Алғыс арқалаған
Осы Рысбекті жасынан жақсы білемін. Қылшылдаған жас жігіт әскер қатарынан оралысымен аудандық ішкі істер бөліміне қатардағы милиционер болып қызметке келді. Сыптай киінген милиция формасы өзіне жарасып тұратын. Тазалықты жаны сүйетінін үнемі жалтырап жүретін аяқ киімінен-ақ аңғаруға болатын еді. Тұйық мінезі де, салмақты, байсалды іс-қимылы да, сыпайылығы мен қарапайымдылығы да, аңғарымпаздығы мен өзінше шешім қабылдауы да қатарларынан оқ бойы озық көрінетін. Ол – ант берген қызметіне адалдық жасап, жауапкершіліктің үлгісін танытты. Оның бойынан тәртіп сақшысы қандай болу керек деген сұрақтың бар жауабы табылатын. Аудан көлемінде қоғамдық тәртіп сақтауда да, қылмыс ашу операцияларында да алғы шепте старшина Рысбек Мұхтаров жүретін.
Бір қызығы Рысбектің бала күнгі арманы да әскерге бару, оның ішінде шет елдегі Кеңестер Одағының әскері қатарында болу екен. Сол бір албырт жастық шақтағы недеген патриоттық сезім?! «Мен ауылдағы алдыңғы буын ағаларымнан «Чехословакия, Германия, Польша мемлекеттеріндегі Кеңес армиясында болдым, сонда служить еттім» деген сөздерін естіп, қызығатынмын. Ол уақытта армияға бару – әр жігіттің арманы, парызы, борышы болатын. Қазіргі кейбір жастар Отанын қорғаудан қашқалақтап жүргені. «Әскер – өмір мектебі, әскер – түсінгенге үлкен тәрбие ошағы» – дейді, енді алпыс жасты алқымдаған милиция, Қазақстан полициясының ардагері – Р.Мұхтаров әңгімесін жалғастырып.
– Маған 1982 жылы Германия Демократиялық Республикасындағы (ГДР) Подздам қаласында әскери міндетімді атқару бақыты бұйырды. Өзімнің арманыма жеткендей болдым. Алғашында біздерді СССР-дің соңғы үлгідегі шыққан танкісін айдау үшін алты ай механик-айдаушы болуға үйретті. Жарты жылда бір рет сынақ тапсырамыз. Сол сынақтың бірінде Магдебург полигонында Эльба өзенінен танкімен үш рет өтіп, полк командирі полковниктің қолынан «Мақтау грамотасын» алғаным әлі есте. Әскерде қажыр-қайрат керек. Әйтпесе, әркімнен бір сөз естіп, таяқ жеп жүргенің, сондай ғой өзі деп мырс еткен Рысбек, Отан алдындағы міндетімді абыроймен екі жыл атқарып, аман-есен ауылыма оралдым. Әскерден ала келген «желім» әбден басылған соң, 1984 жылдың 13 мамыр күні Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің табалдырығын аттап, осы жерде үздіксіз 27 жыл қызмет атқарып, 2009 жылы 12 желтоқсанда ішкі істер органдарының ардагері деген құрметті атаққа ие болып, отставкаға шықтым» – деді, қазіргі Алмалы ауылдық округі ардагерлер Кеңесінің төрағасы Рысбек Мұхтаров қызықты шақтарын қимай отырғандай.
Бәрі кешегідей. Қарап отырсақ, Рысбектің өзі ата, Зәмзәгүлі әже болған. Өткен күнде белгі жоқ дейді. Неге жоқ? Өткенді айтпасақ Рысбек Өтелұлының 1963 жылы 4 қыркүйекте бұрынғы «Қызылдихан», қазіргі Ә.Тәжібаев ауылында жарық дүние есігін ашқанын, 1970 жылы осы ауылдағы №214 Ворошилов атындағы орта мектептің бірінші сыныбына барып, 1973 жылы «Жеміс-жидек» аталған, бүгінгі Алмалы ауылына көшіп келіп, осындағы №181-ші орта мектепті тәмамдағанын қайдан білеміз. Оның әкесі Өтел Мұхтаров ауылда дүкенші болса, анасы Дәнегүл Сағымбаева үй шаруасында болып, бала тәрбиесімен айналысқан. Дүниеге үш ұл, үш қыз әкелген «Күміс алқалы», көпбалалы ана болған. Ауылдың сыйлы адамдары болып, өмірден озған. Рысбек үйдің кенжесі. Аға-апалары үйлі-баранды, бір-бір ошақтың қожайындары. Әдеп-ғұрпымызда қариялар кенжесінің қолында болатыны аян. Рысбек 1987 жылы Қызылорда мемлекеттік Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтын ағылшын тілі пәнінің мұғалімі бойынша бітірген, ауылдың Айдай сұлу қызы, көршісі Зәмзәгүл Байділдаеваға үйленіп, әке-шешесінің, отбасының берекесін шалқытады. Зәмзәгүл қазір №181 мектепте жоғарғы санаттағы ұлағатты ұстаз. Пірадары екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Кезінде отбасы қамымен жоғары білім аламаған Рысбек, ұл-қыздарының бәрін оқытты. Лаура – заңгер, Динара – психолог. Айсана – дене тәрбиесінің мұғалімі, үшеуі де ауыл мектебінің ұстаздары. Ұлы Нұрсұлтан болса, аудандық ауыл шаруашылығы мекемесінде әдіскер, мамандығы – қаржыгер. Қара шаңырақтағы келіндері Гүлнара КМF банкісінде бас маман қызметін атқарады.
