Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨНЕНІҢ КӨЗІ, МАЙТАЛМАННЫҢ ӨЗІ

КӨНЕНІҢ КӨЗІ, МАЙТАЛМАННЫҢ ӨЗІ

«Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, жетпісінші жылдардың еңбек қаһарманы Мұқамеджан Үрпеков 75-тің асқарынан бой көрсетті

Өткенсіз бүгіннің мәні жоқ, бүгінсіз ертеңнің сәні жоқ. Қай қоғамда болса да, адам өткенін саралап, қал-қадірінше бағалап отыру, өткеннен сабақ алу – өмір тәлімі. Сонда адам да, қоғам да діттеген мақсатынан жаңылмайды, болашақты анық болжап, алға қарай нық сеніммен адымдайды.
...1970 жылдар Шиелі өңірінде ерекше екпінді кезең болды. Аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысқандықтан, егіншілікке, мал басын өз төлі есебінен көбейтуге бетбұрыс жасалды. Осы жылы кеңес өкіметінің құрамындағы Қазақстанның құрылғанына жарты ғасыр толып еді. Елдің ерен еңбекке жұмылуының бір сыры осында жатса керек. Аудан жеке отау құрып, шаңырақ көтергенде барлығы 6,5 гектар егістік жері болды. Оның 1900 гектарына күріш егілген. Ал, біз сөз етіп отырған жылдары тек күріш егісінің көлемі 7600 гектарға жеткізілген. 1969 жылы аудан бойынша, әр гектардан 39 центнерден күріш салысы өндірілсе, 1970 жылы күріш өндіру 207 мың центнерге жетті. Жыл өткен сайын көлемі ұлғайтылып, 1970-1975 жылдары әр гектар күріштен 39-40 центнерден өнім өндіру тұрақты көрсеткішке айнала бастады.
1971 жылы алдындағы жылдың қорытындысымен ауданның 100-ден астам еңбек озаты лайықты құрметке ие болды. Көне деректерге көз жүгіртер болсақ, 1 адам Ленин орденімен, 49 адам «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, 33 адамға «Құрмет белгісі» ордені берілсе, тағы да осынша адам төсіне жарқыратып медаль тақты.
1970 жылы аудан колхоз-совхоздарында 569 трактор, 196 комбайн, 180 автомашина болды. Бұл мәліметтерді келтіріп отырған себебім, бүгінгі әңгіменің кейіпкері сөз болып отырған жылдардың еңбек қаһарманы – Мұқамеджан Үрпеков.
Ол орта мектепті 1963 жылы тәмәмдады. Сол уақытта Шиелі ауданы мен көрші Жаңақорған ауданы қайта қосылып жатқан-ды. Шаруашылықтарда өзгеріс, қарбалас тірлік. Мұхамеджан әке-шешесін ойлады. Әкесі Үрпек ақсақалдың зейнетке шығуы да сол қарбаласқа дөп келді. Ол жоғары оқу орнына барудан бастартты. Қызылорда қаласындағы екі айлық механизаторлық курсты бітірді де ауылына келіп, тракторға отырды. Бұл ісіне әкесі қарсы болған жоқ, қайта қуанды. Баласын күнде көріп жүретінін білген анасы да жадырап қалды. Колхоздың басқарма төрағасы Әнсары Әбдіхалықов ерекше қуанды. Ауылда жұмыс қолы жетіспейді. Әсіресе, механизатор дегенің таптырмайтын зәру мамандық.
– Ауылда қалғаның қандай жақсы болды. Сен текті, еңбеккер тұқымнансың. Әкең Үрпек Жансариев қолынан кетпені түспеген диқан. Бүкіл ғұмырын күріш дақылын өсіруге арнады. Қазір енді зейнетке шықты. Әке жолын кім жалғастыру керек? Әрине, сен, – деді төраға арқасынан қағып: – Талабыңа нұр жаусын, қадамың құтты, еңбегің берекелі болсын.
Әбдіхалықовтың бұлай деуінің жөні бар. Республикалық «Алтын құрмет кітабында» білікті диқан Үрпек Жансариевтің аты-жөні жазылып, суреті берілген. Барлық күш майдан үшін жұмсалған соғыс жылдары Ким Ман Сам, Ыбырай Жақаев, Ұлдар Дәуішева, Маман Қалдыбаев сияқты Шиелі ауданының бетке ұстайтын, осы өңірде күріш дақылын өсірудің негізін қалаған диқандардың сапында болды. Қызылорда облысынан майданға 60 тонна күріш салысы жөнелтілгенде Үрпек Жансариев бұл игі шараға да атсалысты. Күріштің әр гектарынан – 80 центнерден өнім алды. Нәтижесінде Үрпек Жансариевтің төсінде «Еңбек Қызыл Ту» ордені жарқырады.
