Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Індетке ілінген кездер көп

Індетке ілінген кездер көп

1978 жылдардағы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі, бүгіндері жасы тоқсанды алқымдап отырған академик Төрегелді Шармановтың тікелей ұйымдастыруымен Алматы қаласында Бүкіл Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының халықаралық конференциясы өткені мәлім.
Мен сол жылы «Қазақстан медицина және денсаулық сақтау тарихы мұражайында» ғылыми қызметкер болатынмын. Сол жылдан күні бүгінге дейін медицина тарихының зерттеушісімін. 1978 жылы Т.Шармановтың басқаруымен жарық көрген «Очерки по истории народной медицины» атты конференция қонақтарына таратылған жинаққа ел ішінен жинастырған, халық медицинасына қатысты емшілердің құрал-саймандарының фотосы енді. 1986 жылы Ташкентте өткен Шығыстық медицинаның ірі өкілі Ибн-Синаның 1000 жылдық торқалы тойына, Түрік елінде өткен халықаралық конференцияға қатысып, «Қазақтың халықтық медицинасының шығыстық медицинаның жалғасы», «Қазақтың халықтық медицинаның ғылыми медицинамен байланысы» деген баяндама жасағаным бар.
Қай кезде қай елдің ғалымдары болсын қандай да бір ғылымның жетістігін зерттеу ісінде өзара жарыста, бірінің бірі қол жеткен табыстарын екінші бір елдің ғалымдары мойындай қоюы күрделі мәселеге айналып отырады.
Сондай жиындардың бірінде Ташкентте Ибн-Синаның 1000 жылдығы өткен конференцияда бүкіл дүниежүзінің ғалымдары оспа (қорасан) ауруының емін қай елдің ғалымдары бірінші ашты дегенде келгенде батыстың ғалымдары мен шығыстың ғалымдары үлкен пікірталасқа түсті. Батыстың медик ғалымдары ағылшын ғалымы Эдуард Дженнер 1823 жылы ашты десе, аталмыш жиында Орта Азияның медик ғалымдары Оспа (қорасан) ауруының уытын орта ғасырларда шығыс дәрігерлерінің ем-дом жүргізгенінен Ибн-Синаның төрт томдық медициналық канондарындағы оспа (қорасанға) қатысты деректерді келтірді. Шынына келгенде ағылшын дәрігері Эдуард Энтони Дженнер 1823 жылы 26 қаңтарда сегіз жасар Джеймс Фиппса деген балаға сиыр оспасының вакцинасын егеді де ол бала оспа ауруынан аман қалады.
Соңғы айларда Қытайдың Ухань қаласынан «коронавирус» деген ауру пайда болып, ол ауру бүкіл әлемге таралып, Қазақстанға жеткені елдің есін шығарды. Ем-домын бүкіл әлем дәрігерлері іздестіріп табылғанша қай елден, оның ішінде қазақ елінен әлгі ауру қанша кісінің өмірін қияры бір Аллаға ғана мәлім. Дәріханаларда әлгі ауруға қарсы тұрарлық, алдын аларлық дәрілер табу қиынның қиынына айналды. Осы ретте Кеңес өкіметі кезінде қандай ауру болсын дәрі тапшылығы дегенді ел білген жоқ емес пе еді. Кеңес өкіметінің негізін қалаған В.И.Лениннің алғашқы декреттерінің бірі халықтардың денсаулығын сақтау барлық жандарға бірдей, дәрі-дәрмек тегін емес пе еді деген ойға қалатынымыз жасырын емес.
1986 жылы Алматы қаласының 12-ші Орталық ауруханасында ем алғаным бар. Он шақты қабат аурухананың терезесінен таңертең төменге қарасаң ауруларға тегін берілетін уыс-уыс дәрілерді аурулар ішкенін ішіп, жұтқанын жұтып қалғанын терезеден сыртқа лақтыратын. Таңертең аула сыпырушы елдің сыртқа лақтырған дәрі-дәрмегін сыпырып, шелегіне салып, алып кететіні әлі көз алдымда. Сол қалада Тәуелсіздігімізге отыз жыл толды деп бас киімімізді аспанға лақтырып жүргенімізде тегін таратылатын сол дәрілер қайда кетті? Жұқпалы індетке байланысты аз-кем тарихқа көз жүгіртсек.