Рысбектің қағылез, ашаң жүзінен өжеттік пен қайсарлық, түйілген қабағынан өрлік пен ерлік сезіледі. Өйтпесе, несі полицей? Р.Мұхтаров ішкі істер бөлімінің ИВС-інде милиционер болып, сол жерден зейнетке шықты. Ол өз қызметіне лайықты білімін алып отырды. Осы жылдары Қарағанды, Атырау, Теміртау қалаларындағы милиция мектептерінде үш айлық курсын оқып, білімін шыңдайды. Дәуірлеп тұрған Кеңестер Одағы 1990 жылдары құлдырап, Горбачевтың тұсында елде қайта құру басталып, талап күшейіп, іріп-шіріген советтік режим 1991 жылы құлап тынды. Елімізде қылмыс әлемінің серкелері бас көтеріп, бір-бірімен «разборка» жасап, адам шығындары болып жатты. Тәуелсіз мемлекетімізде жұмыссыздық, ұрлық күшейіп, қылмыскерлер адам өміріне қауіп төндірді. Ауданда қоғамдық тәртіп күшейтілді. Р.Мұхтаровтай жүректі, батыл милиционерлер осындай қылмыстарды ашуға жұмылдырылды. Солардың ішінде Рысбектің есінде ұмытылмастай болып қалғаны екі қылмыстық таптың дауласып, екеуара келісе алмай, М. деген қылмыскердің Ортақшыл ауылына қатынайтын автобуста кетіп бара жатқан «Шыбыш» деген лақап аты бар азаматты артынан жеңіл автокөлікпен қуып барып, автобустан түсіріп алып, табанда атып кетіп, қанышердің 7 жылдан бері қашып, ұстатпай жүрген эпизоды еді. Сол кездегі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел қызмет жөніндегі орынбасары, милиция майоры Сәттар Қарынбаев қылмыс ашудағы Р.Мұхтаровтың мол тәжірибесін жақсы білгендіктен, қылмыскер М-ның Талдықорған қаласында болуы ықтимал деген жорамалмен оны шақырып алып, кешкі пойызға шығып кетуін бұйырды. «Сол жердегі жергілікті ішкі істер бөлімінен көмек сұра, оны таппай келме» деп қатаң тапсырады. Мақсатына жетпей қоймайтын Рысбектің «жеңгесі шығар алдынан» демекші, қалада 12 күн іздеу салып ұстап, ақырында адам өлтірген қылмыскер М-ді вагон-этаппен Шиелі аудандық ішкі істер бөліміне алып келеді. Бұл оның қылмыс ашу жолындағы ең күрделі оқиға болатын. Біржағы қызық көрінгенімен, өте қауіпті операциялардың біріне жататын қылмыс еді. Осындай ерлігі үшін старшина Р.Мұхтаров басшылар тарапынан марапатқа ұсынылады. Оның ішкі істер саласындағы көп жылғы ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Үздіксіз қызметі үшін» медальдарымен, «2 бөлімнің Үздігі» белгісімен, сондай-ақ аудандық, облыстық, республикалық дәрежедегі «Құрмет грамоталарымен» және «Алғыс хаттарымен» марапатталады.
Отставкаға шыққан соң ауыл ардагерлерімен араласып, елдің қоғамдық өміріне белсене араласады. Тірліктің көзін таба білетін, неге болса заңдылық тұрғысынан қарайтын Р.Мұхтаров ауыл ардагерлері арасында да тез абырой, беделге ие болып, 2013 жылдың қаңтар айынан бастап Алмалы ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы болып бірауыздан сайланады. Осы жерде айта кеткеніміз жөн, біздің аудандық полиция бөлімінің ардагерлер кеңесінен шығып, елге қызмет жасап жүрген үлгілі кадрлар Байсын ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ергеш Бекпенбетов, Тартоғай ауылдық округінің әкімі Досмат Сүйіндік, Бестам ауылдық округінің әкімі Файзолла Ержанов және бүгінгі кейіпкеріміз Р.Мұхтаровтар ауылдардың да, ардагерлер ұйымының да мақтанышы. Рысбек сонымен қатар бөлім ардагерлер кеңесі тексеру комиссиясының төрағасы. Ыждағатты, жауапкершілігі мол.