Даңғайыр диқанның отбасында дүниеге келген, қайнаған еңбек ордасында өмір сүрген, есейген Мұхамеджанның еңбекпен етене болмауына мүмкіндігі жоқ еді. Трактор «тізгінін» ұстаған күннен бастап еңбек қарқыны мен сапасына мән берді. «Ұлым, «темір» тұлпарды таңдаған екенсің талабың оң болсын, қадамың құтты болсын! Қатарыңның алды бол!» Әкенің батасы осы болды.
Ол кезде Нартай ауылы «Коммунизм» колхозы деп аталатын. «Үлгілі», «Еңбекші» және «Жиделіарық» (Жиделі, айтуға жеңіл болғандықтан, көбінесе осылай аталатын) деген үш елді мекеннен құралған. Үш бөлімше үш өндірістік бригадаға біріктірілді. Бір орталықтан басқару ыдырады. Қой және ірі қара фермалары өндіріс бригадаларының қарамағына берілді. Әрбір бас маманға өз саласындағы жұмыс сеніп тапсырылды. Малшы керек болса, жем-шөп қажеттілігі туындаса, бұрынғыдай басқармаға жүгірмейді, бригадир мамандармен кеңесіп, өзі шешеді. Жұмыстың қарқын алуына, еркіндік сақталуына, кадрлардың тұрақтауына, өнімнің сапасы жақсарып, көлемі артуына бұл тәсілдің ықпал-әсері көп болды. 1960 жылдары мал мен ауыл шаруашылығынан түскен өнім 700 – 800 мың сомды құрады. Осы өнімдерді өндіруге қатысқан колхозшылардың еңбекақысына бұл қаржы әзер-әзер жететін. 30 мыңдықтар қатарында «Коммунизм» колхозының басқарма төрағасы болып сайланған Әнсары Әбдіхалықов алғашқы күннен колхозшының еңбекақысын көтеруге күш салды. Егіс көлемін 1000 гектардан 3000 гектарға дейін жеткізді. Оның 2,5 мың гектарына тек қана күріш егілді. Бидай, жүгері сияқты дақылдар да қағажу көрмеді. Бас агроном Нақып Тыныбеков, бас инженер Төлеген Құрбанов,өндіріс бригадирлері Ізбасқан Құлтаев, Көшек Қосжанов, Досмағамбет Аюпов коммунизмдіктерді қажырлы іске бастай білді. Шаруашылықтың бір жылдық айналымындағы ақшалай қоры 1 миллион сомға жетті. Еңбек еселенсе, өнімділік артатынына, өнім көбейсе, әл-ауқат жақсаратынына еңбеккердің көзі жетті. Колхозшының айлық табысы артып, жыл соңында қосымша сыйлық ала бастады.
Мұхамеджандардың қатары жылдан жылға көбейе түсті. Сұлтан Айтасов, Әбдірахман Әпінов, Амангелді Сариев, Ержігіт Әміров, тағы басқа ауыл жігіттері шаруашылықтың егістік алқабын айдау, тұқым себу, егін ору мен жинау жұмыстарын абыроймен атқарып жүрді. Осылайша колхоздың механизатор жасағы қалыптасты, егіс көлемі, өнім мөлшері көбейе түсті. 1971 жылы коммунизмдіктер қыруар табысқа қол жеткізді. Айналымдағы қаржы қоры 3 миллионға дейін жетті. Кейінірек бұл «Коммунизм»колхозы үшін тұрақты көрсеткіш болып қалды. Айтпағым, осы игілікті істің басы-қасында бірде трактор рулінде отырып жер жыртып, бірде комбайн штурвалінде отырып астық орып немесе дән бастырып Мұқамеджан Үрпеков те жүрді. Жыл қорытындысымен ол «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 25 жастағы жігіт үшін бұл үлкен жетістік болды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімовтың омырауына өз қолымен таққан ордені Мұхамеджанның ерен еңбекке деген құштарлығын еселей түсті. «Еңсең биік, кеудең кең, қолың салалы, қауқарлы екен. «Жас келсе, іске!» деген ғой, әлі талай марапат алдыңда күтіп тұр, әрекетің берекелі болсын» деп аймақ басшысы қолын қысқан сонда...
Ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Үрпековтың қандай азамат болғандығын сол жылдары «Коммунизм» колхозы комсомол ұйымына жетекшілік еткен, қазір зейнеткер, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», қарымды қаламгер Есіркеп Шәдібеков өз әңгімесінде былайша айтып берді:
«Шілде айының іші болу керек, бастық шақырып жатыр дегесін бардым. Барсам, бір өзі отыр екен.
