Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұрттың әйелі неге сұлу?

Жұрттың әйелі неге сұлу?

Ойлап қарасақ қыздардың өміріндегі ең биік шыңы – тұрмысқа шыққан кезі. қазір көпшілігі осындай оймен жүреді. Тікелей болмаса да, түп негізі осы ойға келіп тіреледі. Өмірлік серігімен мәңгілік серттескен соң, бойдақ күндегі сұлулықты шетке ысырып саламыз. Иә, оған себептеріңіз де бар. Балаға қарау, үй шаруасы, тамақ істеп, кір жуу сынды сан түрлі тірлік тұрғанда боянып отырғаным кімге керек дерсіз. Бірақ, әдемілік бес тонна ­бояу­­мен өлшенбейді. Тек жолдасыңыздың алдында шашыңызды түзеп, әтіріңізді сеуіп тұрсаңыз да жетеді.
Жасыратыны жоқ, қыз күнінде бәрі жақсы... Қыздар бар əдемісін үстіне киіп, иіс суын себініп алып көшеге шығады. Содан кейін кімнің көзі түспейді? Ағының да, қарасының да көзі əлгі қызда. Хош, оған еш қарсылығымыз жоқ. Бір айтқыш апамыз «Еркектер біздің көрерменіміз» деген екен. Ал, көрерменнің алдына дайындықсыз шығуға болмайды. Бұл күндері ажырасудың маңызды себебіне айналған бір түйіткіл еркектің өзге әйелге кетіп қалуы.
Жұрттың әйелі сұлу болмай қайтсін? Бар қызығы енді басталды. Əлгі жас кезінде сұп-сұлу болып жүрген қыз, тұрмысқа шыққаннан кейін бордай тозданып кетеді. Неге? Себебі, ол шыңға шығып алды. Яғни, тұрмыс құрды. Болды, оған енді еш нәрсе керек емес. Тағы бір пəлсапа – «адам жетілдім деген кезде, миы тоқтайды» қысқаша, рухани да, басқа да тоқырауға ұшырайды. Кейбір тұрмысқа шыққан қыздар «тиетін жігітке тиіп алдым, енді кім үшін әдеміленемін» деп ойлауы мүмкін. Өйткені, ол жетістікке жетіп алды.
Жалпы, қыз-келіншектер біреуге ұнау үшін боянады дейді психологтар да. Алайда, бірге тұрған ерлі-зайыптылар уақыт өте бір-біріне назар аударуды ұмыт қалдыра бастайды екен. Себебі, Абайша айтсақ, «адамның бір қызығы бала деген». Сол баланың қамын күйттеген әйел, еріне де баласы секілді қарай бас­тайды. Сыртқа шығарда ғана боянып, үйге келгенде әбден тозығы жеткен киімін үстіне іле сала, бар сұлулығын сумен шайып­ тастайтын әйелдер жайлы әзілкеш Тұрсынбек Қабатов «Сонда анау күйеудің не кінəсі бар деймін да» деп жеткізген еді. Бұл ерлердің көзқарасы.
Түзге тотыдай таранып, үйде әбден жүнжіп жүрген әйелін көрген ер-азаматта да «қызғаныш», «түсінбеушілік» пайда болады екен. Статистика бойынша елде ажырасу пəленбей пайызға өсіп кетіпті дейді. Нақты айтып шошытпай-ақ қояйын. Көп себебінің бірі – осы қызғаныш пен түсініспеушілік.
Жалпы, әйел адамның үйдегі әдемілігі жайлы хадисте бар. Əйелдің күйеуіне сүйкімді көрінуі де маңызды. Бұл міндет шариғатта əйел адамға уəжіп деп айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мұсылман жақсы көреді, өзі де жақсы көріледі. Жақсы көрмеген жəне жақсы көрілмеген адамдарда қайыр жоқ», – деп айтқан. Келесі хадисінде: «Жақсы көрген, жақсы көрілген жəне көп бала туатын əйелге үйленіңдер» – деп, өз ұнамдылығын жоғалтпай, сүйкімділігін сақтай білетін əйелге үйленуді өсиет еткен.
Бұрын қазақ отбасында, күйеуі сырттан тамағын кенеп үйге кіріп келе жатқанда, баламен арпалысып отырған ақылды əйелі, етек жеңін жинап, шашын ретке келтірген деседі. Міне, осының өзі үлкен тəрбие. Керемет сыйластықтың белгісі. Күйеу – əйелдің жəннаты. Жəннаттарыңызға абай болыңыздар!

Гүлнәр Дүйсебай
13 шілде 2021 ж. 378 0