Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сатира сарбазы

Сатира сарбазы


Әркімге өзінің балалық, бозбалалық дәурені ыстық көрінетіні рас. Өйткені, сенің алғашқы өміртанымың, дүниетанымың сол бір шақта басталып, кіршіксіз, таза ақ қағаздың бетіне түскен жазудай жадыңда сақталып қалатын суреттер болады. Уақыт өткен сайын кезінде жас көңіліңді күпті қылған көлеңкелі оқиғалар ұмытылып, тек кеудеңді жарқын сәулеге толтырған толқындар мен сезім елестері алыстан бұлаңыта береді.
Туған топырағымыз Шиеліде бұрын-соңды дүниеге келіп, айнала төңірегін шапағатты нұрға толтырып өткен үлкенді-кішілі азаматтарымызды ауық-ауық еске алып қойсақ, бұл да біздің елдік дәстүрлерден әзір жырақтап кете қоймағанымызды көрсетеді. Шиелі топырағында дүниеге келген айтулы азаматтарымыздың аты халықтың аузында, тарихтың төрінде тұрғаны, әрине, мақтан. Бірақ, жұрттың бәрі Мұстафа Шоқай, әйтпесе Ыбырай Жақаев болып туа бере ме? Сардарларымызды дүниеге танытатын сарбаздарымыз бар емес пе? Бұлардың да қатары көп болса, әрине, елдің мәртебесі көтеріле бермек.
Өткен ғасырдың елуінші жылының соңы мен алпысыншы жылының басында сол кездегі Ташкент темір жолы атанған ұзын желінің бойында жатқан, кілең кішігірім тоқал тамдардан құралған, орысша ыңғайда «станса» атанатын Шиеліде басқа орденді, жұлдызды егіншілер мен малшыларын айтпағанның өзінде, әлемдік қазынаға қосылатын «Мың бір түн» хикаясын тұңғыш рет қазақша сөйлеткен Қалмақан Әбдіқадыр ағамыздың соңына ерген бір топ жас ақын-жазушылар тіршілік етуші еді. Бұлардың ішіндегі Тілеген Шопашев, Сейтқасым Сейтенұлы, Оразбек Бодықов, Дүйсенбі Ысмайылов сол кездің өзінде-ақ республика оқырмандарына аттары мәлім қаламгерлер қатарында жүретін. Ал, біз болсақ, бірді-екілі өлең, әңгімеміз аудандық «Стахановшы», облыстық «Ленин жолы» газетіне ара-тұра басылып қоятын талапкер шәкірттерміз. Сәрсенбек Жұмабеков, Абдулхамид Исаев, Айдар Достияров, Тұрғанбек Кәрімқұлов (ішінде өзім де бармын) – ол кезде аудан оқырмандарына танылып қалған «қаламгерлерміз», бізбен бірге оқитын бір қу тілді кластасымыздың сөзімен айтқанда, «сымақтармыз», яғни «жазушы сымақтар» дегені.
Неге екенін білмеймін, Шиелі ол кезде облыстың «әдеби астанасы» сияқты еді. Қызылорда шаһарында тұратын атақты сықақшы Асекең – Асқар Тоқмағанбетов бастаған Зейнолла Шүкіров, Нәсіреддин Серәлиев, Саид Баязитов, Досмағамбет ­Тасекеев, Әбдікәрім Оңалбаев секілді ақын-жазушы ағаларымыз Шиеліге жиі қатынайтын. Солардың сұхбатын тыңдауға шақырылатын мына біздер Абдулхамид Исаевтың сөзімен айтқанда, «жергілікті маңызы бар жас жазушылар», ол кісілерді көбіне Сейтенұлы мен Смайыловтың үйінде қонақшылап отырған жерлерінде көруші едік... Басқаларды қайдам, ал мен үшін ағалармен бірге өткерген сол сұхбат кештері алғашқы әдеби мектебім болғаны анық.
Сондағы байқағаным: Сейтқасым ағамыз ерекше сабырлы, салқынқанды, төзімді кісі еді. Әрине, әдебиетшілердің басы қосылған жерде қызу пікір, айтыс-талас болмай қоймайды. Алпысыншы жылдың басында Алматыда, ҚазМУ-де оқып жүрген мен сол тұста едәуір белсенділік көрсетіп, орталық баспасөз беттерінде жиі көріне бастаған едім. Жастығым бар, албырттығым бар, әйтеуір, Шиеліде өткен кеңестерде де құлағым салбырап, тыныш отыра алмаймын: жобаға келсін, келмесін, өз пікірімді айтып қалуға тырысамын. Осындай сәттердің бірінде жарықтық Қалмақан «көкем маған қарап отырып: Шырағым, осы сен профессор болып қайтесің? Одан да анау атақты жүгеріші Сартай Маханбетова апаң туралы бірдеме жазып көрші... Очерк пе, өлең бе... Қалғанын кейін көре жатасың ғой!» – дегені. Ашық көңілмен, риясыз, зілсіз айтты.
