Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тақырдан бау, алмадан тау тұрғызған

Тақырдан бау, алмадан тау тұрғызған


Алма десе Алматы, Алматы десе алма апорты көзге де, құлаққа да жылы естіліп, егіз ұғымдай саналатын. Құдды басқа жерде алма өспейтіндей. Алайда алманы тек алматылықтар өсірмейтінін іштей бәріміз білеміз. Ал Шиеліде қазір алма десе арақсыз ауылдағы жанашыр жан Әлияр ағай көптің көкейінде тұрады.
21 бекеттегі Р-7 245 каналының су тоспасына алма ағашын егіп, одан өнім алып отырған Әлияр Сейітовтің еңбегі зор. Отбасымен су шаруашылығында еңбек еткен Сейітовтер әулетінің барлық еңбек жолы 100 жылдан асады. Атап айтар болсақ, атасы Сейіт Омаров – бағбан, әкесі Мұхамедияр Сейітов – ҚазКСР-інің еңбегі сіңген гидротехнигі, анасы Базаркүл Ахметова – бағбан, қарындасы Камила Сейітова – инженер-гидротехниг, ұлы Әбдіуәли Сейітов – обылыстық Рембот мекемесінде шебер болып жұмыс істейді. Ал кейіпкеріміз Әлияр Сейітовтің су шаруашылығындағы еңбек өтілі 42 жыл. Аға инженер-гидротехниг болып еңбек еткен жанның арман-мақсаты – «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұстаным бүгінгі ісіне жетелеген. Бір кездегі 0,5 га аумағын алып жатқан сортаң, кебірге алма ағашының төрт сортын егіп, өнім алып, еңбегінің жемісін көріп отыр.
Аға инженер-гидротехниг Ә.Сейітовке бұл идея 1983 жылы келген. Яғни, осы жылы ол облыстық су комитетінің бұйрығымен Өзбекстанның Бекабад қаласына іс-сапарға барады. Сонда көрші елдегі ағайындар әр су тоспа бекетіне гүл мен алма ағашын еккен екен. Содан «бұл жақсы идеяны бізде неге іске асырмайыз» деген ойға шомады. Көп ойланбастан «Үлкен адам болу үшін ғаламда, Үлкен арман болу керек адамда» деген М.Шахановтың сөзін өзіне мақсат тұтып, көрші ағайындардан «гвоздика» және «планская роза» гүлдерін әкеліп отырғызады. Жұмыс барысында 4 учаске басқарған Ә.Сейітов 4 учаскіге де гүл мен түрлі ағаш көшеттері мен алма ағашын егеді. Әрбірден соң ішкі түйсік мұнымен тоқтап қалғанын қаламайды. Арманы үлкен алма бағын егіп, саясында демалып, жемісін үлестіру және үлгі бола жүріп, жастарды еңбекке баулу еді. Арманға жетелейтін мақсат оны 2014 жылы Түркістанның Бірлік ауылынан 160 түп алма ағашын өз қолымен қазып, 2 сорт жаздық, 2 сорт күздік көшетін алып келуге жетелейді. Көшетті 3 жыл қатарынан 2014, 2015, 2016 жылдары белгіленген жерге 100 процентке егеді. 5 жыл өткен соң бағып-қағып күткен ағаштар өнім береді. Қазіргі таңда, су тоспасының жанында крепсон, белый налив, голден, конфетка аталатын алма ағаштары жайқалып, өнім беріп тұр. Мұнан бөлек, гүлзар бағы бар. Жалпы, баққа қарайтын тек Ә.Сейітов емес, жанында Қаратай Мырзахметов, Жүніс Искаков, Нұртілеу Ходжабековтер де бақтың суын, топырағын уақытылы беру арқылы бабын жасап жүрген еңбеккерлер.
Бақтың қазіргі пайдасы жақын жердегі ауыл тұрғындарына сая болуымен қатар тәтті алмасы, жұпар иісті гүлдері тұрғындардың қуанышына себепкер болуда. 1 қыркүйек – Білім күнінде оқушылардың мектепке әдеттегідей емес, ұстазына гүл шоқтарымен, қуанышты шат күлкімен жол тартатыны белгілі. Бұл турасында кейіпкеріміз былай дейді:
– Әлеуеті жеткеніне қарай түрлі гүл бумаларын ұстап, мәз-мейрам болатын балаға гүл алып беретін қаражаты жетпей қалатын жанұялар бар. Оны бүлдіршіндер түсінбейді ғой. Мектепке асығып, ұстазына гүл шоғын сыйлағысы келетін бүлдіршіннің кіршіксіз аппақ көңіліне дақ түспесе екен. Сол үшін барымызды салып, аумақтағы Жансейіт, Алмалы, Тоғайлы және 21 бекет бүлдіршіндері – 1 сынып оқушыларына тегін гүл шоқтарын таратамыз. Одан кейін күзде гүлдің ұрығын тегін береміз. Бұл ісіміз біреуге үлгі, өзімізге сауап, ал бүлдіршіннің риясыз қуанышын көру бір ғанибет!,–дейді Ә.Сейітов.
Әлияр Сейітовтің айтуынша, «Бұл іс әрі үлгі, әрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын іс болуы керек. Өзімізден шыққан өнім таза табиғи жеміс. Ешқандай қоспасыз өсірілген өнімді өсіріп, тұтыну қажет. Сонда ауызбіршілік те мықты болады, балалар да еңбекқор болып өседі.
Айналаның көрінісі құдды суретшінің шебер туындысы секілді. Көзге қуаныш, көңілге жұбаныш сыйлайды. Жағалай өскен алма ағашының бұтағы жерге иіліп, бастарын әрең көтеріп тұр. Осы көріністі сырттай тамашалап тұрған Ә.Сейітовтің жүзінде еңбектің тәтті екенін ұғындыратын әжім нышаны байқалады. «Атасынан мал емес, тал қалсын», еңбегіміз ұрпаққа берер үлгі-өнеге болсын, әрі табиғатқа қосқан үлесімізді көріп масайрап жүрейік, басты мақсат осы» деп білетін Ә.Сейітовтің еңбегі орасан.

Ақбота Баянбай
20 шілде 2021 ж. 523 0