«Бұхарда оқып, шығыс медицинасынан хабардар болған Ахмет Ишан Оразайұлы ел ішіндегі сол замандардағы адам өмірінің арылмас жұты – шешек ауруына қарсы күресуіне тура келеді. Ол үшін қатарлап жіпке тізілген бірнеше инені пайдаланған. Балаларға егетін вакцинаны да өзі дайындаған. Вакцина (уыт) үшін шешектің ең жеңіл «Бесқонақ» дейтін түрімен ауырған кісіден енді ғана қотырланып келе жатқан шешек қабыршағын пышақ ұшымен ептеп қырып түсіріп, қайнаған суы бар шыны құтыға салып, езіп алып, оны өзге сау балалардың сұқ саусағы мен бас бармақтары арасындағы жұмсақ етке әлгіндей инемен еккен. Ахмет ишан Оразайұлының жасаған осы әрекеттерінен кейін шешек ауруы ел ішінде жойыла бастаған».
Қазақ даласында шешек ауруына қарсы алғаш рет егу, қазу жұмыстарын жүргізгендер қожалар атанған арабтар болды. Академик С.Мұқановтың: «Орта Азияда, әсіресе қазақ арасында «әулие» саналатын қожалар бертінде қожырап, қайыр-садақа жинау, үшкіру, дем салу, баланы сүндетке отырғызу сияқты ұсақ «кәсіптермен» айналысты» (С.Мұқанов. «Халық мұрасы». Алматы, 1974 ж.) дейтін жандар осы шешекке қарсы егу жұмыстарын атқарды. Олардың санатына Бұхарда, Самарқанда діни оқу орындарын тауысқан шығыстық медицинадан хабардар болып шыққан қазақтардың өздері қосылды. Қазақстан Ресейдің қол астына қарауына байланысты Ресей жеріндегі медициналық оқу орындарын бітірген алғашқы қазақ дәрігерлері және фельдшерлерімен толықты. Ресей өзіне қарасты жерлердегі жаппай етек алған шешекке қарсы ұйымдастырған «Эпидотрядтар», «Оспопрививатели» дегендері көп іс тындырды.
Қазақ бұлардың қай-қайсысына да болсын шешекке қарсы егуіне бірден мойынұсына қойған жоқ. Шешекке қарсы егу, қазу басталыпты дегенді естіген бойда балаларын жасырып, кейде пара беріп, өз балаларының орнына кедейлердің балаларын ектірсе, кейіннен шешекке егілген балалар аман қалғандарына көздері жетіп, әлгілерді өздері іздеп барып қайта балаларын ектірген жайлар да болған.
1986 жылы Аманкелді Иманов бастаған қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілістің жетпіс жылдығына орай, Торғай өлкесін араладық. Жанкелдин ауданы, Ә.Майкөтов атындағы елді мекенде емшілікпен айналысқан кісі бар дегенді естіп, 96 жастағы Құлыбек Әубәкіров деген ақсақалмен әңгімелескенмін.
Жасының ұлғайғанына қарамастан әлгі кісі көп жайлардан хабардар етті. Аманкелді ақ патшаға және оның соғысына адам бермейміз деп қарсы тұрғанда біз ес білетін жігіт едік. «Патшаның соғысына қатысып орыстың жерінде өлгенше ақыры бір өлім екен» деп Аманкелдіге ердік.
Атбасар жақтан Әлібек Майкөтов деген кісі келіп қосылды. Мамандығы дәрігер. Ұрыс басталмас бұрын емшілікпен айналысқандарың бар ма іштеріңде деп, одан қалды емшілікке бейімі, пейілі бар мен сияқты жас жігіттерді таңдап алып дәрігерлік кәсіпке үйретті. Оларды ұрысқа кірістірген жоқ. Ұрыста жараланғандарға дәрігерлік көмек көрсетуге пайдаланды. Сынық салу, қан тоқтату, егу, қазу шараларын сол Әлібектің өзі үйретті. Әлібек еккен жердің орны деп, оң иығынан төмен қолындағы шешектен қалған кішкене ойықты көрсетті. Мен ол ойығын суретке түсіріп алдым.