Жалпы ел үшін шырылдайтындар арызқой, жалақор атанып жататынына кейде күйініп кетеміз. Оған шара жоқ, түлкі заманға күліп қана мауқымызды басамыз. Қазір халық қамын ойлайтындар некен-саяқ. Қара бастарымен алысып, шапқылап жүргендер жетерлік. Ал Рысбек Алмалы ауылына ғана емес, Шиелі ауданына қажетті үлкен іс тындырған ардагерлер төрағасы. Айтайық, 2013 жылы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолынан Алмалы елді мекені оқшауланып шет қалды. Ауыл тұрғындары бір тұйықтан шыға алмады. Ауыл арқылы өтетін жол тарс жабылды. Қызық болғанда 2014 жылы қыркүйек айында бұрынғы оқушылар лагері тұсына 10 КАМАЗ қиыршық тас түсіріліп, қорымға, бейітке баратын жол да қалмайды. Төраға Р.Мұхтаров әкімдікке «ауылда бір бала қайтыс болды, оны жерлеу үшін бейітке дейін адамдар көтеріп баруы тиіс, көлік өте алмайды. Егер намазға дейін мына жолды ашып бермесеңіздер, телеарналарға хабар береміз» – деп телефон шалады. Көп ұзамай аудан әкімі мен «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары сау етіп келеді. Тас үйілген жолды итерме трактормен ашып бергізеді. Егер ардагерлер төрағасы осы талапты қоймаса, халыққа жаны ашымаса, осындай тірлікке, ерлікке барар ма еді? Тәуекелшіл Р.Мұхтаров 4-5 жылдан бері жыр болып келе жатқан жоғарыдағы елді мекен үстінен өтетін асфальт жолдың да түбіне жетті. Облыстан сайланған Парламент сенатының сенаторы М.Бахтиярұлына ауыл тұрғындары атынан хат жазды. Бұл мәселені жылда аудан әкімдері халық алдында есеп бергенде көтеріп, кейін шегінбеді. 2019 жылдың 3-ші желтоқсан күні «Тәуекел түбі желқайық, өтесіңде кетесің» дегендей, ауданнан Қызылорда облыстық мәслихатына депутат болып сайланған Райхан Ысқақоваға ауыл әкімі Әбілқасым Мәмбетовті ертіп апарып, осы жолға байланысты «соңғы үміт Сізде дегенді» жеткізеді. Халықтың мұң-мұқтажын аналық мейіріммен түсінген қарындасымыз «жылдың соңында келіп қалдыңыздар, әзірге 52 млн қаржы бөлдіретінін жеткізіп, қалғанына көмегін аямайтынын айтып, ардагерлер төрағасы мен ауыл әкімін қуанышқа бөлеп, шығарып салады.
Уақыт жылдам, зырғып өтіп жатыр. Оған да үшінші жыл болыпты. Аудан басшылары да көмек берген болу керек, жолдың жалпы құны 267 млн теңге болғанын білдік. Жолдың ұзындығы – 6,5 шақырым. Алмалы ауылының үстінен өтіп, 20-шы бекеттен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» магистралына қосылады. Халық та, жолаушылар да Ақтоған ауылы жағымен жүргендегіден мына жаңа жол арқылы 9-10 шақырым ұтады екен. Уақыт та, бензин де үнемделеді. Ал Алмалы ауылының тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Баяғы Колумбтың Американы ашқанындай, біздің Рысбек жырақта қалған «Алмалыны» ашты деп мәз. Бастысы – мәселе оң шешілді. Автокөліктер асфальтталған тегін жолмен зырылдап жүріп жатыр. Әрине, қазақ даналығында «Көп түкірсе көл», «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп айтылғандай, Р.Мұхтаровты осы мәселе бойынша қолдағандар да, «нең бар, тыныш жүрсейші» дегендер де болды. Тіпті, «Құдайыңа барсаң да, ол жол енді ашылмайды» деп әкіреңдегендер де кездесті. Бірақ Рысбек намысты ардагер екен. Кезінде онымен бірге шапқылаған, қолдау білдіріп атсалысқан ауыл ардагерлері Ибаділда Шардарбеков, Болат Әбілдаев, Арон Әбдіғаппаров, Дүйсенбек Бекмұратовтар мен осы жолдың ашылуын көре алмай дүниеден озған ағаларымыз Айтжан Құлмырзаев пен Талғат Нұрекеевтердің есімін қалайша айтпасқа.
Халық табандылық көрсетсе, ауызбіршілігі мықты болса, бір жұдырық болып жұмылса, оған көшбасшы болатын Рысбек Мұхтаровтай тегеуренді ардагерлер төрағасы иелік жасай білсе, алынбайтын қамал жоқ екеніне көзіміз жетті. Алмалы ауылдық округі ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Рысбек Мұхтаров «Ардагер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» демекші, алдағы уақыттарда да халық пен билік арасын жақындастыру, еліме, ауылыма адал қызмет ету – міндетім» дейді. Ақсақалдың сөзіне қалай сенбеске? Оның сөзі мен ісі астасып жатыр. Оған кінәрат жоқ. Ауылдарына жанашыр болатын осындай ардагерлеріміз көп болсын!
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, аудандық полиция бөлімі ардагерлер Кеңесінің төрағасы
ҚР Журналистер одағының мүшесі, аудандық полиция бөлімі ардагерлер Кеңесінің төрағасы