Кейін Сейтқасым ағаммен аудандық газеттің редакциясында кездескенімде:
– Айналайын Оразбек, Қалекеңнің әлгі сөзін көңіліңе ауыр алма. Тура жолыңнан тайма! – деп қолтығымнан демеп жібергендей болып еді.
О баста тумысынан жаралған қасиеті болуы керек. Сейтқасым ағамыз үлкенге ізетшіл, кішіге қамқор, қазақы ұғыммен айтқанда, алды кең, жібектей жұмсақ мінезді кісі еді. Біреуге риза болса да, ренжісе де лып етіп сезім жетегіне еріп кеткен кезін байқаған емеспіз. Қашан кездессең де білген-түйгенін қоңыр бәсең дауыспен айтып отырар еді. Бірақ сыртқы бітімі әлсіз, қораштау көрінетін, ұзақ жылдарға созылған ауыр науқастың табы болса керек, ағамыздың ішкі дүниесінің қуаты оның қашанда шырақдай жанып тұратын үлкен қара көздерінде тұнып тұратын.
Сейтқасым Сейтенұлының ішкі дүниелік қуаты оның қаламынан туған көркем шығармалардан да анық көрінеді. Өкінішке қарай, басына жастай түскен тұрмыс тауқыметі, жетімдік салдары, дерт зардабы оның құлашын кең сермеп, емін-еркін шығармашылық жұмыспен айналысуына мүмкіндік бермесе, екінші жағынан, ақын өмір сүрген өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары әлі де советтік цензураның қылышынан қаны тамып тұрған қатал уақыт болатын. Осыған қарамастан, аудандық, облыстық газеттердің таусылып бітпейтін күнделікті күйбең тіршілігінің арасында жүріп, небәрі он жылдың ішінде С.Сейтенұлы ондаған фельетондар мен сықақ өлеңдерін, мысал-әңгімелерін жариялап үлгерді. Оның сол кезде «Жазушы» баспасынан шыққан «Өңеш пен қол», «Бойжеткен көбелек» атты кітаптары есімін күллі республика жұртшылығына сатирик ақын ретінде танытты.
Өзінің шығармашылық жолын қысқа лирикалық өлеңдер жазудан бастаған қаламгердің бірте-бірте біржола сатира жанрына қарай ойысуы да әбден түсінікті еді. Өйткені ол заманда ел ішін жайлай бастаған әлеуметтік теңсіздік мәселелерін тура текс­пен ашық айту мүмкін емес еді, ашық айтсаң, басың бәлеге қалады. Ал, тұспалдап, астарлап жеткізудің ең ұтымды тәсілі – сатира, оның ішінде әдебиет тарихында ежелден жасап келе жатқан мысал өлеңдер түрі еді. Өмірінде қанағат жоқ, «билей берсем, илей берсем» деп ойлайтын астамшыл әкімдерді қайтіп сынамақ? Сынаудың жолы ол тұста төмендегідей еді:
«Жылан жердің зәрін татса,
Астында қырық жыл жатса.
Айдаһар болады,
Дүниені обады».
Деген сөзді естіп,
«Шығамын, – деп, – өстіп»,
Сұр жылан тереңге батты,
Бүк түсіп жатты,
Есінеп керілді,
Қиялға берілді:
«Дүниені тұтас алам,
Жұмыр жерді жұта салам.
Бәрі де құрсағымда шіриді,
Тоз-тоз болып іриді,
Құриды...» –
Дей беріп еді,
Бір тас аузының қанын келтірді,
Езіп өлтірді.

Бұл – қазіргі кез келген мектеп оқулығына кіргізуге жарайтын, қазақ поэзиясындағы философиялық мысал өлеңнің ең озық үлгілерінің біріне жатса керек-ті. Ал, С.Сейтенұлы шығармашылық қысқа ғұмырында (1921-1961) қазіргі, кейінгі оқырманның кәдесіне асатын талай татымды дүниелер жазып кетті. Ол қазақ әдебиеті тарихында сатира сарбазы болып қалды.

Оразбек Сәрсенбай,
жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
03 тамыз 2021 ж. 352 0