– Есіркеп, «Еңбекшідегі» Ұлбала Алтайбаеваның күрішін көруге облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов келе жатыр. Ертең егіс басында болады. Ерте барып көрсем, күріштің біраз жерінде судың деңгейі көтеріліп, атыздарды шайып кетіпті. Қазір кассадан 1000 сом ақша ал. Комсомолдарыңды жинап, мектепті көмекке шақырып, асар ұйымдастыр. Кешке дейін атыздың басын қарайтпасақ, еңбегіміз еш болайын деп тұр. Есіктің алдына бір машина шақыртып қойдым. Тапсырма орындалғанша сол машинаны пайдалана бер, – деді.
Дереу кассадан 1000 сом алып, машинаға міне сала ауыл белсендісі әрі құрдасым Мұхамеджан Үрпековтың үйіне бардым. Төрағаның тапсырмасын тыңдап болды да, «Үлгіліні» маған тапсыр. «Еңбекші» мен «Жиделіні» өзің ұйымдастыр» – деді. Ертесіне бөлінген автокөлікке мініп алып, жоғарыда аты аталған екі бөлімшеге шұғыл аттандым. Үйме-үй аралап жүріп екі бригаданың жастарын, жоғарғы кластың оқушыларын, бірлі-жарым ферма, бригада жұмысшыларын, ауылда демалыста жүрген студенттерді машинаға отырғызып, «Еңбекші» маңындағы күріш басына келсем, үлгіліліктер бізді күтіп тұр екен. Араларында жоғары класс оқушылары да бар. Мұхамеджан мектепке де соғып үлгірген екен. Белсенділігіне тәнті болдым.
– Ал, айта бер, қай жағынан бастаймыз, – деді ол. Іске құлшынып тұр.
– Басынан, күрішке кіре берістен бастайық, – дедім өз білгенімді айтып. Құрал-сайманымызды қолға алып кірісіп кеттік. Бәріміз жабылып, кешке қарай су шайып кеткен атыздың басын түгел қарайтып, қалпына келтірдік. Кешке қарай Жандарбеков келіп, көріп риза болды. Жұмыстан кейін асаршыларға 3 сомнан ақша тараттым. Бәрі мәз болды. Қалғанын «керек болып қалар» деген оймен қалтама салып қойдым. Таңертең Мұхамеджанды ерте келіп қарасам, атыздың бәрі қарайып тұр. Судың деңгейі төмендепті, шайып кететіндей қауіп жоқ. Көңіл орнына түсті.
Түске жақын обкомның бірінші хатшысы И. Әбдікәрімов, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы О. Бәйімбетов келіп көріп, риза болып кетті.
Жұмыс соңына қарай кеңсеге келсем, Жандарбеков бар екен. Кіріп едім, барлық бас мамандарды жинап алып маған ризашылығын білдірді. Шығып бара жатқанда: «аға кешегіден 400 сом артылды», – деп едім, «қапқа түскен, қазанға түспейді» деген ғой, тағы бір асарлатқан комсомол жұмысына қажет болады, сейфіңе салып қой», – деді.
Қалған ақшаға волейбол доптарын, екі бөлімшеге екі волейбол сеткасын сатып алып бердім. Спортшы жастар риза болып қалды...».
...Сол жылы күзде осы алқаптың күріші өте бітік болды. Батыр ана Ұлбала Алтайбаева әр гектардан 106 центнерден күріш өндіріп, нәтижесінде «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды.
1974 жылы ауданның бір топ ауыл шаруашылық қызметкері мемлекеттік арнайы жолдамамен Мысырдың Каир, Александрия қалаларына сапар шекті. Мемлекеттік құрамда Мұхамеджан да бар еді. Бүкілодақтық ауыл шаруашылық жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) күміс медалін де ос жылы иеленді. Мұхамеджаның есінде сақталған тағы ерекше жыл – 1984. Осы жылы ерен еңбегінің нәтижесінде кеңес өкіметінің жоғары наградаларының бірі – «Еңбек Қызыл ту» орденіне қол жеткізді. Ол қатты толқыды, бұл қуаныштың тебіренісі еді. Оның да өз себебі жоқ емес. Өйткені, бұл жоғары награда осы шаңыраққа осымен екінші мәрте еніп отыр. Үрпек қария да осы орденді кеудесіне қуана таққан болатын.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
ҚР Жазушылары және Журналистері одақтарының мүшесі, «Қазақстанның құрметті журналисі» мен «Шиелі ауданының құрметті азаматы» төсбелгілерінің иегері
13 тамыз 2021 ж. 592 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930