамда құқық бұзушылықтар мен қылмысқа төзбейтін отансүйгіш, патриот азаматтарын тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты мақсаттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында айтылған маңызды мәселелердің қатарында осы – сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі тұр. Бұл да қазіргі кезеңдегі белең алған бір індет десе де болады. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп атап көрсетілген аталған Жолдауда.
Бүгінде жемқорлықпен күрес күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Қоғамның барлық саласында кездесетін бұл әрекет қылмыс екені айдан анық. Әсіресе, мемлекеттік басқару құрылымдардағы лауазымды қызметкерлердің өздеріне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке бастың пайдасы мен мүддесі үшін пайдалануы – қауіпті. Сыбайлас жемқорлық – өз мүддесінде мемлекеттік функцияларды пайдалану. Қоғамның, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мүддесіне қайшы келеді. Жолдаудағы мәселе төңірегінде көңілге бір қонымды жәйт ол – мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олардың қызметтен босатылатындығы.Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайтындығы және жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салынатындығы да нақты көрсетілген.
Қазақстан Республикасының құрылғанына отыз жыл болды. Осы қысқа мерзімде біздің еліміз бүкіл әлемге танымал болу үшін үлкен жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде Президент қолдаған саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданды. Сыбайлас жемқорлықпен күресу – олардың ішінде ең маңыздыларының бірі. Ендеше, сыбайлас жемқорлыққа қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Ол үшін ең бастысы, мемлекеттік қызметшілер бойында отансүйгіштік қасиеттері қалыптасқан, туған жері мен елі үшін қалтқысыз қызмет ететін жоғары парасатты тұлға болуы шарт. Сонда ғана, біздің Отанымыз – Қазақстан Респуб­ликасы экономикасы мықты, халқы бай, бақуатты, азаматтарының тұрмысы жоғары елге айналады. Сондықтан да, алға қойылған мақсат-міндеттерді мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам бірлесіп атқаруы қажет. Бірлік – түбі береке екендігін естен шығармай, бірлесіп қамал алатын кезең келіп жетті.

Гүлнар Қожаназарова,
Иіркөл ауылдық округі әкімі аппаратының
бас маман заң қызметкері
13 тамыз 2021 ж. 343 0