Шешекке егу үшін төрт, не сегіз инені біріктіріп денеге екі-үш рет шаншитынын, алдын ала дайындап алатын уытты сол шаншыған жеріне жағатынын айтып бергені бар.
«Қазақтарда шешекпен ауырған кісі 9 күн ішінде өлсе өлді, өлмей аман қалса 40 күн ішінде өздігінен жазылады деген сенім де болған».
Қазан-ошағын, ыдыс-аяғын таза ұстап, үш баласы біздің үстімізге киген көйлек-көншегімізді күнара сыпырып алып жуып отыратын шешеміз Бибен Жүнісқызы 92 жасқа келіп өмірден өтті.
Он екі бала туып едім, атың өшкір шешек: «Не жүзіңді, не көзіңді, не өзіңді алам» деп келеді екен. Үшеуін тастап қалғанын жалмап кетті, осы үшеуін тастағанына да Құдайға шүкір деп отыратын.
Халық даналығы аса қатерлі ауру-шешекті дер кезінде анықтап, оның жаппай жайылып, кетпеуі үшін карантин жариялауы өте маңызды іс еді. Ауырған кісіні киіз үйде жеке ұстап, оған күтуші есебінде бұрын осы аурумен ауырған адам тағайындалған. Киіз үйдің төбесіне қара белгі ілініп, бүкіл ауыл көшіп кететін болған. Ауру кісі қайтыс болса, оның пайдаланған заттарын түгелдей өртеп, өлген кісіні елді мекеннен аулақ өз алдына жерлеген. Онымен қоса сол үйдің маңайы түгел өртелген. Екі-үш жылға дейін мал жаймаған, елді қайта қоныстандырмаған.

Жұқпалы ауруларға қарсы күресуде алғашқы қазақ дәрігерлері мен фельдшерлері де аз тер төкпеген
1909 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық Әскери-Медицина Академиясын алтын медальмен бітірген Халел Досмұхамедұлы жұқпалы оба ауруының ел арасына тез тарап, елдің қырғынға ұшырағанын өз көзімен көрген көрінісі жайлы қолжазба өлеңінде мынандай жолдар қалдырған:
Қуады жалған дүние адамзатты,
Тірліктің қызығы да балдан тәтті.
Көмуге жер қазушы болмаған соң,
Өлікті 150-ден отқа жақты.
Аспанға түтін шықты будақ-будақ,
Томарды карболкамен салған турап,
Иесі өліп, төрт түлік мал босқа қалды,
Ақкөлдің бақасындай улап-шулап.
Қап-қара түтін шалған зілмәңкелер,
Адыра қыр басында қалды қурап…
Сондай-ақ, мынадай деректерде қалдырыпты.
– Алла тағаланың жер жаһанға жіберген аурулары бар, бұл аурулардың бірқатары жұқпайды, бірқатары жұқпалы. Жұқпалы аурулардың көбі құрт аурулар. Бір адамның ішіне яки, қанына бір аурудың құрты кіре қалса һәм өсіп-өнетін жұғымды орын тапса, бір құрт бірнеше минутта бірнеше мың миллион болып өсіп-өніп кетеді. Бұл құрттардың көбі уын шашады, уы қанға таралып, адамды ауру қылады. Әртүрлі құрт тек өзіне тиісті сырқат береді. Кезіктің құрты кезік, Чуманың құрты шума, Обаның құрты оба қылып ауыртады. Обаның құрты кезік яки чума ауруына ауыспайды. Құрт аурулар жұқпалы дедік, ауырған кісінің қаны құртпен яки, құрттың зәһәрімен толып кетеді. Һәм ондай кісінің ішінен шыққан заттың бәрі құртты болады. Ауыздан аққан сілекей, түкірік, қақырық, құсық, мұрыннан аққан су, арттан шыққан нәжіс, сідік, қан жұқпалы болады. Аурулардың түріне қарай осы аталған нәрселердің бірінен бірінің жұқпалылығы күштірек. Өкпеден алған чуманың, көкірек аурудың нағыз жұқпалы заты адамның демінде, қақырығында болады.
Қазақта науқастың көңілін сұрайтын әдет бар. Сырқат кісінің көңілін аулаған жақсы десек те, жұқпалы аурулардың көңілін сұраймын деп қасына бару жарамайды. Көңіл сұраушыларды науқасқа қатынастырмау аурудың жақындарына міндет. Көңіл сұраушылар науқастың һәм мазасын алады, оның үстіне өздеріне-өздері ауру жұқтырып алуға себеп болады. Жұқпалы аурулы кісі жатқан үйді тазалатып, бұхырлап алу керек. Бұхырлап алу дәрігерсіз қазақ қолынан келмейді. Қазақ қолынан келетін нәрсе үйдің терезесін ашылып, есігін ашып, бір жұмадай бос қою керек. Сонда жел һәм таза ауа кіріп, үйді тазартады.

Чума қандай ауру?
Чума – жұқпалы аурудың ішінде ең жұқпалысы. Ауруы тез жұғып, тез өлтіреді. Оған ем жоқ. Қойға тиген топалаң қандай болса, адамға да чума сондай.
Чума – ертеден бар ауру. Айсадан 435 жыл бұрын гректің Фокидет деген адамы елінде болған бір індеттің белгілерін жазып кеткен. Тексергенде бұл чума болып шығады. Фокидеттің сөзіне қарағанда, бұл індет Абессиниеден (Хабашстаннан) басталып, Мысырға, Персияға жайылып, грек жеріне келіп, он жылда өлім дерегін көбейткен.
Сол заманнан бері он, жиырма жылда бір рет жер жүзінде чума ауруы білінеді. Жүрген жерінде елді қырып кететін.
Он төртінші ғасырда чума Еуропаның ішіне жайылған. 1346 жылда басталған чума Еуропаны 36 жыл кезген. Чумадан Еуропа елінің төрттен бірі қырылған. Италияның жалғыз Флоренция қаласында 1348 жылы тоқсан алты мың, 1359 жылы жүз мың адам өлген.
ХІІ, ХVIІ, ХVIІІ ғасырларда чума Еуропаның әр жерлерінде де болған. 1912 жылы Мәскеуде чумадан жүз жиырма жеті мыңдай адам өлген. Италияның Милан деген қаласында 1923 жылы 86 мыңдай адам қырылған. Ал, Венецияда сол жылы 45 мың кісі қырылған.
Аурудың аз болуына не керек? «Чума қандай ауру? «Одан қалай сақтану керек?» атты деректе Кронштад әскери фельдшерлер дайындайтын оқу орнын бітірген Міржақып Дулатов та ел ішіндегі жұқпалы індеттің алдын алу жөнінде Х.Досмағамбетовтен қалыспаған.
1798 жылы Англия халқының оқымысты адамы «Жинир» деген шешекті егудің ғылымын тапты. Жазып, өзінің халқына түсіндіре бастады. Сиырға шығатын шешек адамға да жұғады. Сол себептен сиырға шыққан шешектің суын адамға егеді. Күні бұрын ауырмай тұрып еккеннен қандай зор пайда боларын біздің қазақ та енді түсінген шығар:
Немістің Роберт Кох деген бір оқымысты адамы 1883 жылы оба құртын тапқан. Сонан соң обадан сақтанудың жолы табылды. Қандай дәрілермен оның құртын өлтіруге болатынын білген соң, өнерлі Еуропа халқының арасына оба деген ауру тіпті кірмейтін болды.
Чума деген жұқпалы жаман аурудың құрты 1894 жылы анық табылды. Бірақ бұған қарсы дәл дұрыс ем әлі болмай тұр. Бұл чума адамға әрбір аңнан жұғады. Әсіресе, Сасық күзен сияқты аңдардан жұғады деп айтады. Чума қазақ жерінің біразында көптен бері зәрін шашып, талайдың басын жұтып келе жатқан ауру. Чумадан асқан жаман ауру жоқ.
Деректерге сенсек, Чума Орал губерниясында 1904 жылы басталды. Сол жылы Сарайшықта 406 адам өлді. 1907 жылы Қызыл-молада 11 адам өлді. Жымпитыда 1909 жылы 218 адам, 1910 жылы 5 адам, 1911 жылы 14 адам, 1912 жылы 55 өлді. Князь ауданында 1913 жылы 405 адам, 1914 жылы 17 адам өлді деген жазбалар бар.

Өтеген ӘБДІРАМАН,
Медицина және денсаулық сақтау тарихын зерттеуші, тарихшы-этнолог
23 шілде 2021 ж. 391 0